АУЫР ҚЫЛМЫСТАР МЕН ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫ АЗАЙЫп ОТЫР

Мемлекет басшысының  «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының  30-қадамын жүзеге асыру шеңберінде былтырғы жылдың 1 қаңтарынан бастап жер-жерде жергілікті полиция қызметі құрылып, жұмысқа кіріскен еді. Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және халық алдында есепті бұл орган белең ала түскен қылмыс пен заң бұзушылықтың жолын кесіп, алдын алуға оң ықпал етеді деген ниетпен құрылғаны белгілі. Өткен жылдың қорытындысы жергілікті полицияның өздеріне жүктелген ауыр да жауапты міндетті ойдағыдай орындап отырғанын көрсетеді.

 

Өткен жылы  бірқатар қылмыс түрлерінің бұрынғы жылдармен салыстырғанда  кемігені байқалады. Кісі өлтіру 40,7 пайызға, зорлау 28,7 пайызға, бопсалау 33,8  пайызға, бұзақылық 23,2 пайызға, қарақшылық 45,8 пайызға, ал, жол апаттары  6 пайызға төмендеген.  Мұндай ауыр қылмыстар мен заң бұзушылықтардың бұрынғы кезеңмен салыстырғанда азаюының өздігінен келмегендігі, құқық қорғаушылар тарапынан жүргізілген мақсатты жұмыстардың жемісі екендігі анық.
2016 жылы 169351 әкімшілік құқық бұзушылық фактілері ашылды. Сөйтіп, әкімшілік құқық бұзушылық оның алдындағы жылмен салыстырғанда 3236-ға көбейе түсті. Әкімшілік жауапқа тартылғандардың қатарында 9 мыңнан астамы қоғамдық орындарда арақ ішіп тәртіп бұзғандар,  2 мыңдайы бұзақылық  жасағандар. Сонымен бірге, белгіленбеген орында темекі шеккен  3 мыңдай адам, көпшілік орындарда жұрттың мазасын алған  604 адам және көше тазалығын сақтамағаны үшін 5 мыңдай адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.   
Жергілікті полиция қызметі қоғамдық ұйымдармен, оның ішінде «Нұр Отан» партиясы белсенділерімен тығыз байланыста жұмыс жүргізуде. Жыл басынан бері қоғамдық бірлестік өкілдерімен бірге «Мен қарсымын!», «Тәртіпсіздікке нөл төзімділік» сияқты акциялар өткізіліп, қоғамдық орындар мен көшеде заң бұзушылықтарға жол бермеу бағытында көптеген шаруалар атқарылды. Бір қарағанда, темекі тартып, тұқылын кез келген жерге лақтырып кетудің оншалықты залалы жоқ сияқты көрінгенімен, мұның өзі көше тазартушылардың еңбегін сыйламау болып табылатындығы және көше тазалығына зиянын тигізетіні кім-кімге де түсінікті жай. Өркениетті қоғам құрамыз десек, мұндай келеңсіздіктерге жол беруге болмайды. Атап өтерлік жай, бұл бағытта жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде осындай тәртіп бұзушылықтар саны  күрт азайды.
Өткен жылы жүргізілген  жұмыстардың қорытындысын айтқанда, бәрі жақсы, барлық салада ілгерілеушілік бар десек, артық айтқандық болар еді. Жұмыс болған соң қиындықтар да, олқылықтар да болмай қалмайтыны белгілі. Бұрын қылмыс жасап, жазасын өтеп шыққандар арасындағы қылмыс көлемі  өткен жылдармен салыстырғанда біршама өскені алаңдатады. Яғни, бұл бағытта айтарлықтай жұмыс жүргізу қажет деген сөз. Мұндай қылмыстардың өсуі Көкшетау, Степногорск қалалары мен Ақкөл, Астрахан, Атбасар және Зеренді аудандарында көрініс беруде. Осы орайда, қылмысқа талдау жасау көрсеткендей, бұл  өңірлерде жазасын өтеп шыққандарды еңбекке орналастыруға дұрыс жағдай жасалмай отырғаны байқалуда. Аталмыш қалалар мен аудандардың басшылары осы мәселеге алдағы уақытта жете көңіл бөлсе дейміз.
Жергілікті полиция қызметі жұмысында кездесіп отырған тағы бір қиындық,  айықтырғыштардың жоқтығы болып отыр. Бүгінде Көкшетау және Степногорск қалаларында ғана айықтырғыштар бар. Тек биылғы жылдың алғашқы он айында ғана 949 адам маскүнем ретінде есепке алынды. Облыста бүгінгі күні осындай есепте тұрған 8  мыңнан астам адам бар. Биылғы жылы маскүнемдік дертінен сот шешімі арқылы мәжбүрлеп емделуге  400-дей адам жіберілді. Жергілікті жерлерде қоғамдық орындарда мас болып жүргендерді полиция қызметкерлері қайда апарарын білмейді. Айықтырғыштардың әсіресе, адам көп шоғырланған Щучинск-Бурабай курортты аймағында, Атбасар қаласы мен Целиноград ауданында болғаны жөн.
Жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейінің өсе түсіп отырғанын да айтпай кетуге болмайды. Жыл ішінде балаларын қараусыз жіберген екі мыңнан астам ата-ана жауапкершілікке тартылды. Көңіл көтеретін орындарда түн мезгілінде қыдырып жүрген 114 жасөспірім ұсталып, балаларға арақ ішкізген  32  адам және кәмелетке толмағандарға арақ, темекі сатқан  62 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды.
Көше тәртібін сақтау және саяжайларды ұрлықтан қорғау бағытында да біршама жұмыс атқарылуда. 204  бағыт бойынша жаяу және атты  күзет топтары жұмыс жүргізеді. Олар жыл басынан бері 2 мыңнан астам қылмысты ашса,  оның 600-і ізін суытпай жедел ашылған қылмыстар.
Жол апаттарының салдарынан жыл сайын ондаған адам қайғылы қазаға ұшырап, жүздеген адам жарақат алып жатады. Бұл бағытта да мақсатты жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан бері 3500 мас жүргізуші ұсталып, жол апаттарына жол берген 336  адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі нарық заманында барлық жұмыс қаржыға келіп тірелетіні белгілі. Осы орайда, облыс әкімдігі тарапынан едәуір көмек жасалып жатқанын айтпай кетуге болмайды. Жыл басынан бері  жарты миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, жергілікті полиция автокөліктермен, ұйымдастыру техникаларымен  қамтамасыз етілді. Әйтсе де, әлі шешімін күткен бірқатар мәселелер бар. 150-ге жуық полиция қосындарын жөндеуден өткізу қажет. Әрине, бұл мәселелер уақыт өте келе өз шешімін табады деген сенімдеміз.
Жергілікті полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алып, онымен күрес жүргізу бағытындағы мойындарына алған міндеттерін ойдағыдай орындауға ұмтылып келеді және алдағы уақытта да осы бағытта жұмысты ширататын  болады.
 
Жанбай ОМАРОВ,
жергілікті полиция қызметінің бастығы,
полиция подполковнигі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар