Мәлік Батыр атағын алған күн

Ерлік үшін жаралған, ел мұратын өмірлік мақсатына айналдырған, өмірінде өшпес із қалдырған халқымыздың абзал ұлдарының бірі – Кеңес  Одағының Батыры, гвардия майоры М.Ғабдуллиннің батырлық, ерлік істері жас ұрпаққа патриоттық рухта тәрбие берудің жарқын үлгісі болып табылады.

 

Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндері М.Ғабдуллин майдан тағдырын шешетін жауапты ұрыстарға қатысты. Сондай бір ауыр тапсырма 1941 жылы Руза өзенінен немістерді Москваға өткізбеу еді. Сол жолы взвод автоматшылары көрші ротамен бірге жаудың шабуылын тойтару барысында қаптаған фашистердің қоршауында қалады. Мәліктің алғыр ақылы мен жауынгерлердің ынтымақ-бірлігі арқасында олар бұл тығырықтан шыға білді. Өздеріндей жау қоршауында қалған өзге топтармен бірігіп, фашистердің мол қару-жарағын, яғни, 12 станокты пулемет, 20 қол пулеметін қолға түсіреді. Әрі жаудың қолға түсірген 27 тұтқынымен, 16 жаралы жауынгерді кезектесе көтере жүріп,  қоршауды бұзып өтіп,  өз дивизиясына қосылады. Енді бірде Ширяево селосының тұсында Мәлік Ғабдуллиннің 13 адамнан тұратын автоматшылар ротасы фашистердің мұздай қаруланған бір батальонға жуық әскерін тоқтатуға бұйрық алды. 5 танкісін алға ұстаған жаудың қалың әскері оларға лап қояды. Алайда, екі танкісі жанып, қыруар әскері шығын болып, «темір бекіністен» беттері қайтқан жендеттер кері шегінуге мәжбүр болады.
Ақыл-парасат, сабырлық, әділдік, шыдамдылық пен қайсарлық бойында берік үйлескен Мәлік соғыста жауды жоюдың, одан айласын асырудың әдісін аз уақытта шебер меңгеріп, жауынгерлерін де фашис-термен шайқасқа жолбарыстай тайсалмай ұмтылуға баулиды. Мәліктің жаужүрек батырлығы жөнінде очерк жазған Борис Полевой былай деп суреттейді:
«Мәлік  батыр, әрі күшті, әрі ержүрек дейді. Қыр түлкісіндей айлакер, ақбөкендей саққұлақ, жау дүрсілін әріден біледі. Ақ тұйғындай қырағы, бұққан жауды қиядан көреді. Темірдей қатты білектері неміс төбеттерін қырудан қалжыраған емес, қанша қырса, сонша күшейе береді. Үрейі ұшқан немістер Мәлікті көрген жерден-ақ зыта бастайды».
 Мәлік Ғабдуллин 1943 жылдың қаңтарында Жоғарғы әскери басшылықтың шешімімен 1075-полктың комиссарлығына тағайындалғанға дейін Рыбушкин, Ширяево, Старая Руссо жерінде, Бородино деревнясы, Холм қаласы түбінде, Новосвинухово селосы үшін болған жан алып, жан беріскен алапат ұрыстарда автоматшыларымен бірге қайталанбас ерлік шежіресін жазды. Әр қас-қағымы сергектікті, жинақылықты, сақтықты, өлімнен қорықпауды, жанқиярлықты қажетсінетін соғыстың қатал талабын  үйрене жүріп, осылайша «ерлік мектебін»  қалыптастырды. Оның бұл ерлік жолы атаусыз қалмады. М.Ғабдуллин «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту» ордендерімен марапатталды.
Ал, 1943 жылғы 30 қаңтардағы КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының жарлығымен  оған неміс фашистеріне қарсы шайқаста көрсеткен жанқиярлық ерлігі мен қаһармандығы үшін  Кеңес Одағының Батыры жоғары атағы берілді.
Ол өзінің 1943 жылдың 7 наурызында майданнан елге жазған   хатында  «Маған Совет Одағының Батыры деген атақты беруге байланысты таныстардан, жолдастардан, кейбір мекемелерден, майдандағы жауынгер достардан көптеген хаттар, телеграммалар алдым. Бәрі де мені құттықтап жатыр. Хаттарды жазушылар, әртүрлі адамдар. Олардың ішінде қолына қару алып, жаумен соғысып жүрген жігіттер, ғылым адамдары, оқытушылар, комсомолдар мен пионерлер, кемпір-шалдар, қыз-келіншектер, колхозшы мен жұмысшылар, ақын-жазушылар тағы басқалары  бар. Бәріне де жауап беріп, шын көңілден алғыс айтудамын.
Батыр атағына ие болған мен емеспін. Ол – қазақ халқына берілген атақ. Неге десеңіз, менің аты-жөнімді біліп жатқан адам аз, қазақ деген халық барлығын білетіндер көп. Майданда бір жауынгер ерлік жасай қалса, онысы көпке тарай бастаса, жұрттың ең алдымен сұрап білгісі келетіні, «сол адамның ұлты кім екен?» деген болады. Сондай-ақ, майданда жүрген қазақ жігіттері жаумен жақсылап соғысса, ол өз қара басының ғана емес, халқының атағын шығарады.
Менде Батыр атағын аламын, ордендер алайын деген ой болған емес. Бар ойлағаным, мені еркек кіндік азамат деп халқым қолыма қару беріп майданға аттандырды, жақсылап соғыс, қорықпа, ата-бабаңның аруағына жаман сөз келтірмей соғыс, мұны сенің ар-намысыңа тапсырамыз деген еді. Мен сол міндетті орындауға күш салдым. Бұл міндеттерді толық орындадым деп айтуға болмайды. Әлі де істелетін істер көп. Қасықтай қаның қалғанша халқың үшін қызмет етуден артық нәрсе дүниеде жоқ деп білемін», деп жазды.
30 қаңтар – М.Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағы берілген күнге орай, музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен жылдағы дәстүр одан әрі жалғасып, батыр атындағы «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубына жаңа мүшелер қабылдаудың салтанатты рәсімі,  респуб-лика бойынша М.Ғабдуллин атындағы мектеп оқушыларының арасында «Ағалы-інілі қос батыр, қияметтік дос батыр» атты онлайн мүшәйра және «Батырлар жырының эпикалық құрылымы мен тәрбиелік маңызы» атты ғылыми   конференция өтеді.          
Міне, «тау алыстаған сайын биіктей береді» дегендей, Мәлік Ғабдуллиннің есімі де жыл өткен сайын еліне, халқына қадір-қасиеті арта түсуде.
Батыр боп жаудың бетін қайтарып ең,
Ұстаз боп бейбіт күнде жайқалып ең,
Қазақтың тұңғыш туған батыры деп,
Қашанда мақтанышпен айтарым ең, –
деп белгілі ақын Кәкімбек Салықов ағамыз жырлағандай, Мәлік Ғабдуллин қашанда халқы  ерекше құрмет тұтар
ардақты жан.
                   
    Жанат ҚАЖЫБАЙ,   
Көкшетау қаласындағы  
Мәлік Ғабдуллин музейінің
 аға ғылыми қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар