Депутат сайлаушыларымен кездесті

«Көкшетау-Энерго» серіктестігінің басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Берік Ақылбеков ауылдық округ әкімдерінің есеп беру кездесулеріне қатысып, өз сайлаушылары алдында есеп берді.

 

Алдымен, депутат Донской ауылдық округіне қарасты Аңдықожа батыр ауылына ат басын тіреді. Ұйымдастырудың олқылығынан болар, орта мектептің мәжіліс залына жиналған тұрғындардың қарасы аз болды. Көбі мұғалімдер екенін аңғардық.
– Ауданда көптеген кездесулер өткізіп, сайлаушыларымды жеке мәселелері бойынша қабылдадым. Олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, қолымнан келгенше шешуге тырыстым. Аудан орталығында «Рахмет үшін» дүкенін аштық. Сондай-ақ, «Мектепке жол» акциясына қатысып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған бірқатар оқушылардың қажеттілігін қамтамасыз еттік. Аңғал батыр ауылында бағаналы электр желісін, Краснофлот селосындағы мектептің электр есептегішін ауыстырдық. Кеңащы ауылында өрістегі малға суару жүйесін салудамыз. Биыл Невский селосында жаңа мектептің құрылысы басталады. Аңғал батыр ауылындағы мектепке 16 миллион теңге бөлініп, есік, терезелері ауыстырылды. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өткеннен кейін Заозерныйға баратын жолды жөндейміз. Сондай-ақ, өмірдің тауқыметін көрген егде адамдарға көмек көрсету де назарымда. Аудан әкімі Асқар Қиықовтың тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде де біраз мәселелер шешімін табатынына сенімдімін, – деген Берік Ақылбеков  сайлаушылардың сауалдарына жауап берді. Олар банкротқа ұшыраған «Богви» серіктестігі тұрғындардың жерлерін банкке кепілдікке қойғанына алаңдаулы.
 – Инвестор табылса, бұл мәселе бірден шешіледі, – деді депутат. Мұғалім Құралай Хамитова мектептің шатырын жаңарту,  мектеп директоры Бауыржан Ержанов білім ошағына шағын трансформатор станциясын орнатуға қол ұшын беруді сұрады. Берік Секербекұлы бұл мәселелермен айналысатынын айтты.  
Тәрбие жұмысының меңгерушісі Зейнел Отангүл кешке қарай интернет жұмыс  істемейтінін алға тартты. Ауылдық округ әкімі Жұмабек Әубәкіров Бурабай және Еңбекшілдер аудандары шекарасындағы 11 шақырым жолды жөндеу және қардан тазалау мәселесін көтерді. Өйткені, бұл жолмен Көкшетау-Аңғал батыр бағытындағы жолаушылар тасымалдайтын автобус жүретін көрінеді. Бұл жөнінде Берік Ақылбеков Бурабай ауданының әкімі Төлеген Ташмағамбетовпен және осы ауданнан сайланған облыстық мәслихат депутаттарымен сөйлесіп, бір мәмілеге келетінін жеткізді. Бұдан кейін осы  ауылда тұратын 91 жастағы Гүлшара Мұқанованың үйіне келіп, төсек-орын және өзге де сый-сияпатын жасап, ақ батасын алды. Аңғал батыр ауылындағы Амангелді Иманов атындағы орта мектептегі кездесуді жергілікті округ әкімі Әмина Жақыпова жүргізіп отырды. Депутат Елбасының сындарлы саясатының арқасында ауданның қол жеткізген табыстары және өзінің атқарған қоғамдық жұмыстары жөнінде айтып берді. Биылғы жылы мектепті күрделі жөндеу үшін облыстық бюджеттен қомақты қаржы қарастырылған. Сондай-ақ, су құбырларын тарту үшін республикалық бюджеттен 377 миллион теңге бөлініп отыр. Осы орайда, Берік Ақылбеков өз сайлаушыларымен жиі кездесетінін айтып, сайлаушылар сауалдарына жауап берді. Соның ішінде, Жаңалық ауылындағы трансформатор мәселесі шешілетінін айтты. Гүлжан Күлмағанбетова ауылда мәдениет үйі жоқтығын алға тартты. Депутат бұл мәселені аудан әкімінің есеп беру кездесуінде көтеретінін, мәдениет ошағы үшін 1 миллион теңгеге  жеке меншік үй сатып алуға екі айдың ішінде демеушілер тауып беретінін айтты.
Бұдан соң депутат Невский селосы тұрғындарымен кездесіп, Донской селолық округінің әкімі Жұмабек Әубәкіровтің есеп беру кездесуіне қатысты. Осы кездесуде аудандық кәсіпкерлер палатасының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Фарид Хадиевтің де есебі тыңдалды. Жергілікті тұрғын Пернегүл Хибекей село ойда орналасқандықтан, белайн мен интернет жүйесінің дұрыс жұмыс істемейтінін алға тартты. Бұл бағытта да депутат «Қазтелеком» кәсіпорнына өтініш жіберген көрінеді. Төлеген Қажыкенов су құдықшаларының жиі істен шығатыны және шеткі көшелерде жарықтың жоқтығы жөнінде мәселе көтергенімен, мұның бәрі  көбіне қаржыға келіп тірелуде. Кездесу барысында жол, жайылымдық жер, үйлерге су тарту, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Бұл ретте де, облыстық мәслихаттың депутаты сайлаушылар алдында есеп беріп, көптеген сауалдарға жауап берді. Сондай-ақ,
Невский селосында тұратын 94 жастағы Қапар Шоншыбайдың үйіне барып, сый-сияпатын жасады. Депутаттың бұл белсенділігі әрине, сайлаушылар тарапынан жақсы бағаланғаны кездесулерде айқын сезіле түсті.

Рамазан Тілеуов.

 Еңбекшілдер ауданы.
Суреттерді түсірген Марат ШОҚАЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар