Мән-жайды түсінгендер ЦОН-ға келіп, тіркеліп жатыр

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстан Республикасының экстремизм мен лаңкестікке қарсы кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы күшіне енді. Заңдағы осы өзгеріске орай, ендігі уақытта азаматтар тұратын жерінде уақытша тіркелуі тиіс. Егер тіркелмеген жағдайда, айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Заңдағы жаңа талаптар белгілі болысымен, еліміздің үлкен қалалары Астана мен Алматыда және облыс орталықтарында халыққа қызмет көрсету орталықтарына ағылғандар қатары көбейді. Адамдардың шектен тыс көп келуі қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесін өзгертіп, үзіліссіз, демалыссыз 12 сағаттық жұмысқа көшуіне мәжбүрлеген. Осы орайда, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жаңа заң бойынша түсінік жүргізіп, қызмет көрсету орталықтарындағы қалың кезекті жою жөнінде құзырлы органдарға арнайы тапсырма берді. Біздің облысымыздағы жағдайды білу мақсатында облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон полициясына хабарласқан едік. Бүгінгі күнге дейін облыс аумағындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарына 7127 адам  келсе, олардың 5705-і тіркелуге байланысты мәселемен келгендер екен.  Олардың 3361-і  тұрғылықты орындарында тұрақты тіркеуге тұрса, 2344 адам уақытша тіркелген. Заң күшіне енген алғашқы күндерде орталыққа келушілер қатары көп болғанмен, соңғы кезде біршама кеміген. Көші-қон полициясының мәліметінше, қазір халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы бірқалыпқа түскен. Орталықтар таңғы сағат 8-ден кешкі  20-ға дейін үзіліссіз жұмыс істеуде. Бір адамға қызмет көрсетуге 10-20 минут уақыт кетеді екен. Алғашқы күндерде келіп тіркелгендердің көбі үйлерін жалға берушілер мен жалға алып тұрушылар, –  дейді көші-қон полициясының өкілі.
Кейбір әлеуметтік желілерде жазылғандай, полиция қызметкерлерінің тұрғындарды жаппай тексеруі орын алып жатқан жоқ. Қолданыстағы заң бойынша, уақытша тіркелмеген азаматқа алдымен ауызша ескерту жасалады, содан кейін жазбаша ескертіледі. Жазбаша ескертуден кейін бір ай мерзімде тіркелмеген жағдайда әкімшілік жауапқа тартылады. Қазіргі күнге дейін облыс аумағында уақытша немесе тұрақты тіркеуі жоқ адамдардың әкімшілік жауапқа тартылу оқиғасы болған жоқ.
Көкшетау қаласының халыққа қызмет көрсету орталығында болып, қазіргі жағдайды өз көзімізбен көрген едік. Орталық қалыпты жағдайда қызмет көрсетуде. Халық бар, бірақ, соншалықты иін тіресіп кезекте тұрғандар жоқ. Кезекте тұрған бірер адамды арнайы сөзге тарттық.
Сандуғаш Есеней, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің магист-ранты:
– Уақытша тіркелуге байланысты заңдағы өзгерістер жұртты әбігерге салғаны рас. Мәселен, менің құрбыларымның көбінің тұрақты мекен-жайлары жоқ. Жатақханада немесе пәтер жалдап тұрады. Енді осыған байланысты уақытша тіркелу қажет. Алайда, өз басым уақытша тіркелуге қарсы емеспін. Себебі, бұның бәрі біздің қауіпсіздігіміз үшін жасалып жатқан шаралар. Шет елдерде де осындай тәжірибелер бар екен. Өзім қазір тұрып жатқан жатақханаға тіркелмекпін.
Айжан, №2 Көкшетау қалалық ауруханасының қызметкері:
– Мен қалада тіркелгенмін. Бірақ, қазір жалдап тұрып жатқан пәтерімде тіркелмеген едім. Сондықтан, пәтер қожайынымен келісіп, уақытша тіркелуге келдім. Адамдар онша көп емес екен. Жарты сағатта тіркелетін шығармын деп отырмын.
Міне, азаматтардың тұратын жерінде уақытша тіркелуі жөнінде әзірге біз анықтаған жағдай осы. Кез-келген жаңашылдық немесе өзгерістің әу баста белгілі бір қоғамдық пікір туғызбай қоймайтынын ескерсек, бұл мәселеде де  бәрі қалыпқа келеді деген ойдамыз.

Қалкөз Жүсіп.

Суретте: облыстық халыққа қызмет көрсету орталығына келушілер.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар