Дінмұхамед Қонаев және Атбасар елі

«Мен тәңірі сыйға тартқан біраз жасқа келдім. Жақсылықты да көрдім, жан ауыртқан күндерді де бастан кештім. Ол менің ғұмырым. Ат жалын тартып мінген азамат кезден алдыма қойған бар арман, бар мақсат елмен еншілес болды, халқым.

Соған қызмет еттім, аманатыңа адал болдым. Біріншіден, үрейден аулақ болайық. Сенім жоғалмасын. Қиыншылық деген қиюы келмейтін іс емес. Жұмыла көтерейік. Екіншіден, тату үйге тақсірет жуымайды. Бірлігіңе ие бол. Үшіншіден, өзіңе жақсылық тілесең, өзгеге жамандық қылма» деп жазған еді өзінің «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітабында аса  көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ағамыз. Ұзақ жылдар бойы Қазақ Республикасын басқарып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан үлкен деңгейге көтерген ірі тұлғаның туғанына биыл 12 қаңтарда 105 жыл толды.

 

Иә, ұлы жанның жоғарыда айтылған  сөздерінен  бойыңа қуат аласың.  Қазіргі заманда ондай ағаларымыздың азайып  бара жатқанына кейде налисың. Осындайда мына жұрт Дінмұхамед Қонаевтың киелі Атбасар жеріне күйеу бала екендігін біле ме екен деген де ой келеді көңілге.  Алдыңғы буын ағаларымыздың ай-туынша, Дінмұхамед Ахметұлының сүйікті жары Зуһра Шәріпқызы атбасарлық татар қызы екен.
Қанша іздестіріп, сұрағаныммен,  Зуһра апайымыздың арғы шыққан тегін бұл жақта ешкім таратып айтып бере алмады. Ертеде ішкі Ресейден бірсыпыра бай татар көпестері Атбасарға қоныс аударыпты. Олар ағаштан үй, мешіт салған. Сол татарлар салған  мешіт күні бүгінге дейін бар. Соған қарағанда, Зуһраның аталары ауқатты татар көпестерінің бірі болса керек.  Сонау 1927 жылдары  бай-шонжарларды қудалағанда, жер аударылып, бұл өңірден оңтүстік жаққа кеткен.
Дінмұхамед Қонаев туралы Атбасар ауданының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабыржан Кенжебаевтан сұрағанымда, ел мен жерге байланысты біраз әңгіме тиегін ағытты. Көзі ашық, көкірегі ояу Сабыржан аға әсіресе, Зуһра Шәріпқызын қалай көргені жөнінде бір сырдың бетін ашты.
– Ұмытпасам, 1972-1973 жылдардың тұсы болуы керек. Ол кезде №51 жол құрылысы басқармасында прораб болып жұмыс істейтінмін. Бір күні Ермағанбет Оспанов деген жасы  сексеннен  асқан ақсақал хабарласты.  «Оразбек Сұлтанұлы бір бұйымтай айтты,  сен көтергіш кранды және қасыңа үш-төрт жігітті  алып, ертең ертемен зират басына келетін бол» деді. Оразбек Қуанышев сол жылы облысқа екінші хатшы болып жоғарылап кеткен еді. Содан не керек, айтқандарының бәрін ескеріп, белгіленген уақытта зират басына бардық. Үлкен қара жақұт тасты ұқыптылықпен көтеріп, іргесін бекітіп құйып, бейіттің басына орнаттық. Тасты орнатып бола бергенде әдемі киінген, жастары елуден асқан екі әйел қоңыр түсті «Волгадан» түсіп, қасымызға келді. Тасты қойысқан орыс жігіттері кетіп қалды да, мен және Ермағанбет ақсақал құран оқып, зират басына келген әйелдермен бірге қол жайып, бетімізді сипадық. Жаңағы келген әйелдердің бірі – Демекеңнің жұбайы Зуһра апай, екіншісі Оразбек Қуанышевтың  жары  екенін кейіннен естіп білдім.
Құлпытасты кімнің басына қойғанын осы күні анық айта алмаймын. Ата-анасына ма?..  Үлкендер жағы ол жерде Зуһра Шәріпқызының ағасының сүйегі жатыр, офицер болған екен, сонау ақ пен қызылдың аласапыранында  атып өлтіріпті дегенді де айтып жүретін.  Ол уақытта заман, қоғам басқа, дінге деген көзқарас та қатал еді ғой. Зуһра Шәріпқызының құпия, жасырын түрде келіп-кетуіне қарағанда, осындай бір себептердің де әсері болған сияқты.  Біз де жас болдық, көңіл аударып мән бермедік, бүге-шігесін қариялардан қазбалап сұрамадық. Бірақ, олай-бұлай өткенде Зуһра Шәріпқызының Атбасардағы төркіндеріне келіп жүретінін еститінбіз. Ағайын-туыстары осы жерден болғандықтан, жақын-жуықтары, жамағайындары күні бүгінге дейін осы  Атбасарда тұрып жатыр, –  дейді Сабыржан аға. Осыдан кейін біз көлікпен мұсылман зиратының басына барып, сол құлпытасты іздедік. Далада қар қалың. Омбылай жүріп отырып моланың басына жеттік. Қабірді қалың қар басып жатқанымен, орнатылған кісі бойындай жақұт тастағы жазу анық көрінеді. Ескерткіш бетінен «Дорогим родителям Шариф Хусаиновичу и Бадигул-Жамал Шарифовне Ялымовым от детей. 1973 год» деген орысша жазуды оқыдық. Енді бәрі белгілі болды. Бірі Зуһра апайдың әкесі, екіншісі анасы болуы керек деген берік тұжырымға келдік.
«Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» деген сөз ел арасында бекерге айтылмаған. Қалай дегенде де, тамыры тереңге кеткен Атбасар елімен көрнекті қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың тағдырының сабақтасып жатқаны ақиқат. Сол себепті, туғанына 105 жыл толған айтулы күнге орай, осы бір жайды оқырман қауым да біле жүрсін деген мақсатта қолымызға қалам алдық.

Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ.
Атбасар ауданы.

Суретте: Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев және
Оразбек Сұлтанұлы Қуанышев Атбасар жерінде.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар