Жоқ-жітігі көбіне шешілген

Заречный ауылдық округінің әкімі Наталья Милюк ауыл тұрғындары алдында атқарған жұмысы жайлы есеп беріп, көптің көкейінде жүрген бірқатар өзекті мәселелерді ортаға салды.

Аталмыш округте 404 үй қоныстанған.  Дальный ауылында 129 адам, ал, Заречный ауылында 1011 адам тұрады. Ауылдық округте «Заречный» ЖШС мен 5 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 47 мың гектарды құрайды, оның  42 400 гектары – егіс алқабы. Өткен жылы Заречный ауылында егін орағы науқанына дайындық мәселелері бойынша облыстық аграрлық жиналыс өткізілді. Жалпы, бұл серіктестік облыстағы табысы мол және әлеуметтік жауапкершілігі жоғары шаруашылық болып табылады.  
Мал шаруашылығын дамыту үшін мемлекет қолайлы жағдай жасауда. Өткен жылы шаруашылық қара мал етін экпортқа шығару жоспарын толық орындады. Ауылдық округте жеке кәсіпкер Д.Унгефуг жылқы тұқымын асылдандырумен айналысады. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша округ тұрғындары мал шаруашылығын дамытуға үш шағын несие алды. Өткен жылдармен салыстырғанда, жылқы саны 50 пайызға өсіп, 244 бастан 367 басқа жеткен. Қой саны 1,6 пайызға көбейіп, 885 басты құрап отыр.  Аталмыш округте 12 ұлттың өкілдері тұрады. Халықтың басым бөлігі ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік салаларда еңбек  етеді. Округте жеке кәсіпкер ретінде 21 адам тіркелген.  Олардың арқасында 45 адам жұмыспен қамтылды.  Өткен жылы Заречный ауылында   екі көшеге асфальт төсеу жоспарланып, ол жүзеге асты.  Шаруашылық директоры У.Әріпов округтегі зейнеткерлерге үнемі қамқорлық танытып отырады.
 «Айналайын» балабақшасында 64 бала тәрбие алуда. Өткен жылы  кіші сәбилер тобы ашылды. Кәсіпкерлердің қаржылай көмегінің арқасында мектепке 14 шаңғы, теннис үстелі сыйға тартылып, 72 бала тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр. Дәрігерлік амбулаторияда 4 орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Алайда дәрігер тапшы.  Ауылдық мәдениет үйі  2016 жылы «Облыстың үздік ауылдық мәдениет үйі» байқауының жеңімпазы атанды. Заречныйлықтар аудандық «Ақ бидай – 2016» спартакиадасында жалпы командалық есеп бойынша жүлделі 1-ші орыннан көрінді. Округте телехабар тарату «ОТАУ ТВ» телевизиялық спутникті антенналары арқылы іске асырылуда.  Мұнда полицияның учаскелік пункті де жұмыс істейді.   
Жиында орта және шағын бизнесті, мал шаруашылығын дамыту, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу арқылы округ тұрғындарының жұмыспен қамтылуын жақсарту, ауылдық округ аумақтарын абаттандыру, спорт мектебінің құрылысын аяқтау және оны жабдықтау бағыттарында жұмыстар жүргізілетіні айтылды.   
Ауданда осындай кездесулер Двуреченск, Жаңысбай, Бұзылық, Қаракөл ауылдық округтері мен Красногорск кентінде де болып өтті. Бұл кездесулерде де елді мекендердің хал-ахуалы ортаға салынып, алдағы жұмыстар сараланды.
«Арқа ажарының»  өз ақпараты.
Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар