Қазақтың өршіл ұлы

Кезінде Ақмола облыстық атқару комитетінің төрағасы, Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған белгілі мемлекет және партия қайраткері, жазушы Қасым Аппасұлы Тәукенов өзінің «Түріктерге тағзым ет» деген кітабында поляк революционері, саяхатшы А.Янушкевичтің айтқан пайымын келтіре кетіпті. «Егер жер шарының әр түкпіріне қазақ ұлтын тең бөліп орналастырса, онда осы ұлттың қонақжайлылығының арқасында бүкіл ғаламшарды бір тиын да шығындамай аралап шығуға болар еді», – деген екен ол.

Бұл шын мәнінде оның жұмыр жер бетінде қазақтан артық қонақжай, қазақтан асқан кең пейілді халықтың жоқ екендігін меңзегені. Қаймана қазақтың бойына қайырымдылық, ізеттілік, жомарттық пен қонақжайлылық ежелден дарыған. Кешегі кеңестік құйтұрқы саясаттың, сталиндік зұлматтың кезінде Қазақстанға еріксіз, күштеп жер аударылған көптеген ұлт өкілдері қазақтардың қамқорлығының, бір үзім нандарымен бөліскендігінің нәтижесінде аман қалған жоқ па? Олардың қазақтарға деген ризашылығы шексіз. Қазіргі кезде ұрпақтары да Қазақстанды өз Отандарына балап, жергілікті ұлт өкілдерімен тонның ішкі бауындай араласып кеткені содан.
Осындай жаны жомарт, қайырымдылығы мен кісілігі мол азаматтардың қатарына Көшербай Әміреұлын да жатқызуға болады. Атымтай жомарт секілді маңайындағыларға үнемі қамқорлық жасауға дайын тұратын осынау тұлға туралы Ақмола өңірінің көнекөз қарияларынан тұшымды әңгімелерді көп  естуге болады.
Кешегі сталиндік зұлмат, отыз жетінің нәубеті туралы том-том кітаптар жазылды. Сол кездері қазақ даласында, тіпті бүкіл елімізде тауқымет тартып, қасірет шекпеген отбасы кемде-кем шығар?! Бүкіл кеңес елін шарлағанымен, құба жондағы қазақ ауылдарына өзгеше жеткен нәубеттің қара бұлты қайғы арқалатып, жүректері шерге толған жандар аз ба? Олардың біразы әлі арамызда жүр. Олар сол сұм заманда жазықсыз жапа шегіп, атылып кеткен әкелерін, аға бауырларын аңсайды. Арада қаншама жылдар өтсе де, сол қайғыны арқалап жүрген адамдардың жүректері жаралы, көңілдері пәс.
Сол бір отыз жетінші жылдың ойранын еске алып отырсақ, жағылған жаланың көбі ұлтшылдық төңірегінде екен. Сондағы таққандары «Пәленше пәлендей сипаттағы ұлтшылдық ұйым құрған немесе сол ұйымның мүшесі болған. Төңкеріс ұйымдастырғысы келіп, осы іске ұйтқы болған» деген тәрізді айыптар. Осындай көпе-көрнеу айыптаулар мен нақақ жаладан қаншама боздақтар құрбан болғаны бір Аллаға ғана аян.
Ал, енді сол ұлтшылдық деген ұғым бертін келе басылып, саябырланды ма? Жоқ, әрине. Ресейлік шовинстік саясаттың шоғы кейін де бәсеңсіген жоқ. Кезі келіп қалғанда әлі де бас көтеріп қояды. Елі үшін адал еңбек етіп жүрген білімді, зиялы азаматтардың аяғынан шалу саясаты тың игеру жылдары, одан кейін де үстемдігін жүргізгенін білеміз.
Көшекең 1949 жылы Ақмола облысының Вишнев (қазіргі Аршалы) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде жүргенінде, өз қызметтеріне жауапсыз қараған орыс ұлтының бірнеше өкілін қызметтерінен босатып, олардың орнына қолынан іс келетін 2-3 қазақ азаматын жұмысқа алғаны үшін «ұлтшыл» деген айып тағылып, облыстық партия комитетінің бюросында талқыға салынады. Не керек, жоғары жақтағылар сол қудалағаннан соңына шам алып түсіп, ақыр соңында партия қатарынан шығарып, қызметінен кетіріп тынады.
Көне көздердің айтуынша, сол Көшекеңнің егер алда-жалда қолым лауазымды қызметке жете қалса, еліме, жеріме, халқыма адал қызмет етермін-ау деген серті бар екен. Ол осындай талапты қарамағында қызмет еткен азаматтарға да, тіпті, балаларына да қойып, оны қалай жүзеге асыру жа-йында үнемі ой бөлісіп отырған көрінеді. Жаны жайсаң осы бір азамат тек өз ұлты ғана емес, өзге ұлттарға да қамқорлық жасап, түріне, тіліне қарамай, бәрін де бауырға тартып, көп жақсылық жасайды. Ешкімді бір-бірінен алалап, бөлген емес. Сол үшін  өз ана тілімен қатар, орыс тілін де жетік меңгереді.
Солақай саясат қажытқан, өз болмысына соның әсері тиген кей кездері үлкен ойдың үстінде отырып, жанындағы сенімді адамдарының көзінше өз-өзіне сұрақ қояды екен:
– Кеше сен қандай едің, елің үшін адал қызмет етем деген ұл едің…
– Кеше сен өз тегіңді, шежіреңді толық білген өз ұлтыңның өкілі  едің…
– Күні кеше сен өзгеге өзегіңді жұлып беруге даяр едің. Ал, қазір қандай күйге түстің?
Иә, ол осындай орыстық шовинизмнің Қазақстанда өршіп бара жатқанын  жан-тәнімен  терең түсінетін.
– Қазақтар отыруға тиіс төрдің көбінде өзгелер отыр. Қазақ өз жерінде төменшіктеп, босағада қалып барады, неге?..
Шын мәнінде осылай екендігіне көз жеткізген адамның, өз ұлтын шексіз сүйетін, құрметтейтін азаматтың жүрегінде намыс оты оянбай ма? «Итің жаман екен дегенде өлгенім-ай» депті бір қазақ. «Ерді намыс өлтіреді» деген де сөз бар. Әдетте елін, ұлтын  ойлаған жігерлі азаматты орынсыз, жазықсыз айыптаған сөз, көпе-көрнеу өтірік жабылған жала өлтіреді. Сол лаулаған намыс оты Көшекеңді де ұлттық намыс, руханият майданындағы күрескерлікке апарған.
Осы жолда қудалауға түскенде,  тәуекелге бел буып, шындықты жайып салмаққа Мәскеуге бармақшы болады. Коммунистік партияның моральдік кодексіне адал Көшербай Әмірәлин Сталин аудандық (қазіргі Ақкөл) партия комитетінің екінші хатшысы, кейін Вишнев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болса да, артық жиған-тергені жоқ екен. Сондықтан, әкесінің қорадағы сиырын сатып, жол қаражатына соны жұмсап, Кеңес Одағы басшыларының бірі  В.Молотовтың қабылдауына
легеді.
В.Молотов Қазақстаннан ат арытып келген азаматты байыппен тыңдап, құжаттарымен танысып, бір сағаттай әңгімелескен соң «ұлтшыл» деген айыпты алып тастап, қағазына «партиялылығы қалпына келтірілсін» деп белгі соғып береді. Елге келген соң Көшекең партиялық билетін қайтып алады. Әйтсе де, саяси жұмыстардан шеттетіліп, тек шаруашылық жұмыстарына ғана қолы жетеді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ұлтымыздың зиялылары – халқымыздың қиядағыны шалатын қырағы жанары, қоғамымыздың әділ қазысы», – деп осы Көшекеңдей өр намысты азаматтар жайлы айтса керек. Сондықтан, біз де осы мақаламызда еліне елеулі еңбегі бар белгілі партия ардагері  Көшербай Әмірәлиннің өр намысты тұлғасын кейінгілерге қолымыздан келгенше таныстырып өтуді жөн көрдік.
Ел тәуелсіздігінің ширек ғасыр мерейтойы күндерінде осы тәуелсіздікті арман еткен, аңсаған ағалар рухы алдында бас игеніміздің  еш артықшылығы болмас.

Нәбиден ТІРЖАНОВ,
еңбек ардагері.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар