Қазақ жастары қысқы спорт түрлеріне неге енжар?!.

Біздің Арқа, оның ішінде Ақмола, Көкшетау өңірлері таланттыларға кенде болған емес. Спорт саңлақтары да ел мақтанышы. Өлкеміз әсіресе, қысқы спорт ойындарын дамытуға қолайлы.

Алайда, осындай қары қалың, нулы орманда аяғына шаңғы байлаған қазақ жастары некен-саяқ. Жаттықтырушылар алдарына біздің ұлттың балалары келмейді  дейді, ал, жастарымыз болса, бұған өз дәлелдерін көлденең тартады. Дегенмен, біріншісінің жаны бар сияқты… Қысқы спорт түрлерінен халықаралық жарыстарда өмірі қар жаумайтын елдердің спортшылары жақсы нәтиже көрсетіп жатқанда таңғалатынымыз рас. Мәселен, Турин Олимпиадасында Австралия мен Үндістанның спортшылары бізден әлдеқайда жақсы нәтиже көрсеткенде шеберліктеріне еріксіз тәнті болғанбыз. Ал, біздің аймақта әсіресе, қары қалың, мұнарлы Көкшетауда  қысқы спорт түрлерінің дамуы қай деңгейде? Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XVII қысқы Олимпиада ойындарында спортшыларымыз 1 алтын, 2 күміс жүлдемен командалық есепте 12-ші орынды еншілеген. Сол кезде Көкшетау облысының тумасы Владимир Смирнов қазақстандықтардың арасында қысқы спорт түрінен ең алғаш Олимпиада чемпионы атанды. Бір өкініштісі, содан бері қазақстандық спортшылар қысқы Олимпиадада алтын алып көрмепті. Иә, рас біз Смирновтай спорт саңлағымызбен қашан болсын, мақтана аламыз. Алайда, содан бері  Смирновтың соңынан ерген өрендер қайда? Қысқы Азия ойындарында да Қазақстанның 170-ке жуық спортшысы бақ сынаса, солардың қатарында қандастарымыздың бірен-саран болғаны жасырын емес. Мәселен, тау шаңғысы, коньки, шаңғымен тұғырдан секіру секілді спорт түрлерінен бірде-бір қандасымызды кезіктіре алмадық. Бұл жағдай көңілге кірбің түсірді. Шаңғы, биатлон, мәнерлеп сырғанау және ерлердің шайбалы хоккейінен бір-бір ғана қазақ жігіттері бой көрсетті.
Енді бірер күннен кейін  әлемнің бар назары Алматыға ауады. Студенттер арасындағы Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға тыңғылықты дайындық жүріп жатыр. Ел намысын қорғайтын спортшылардың есімдері де белгілі. Шындығында қысқы спортта еліміздің атынан өзге ұлт өкілдері сынға түсіп жатады. Бұл жолы да солай. Біздің облыс атынан 19 спортшы қатысады. Байқағанымыздай байрақты бәсекеге қатысатындардың арасында жалғыз ғана қазақ баласы бар. Олжастың әкесі қазақ болғанымен, анасы еврей ұлтынан. Қазақ баласы қысқы спорт ойынына неге енжар деген заңды сауал туындайды осындайда. Біз осы сұрақтарды алға тартып, жоғары спорттық шеберлік мектебінің директоры, спорт шеберіне үміткер Аян Шөкеновті сөзге тартып көрдік. – Сіз маған  айтыңызшы, орыс баласының көкпар тартуға неге ебі жоқ? – деді ол бірден бізге қарсы сұрақ қойып. –  Атқа мініп, көкпар тарту қазақ баласына тән. Бірақ, бұл қазақ балаларының арасында  қысқы спорттан нәтиже көрсете алатын бірде-бірі жоқ деген сөз емес. Мәселен, Руслан Жолдасбаев, Дәулет пен Алмас Рақымжановтарды ауыз толтырып айта аламыз. Сонымен қатар, өзімізде қалыптасқан пікір де кедергі келтіріп тұр. Мәселен, көптеген ата-аналар балаларына: «Спорттың күрес немесе жұдырықтасу түрімен айналыс. Сонда ғана сен күшті боласың әрі қорғана аласың» дейтіндері бар. Сөйтіп, баланың ақ қар, көк мұзда шынығып, шыңдалып өсуіне орынсыз өбектеушілік те бөгет болады. Үлкендердің орынсыз байбаламынан кейін көптеген жастарымыз жеңіл атлетикаға қырын қарайтын болды. Ал, жеңіл атлетика бүкіл спорттың бастауы десек, онда бұл спортқа енжар қараған адам қысқы спортты да менсінбейтіндей дәрежеге жетеді. Себебі, қысқы спорт бағдарламасының көбісі белгіленген уақыт бойынша жүгіруге арналған. Қатаң кестені сақтап, жүйелі жаттығуға тура келеді, – деді ол. Ал,  №2 облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Жәнібек Еңсегеновтің айтуынша, қысқы спорт түрлеріне қазақ жастары неге аз барады деген сұрақтың жауабын әлеуметтік тұрғыдан іздеген жөн.  
– Жасыратыны жоқ, біріншіден, қысқы спорт түрлері бойынша жаттықтырушылардың көбісі өзге ұлт өкілдері. Біздің мектепте  19  кәсіби біліктілігі жоғары спорт жаттықтырушылары барлығы 120 оқушыға сабақ береді.  Шәкірт тәрбиелеу ісіне зор үлес қосып, еліміздің айтулы спорт саңлақтарын даярлап шығарған Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген спорт шебері, марқұм Вячеслав Макаревич пен Павел Кушнаренколардың еңбектері зор еді. Сондай-ақ, Анатолий Шерстнев, Евгений Жиров, Татьяна Сергеева, Геннадий Макаров, Виктор Чурбаков, Михаил Петров, Александр Морозов, Сергей Райковтардың есімдерін айрықша атап өтуге болады. Кейбір жаттықтырушылар жалақысы аз болғасын, жеке кәсіпкерлікпен айналысып, жұмыстан өз еркімен кетті. Қазіргі таңда өз кәсібін дөңгелеткен кәсіпкерлер. Мәселен, біздегі жаттықтырушылардың жалақылары мардымсыз 50-60 мың теңгенің көлемінде. Ол әрине, аздық етеді.  Мектеп ашылғаннан бері халықаралық дәрежедегі 28 спорт шеберін даярлап шығардық. Олар шаңғы жарысы бойынша Елена Чернецова, Игорь Зубрилин, Владимир Борцов, Николай Чеботько, Евгений Кошевой, Татьяна Шеденко, Дмитрий Еременко, Евгений Сафонов, Виталий Александров, Андрей Гридин, Евгений Величко, Татьяна Рощина (Осипова), Денис Волотка, Дәулет Рахымбаев. Ал, Самат Мусин есімді майталман спортшымыздан қапияда айырылып қалдық.  Байқағаныңыздай, жаттықтырушылардың барлығы дерлік басқа ұлт өкілдері. Оларды да кінәлай беруге болмайды. Жұлқынып орда бұзамын деп тұрған жастар болса, неге оларды тәрбиелемеске? Соңғы кезде қазақ жастары енжар болып барады. Спортпен айналысудың орнына таңертеңнен кешке дейін ғаламторға үңіліп кино, видео қарап, ән тыңдағанды жөн санайды. Жанын қинап, тер төккілері жоқ, ал, спорт еріншектікті көтермейді. Физиологиялық тұрғыдан алғанда, қысқы спортқа бейімділігіміз басқалардан кем түспейді. Мәселен, демалыс күндері қала сыртындағы шаңғы базаларында, мұз қалашықтарындағы қарақұрым жұрттың ішінде шаңғы, конькиін арқалап жүрген қазақтар некен-саяқ кезігеді. Тағы бір фактор, нарықтық заман әлеуметтің жағдайын әлсіретіп жіберді. Мәселен, шаңғы спорты ең қымбат спорт түрі болып саналады, – дейді аталмыш спорт мектебінің директоры Жәнібек Нығметжанұлы.
Расында да  қалтасы жұқа қазақ жастарының кейбірі нәпақасын табу үшін базарда арба сүйреп жүргендері бар. Солардың   арасында небір таланттар да бар шығар, кім білсін. Қысқы спортпен айналысайын десе қалтасы көтермейді. Себебі, коньки, шана, шаңғының бағасы аспандап тұр.  Міне, осындай көптеген себептермен қазақ жастары қысқы спортта көріне алмай келеді. Ат жарысын ұйымдастырып, көкпар тартқан, қыста саятшылықпен айналысқан көкбөрінің ұрпақтары алдағы уақытта мемлекетіміздің беделін арттыратын қысқы спортқа көптеп келетініне сенгіміз-ақ келеді. Мамандардың пікірін пайымдайтын болсақ, бәріне жастар кінәлі. Балалар арасында қысқы спорт түрлерінен жүйелі түрде аудандық, облыстық, республикалық сайыстар өткізіліп тұрса, жаңа жас дарындардың есімі белгілі болар еді.  Қысқы спорт туралы әңгіме қозғалғанда ең алдымен балалар спортына қатты көңіл бөлу керектігі ойға оралады. Қысқы спортқа қатысты елiмізде 190 шаңғы базасы, 496 хоккей корты, секіруге арналған 3 трамплин және 9 коньки стадионы бар. Жалпы білім беру мекемелерінің 36 пайызында ғана қысқы спортпен шұғылдануға жағдай жасалған. Елімізде 83 шаңғы базасы, 49 хоккей корты, 7 мұз спорт сарайын салған Қарағанды облысы көш бастап келеді, одан кейінгі орында Ақмола облысы, яғни біздің өңірде 11 шаңғы базасы, 111 хоккей корты, 2 спорт сарайы бар. Яғни, спортшылар үшін барлық жағдай жасалған. Алайда, қазақ жас-тарын осы спорт түріне бейімдеуіміз де керек шығар.  Облысымыздағы жаттықтырушылардың басым көпшілігі өзге ұлт өкілі болса, олар мемлекеттік тілді білмегендіктен, ауылдан келген қаракөздерімізді баулуға шынайы ниет танытпайтыны да жел сөз емес қой. Бәлкім, біздер елжандылық мәселесіне келгенде жапондықтардан үлгі алғанымыз дұрыс па? Олар өз елінің кенжелеп қалған спорт түрін өркендету үшін өскелең ұрпағын сол спортқа бейімдеп тәрбиелейді екен… Қалай дегенмен де, спорт  әр елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бірден-бір көрсеткіші, елжандылық пен халық бірлігінің нышаны
екендігі айқын.

Еліміздің көк байрағын көтеріп, Әнұранымызды асқақтататын спортшыларымыз көп болғай! Солай дегенде, Алматыдағы Универсиадада облысымыздан қазақ спортшыларының бой көрсетпеуі, осы міндеттің бәрін өзге ұлт жас-тарына артып қоюымыз қинайды. Сонда, көш қашан түзелер екен?!.

Ұлмекен Шаменова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар