Игі істер өрісін кеңейтудің қолайлы мүмкіндіктері бар

Кезекті жұмыс сапарымен Зеренді ауданында болған облыс әкімі Сергей Кулагин өңірдің бүгінгі таңдағы әлеуметтік-экономикалық даму барысына назар аударып, кейбір өзекті мәселелердің шешімін қарастырды.

Облыстың өнеркәсіп орындары құрылымында аудан үлесі 21,8 пайызды құрайды. Бұл ең жоғары көрсеткіш. Дегенмен, ауданда өндірілген 118,8 миллиард теңге өнімнің алпыс пайызына жуығы «Алтынтау-Көкшетау» акционерлік қоғамына тиесілі. Өткен жылы Индустрияландыру картасына «Блиц Терминал» серіктестігінің құс фабрикасы құрылысының жобасы енгізілді. Кәсіпорын пайдалануға берілгенде жылына 250 тонна құс етін өндіре алады. Өңір басшысы жұмыс сапарының басында Қонысбай ауылдық округінің аумағында орналасқан осы серіктестіктің диірмен кешені мен майлы дақылдар өңдейтін зауытын аралап көріп, жұмыс барысымен танысты. Кәсіпорынды шикізатпен үзіліссіз қамтамасыз етуді тиісті басшыларға тапсырды. Серіктестіктің директоры Барлыбай Жауаров өз сөзінде аталмыш екі кәсіпорын өткен жылы пайдалануға берілгенін, диірмен кешені ашылғаннан бері 1,5 мың тонна өнім өндірілгенін  атап өтті. Ұн Қазақстан, Өзбекстан және Ауғанстан рыногында сатылады. Сондай-ақ, серіктестіктің зауыты жылына 12 мың тонна күнбағыс және рапс майын өндіреді. Өткен күзден бері май зауыты 1 мың тонна өнім шығарған. Өнім ішкі рынокта, Ресей мен Қырғызстанда сатылады. Облыс әкімі өз сөзінде мұндай жаңадан ашылған кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.
Өткен жылы аудан диқандары 271,8 мың тонна астық жинады. Гектар берекесі 15,9 центнерден айналды. Шаруашылықтарға субсидия түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Облыс басшысы осы орайда, Күсеп ауылдық округінің аумағында орналасқан «Елнұр Әділ тобы» серіктестігінің астық қабылдайтын кәсіпорнында болды. Оған  жол тұйығы тартылыпты. Өткен жылы 27 мың тонна астық қабылданған. Кәсіпорын келешекте тәулігіне 50 тоннаға дейін ұн тартатын диірмен кешенін орнатуды және вагон мен автокөліктегі астықты қабылдайтын екінші желінің құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр.
Серіктестіктің жұмысына сәттілік тілеген облыс әкімі одан әрі «Горизонт» тау өнеркәсібі компаниясы» серіктестігінің алтын, күміс, қорғасын, мырыш тәрізді полиметалдар өндірумен айналысатын фабрикасын аралап көрді. Жылына 200 мың тонна кен өңдейтін кәсіпорын өткен жылдың қараша айында пайдалануға берілген. Қазір мұнда Ресей мен Қытайда жасалған қондырғылар жұмыс істеуде. Фабрика биылғы жылы 200 келі алтын, 3,5 мың келі күміс және өзге де металл өндіруді межелеп отыр. Серіктестік жұмысына оң бағасын берген өңір басшысы  Қонысбай ауылдық округіне қарасты Дөңгілағаш негізгі мектебінде болып, өрттен кейін оны қалпына келтірудің жолын қарастырды. Округ әкімі Серік Сабыров өз сөзінде өткен жылы жөнделген бу қазандығын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамағандықтан, мектептің төбесі мен шатырының бір бөлігі жанып кеткенін айтты. Қазір мұнда тұрғын үйдің бірі мектеп ретінде пайдаланылуда. Облыс әкімі педагогтар ұжымымен  кездесіп, білім ошағы биылғы жылы қалпына келтірілетінін айтты.
Сондай-ақ, аудандық мәдениет үйінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізілді. Ал, аудан активімен кездесуде өңірдің болашағы зор екені, осы бағытта көп жұмыстар атқару қажеттігі атап өтілді.
–Талдау жасағанда ауданның ірі кәсіпорындары кей саладағы олқылықтарды жауып тұрғанын аңғарамыз. Өңірдің әлеуеті зор. Еңбек өнімділігін арттыру үшін барлық мүмкіндік бар. Жері де құнарлы. Осы бағытта дұрыс жұмыс істеген «Диқан+» серіктестігі гектарынан 25 центнерден астам өнім алды. Өзге шаруашылықтардың да  жұмысын осылай жандандыру қажет. Соңғы жылдары жер дұрыс өңделе бермейтіндіктен, астықтың сапасында да төмендеушілік бар. Тағы бір басты мәселе,  ауыл шаруашылығы құрылымдары мен кәсіпкерлер әлеуметтік салаға баса көңіл бөлулері керек, – деді облыс басшысы актив жиналысында. Аудан әкімі Асқар Мұратұлының өңірдің 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы жөніндегі есебіне орай, біраз жаңа міндеттер жүктелді. Мәселен, тездетіп  Дөңгілағаш негізгі мектебін қалпына келтірудің жобалық-сметалық құжаттамасын жасау керек. Ауданда орташа еңбекақының деңгейі жоғары болғанымен, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жалақысы төмен. Күнделікті тұтынатын азық-түлік тағамдарының бағасына тұрақты мониторинг жасап отырған жөн. Қаржы мәселесіне байланысты аудандық жаңа емхана да дұрыс жұмыс істемей тұр.
Облыс әкімі өзінің қорытынды сөзінде егде адамдар мен мүгедектерге, ата-анасының қамқорлығынсыз өскен жастарға, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына үнемі қолұшын созуды тапсырды. Ауданның білім саласындағы көрсеткіші олқы соғып,  өткен жылы тек қана екі мектеп түлегі «Алтын белгі» алғаны, жастар үшін әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй салу қажеттігі атап көрсетілді. Сондай-ақ, активте жергілікті шаңғы базасына қаржылай қолдау көрсетілетіні белгілі болды. Ауданның табыстары да, назар
аударатын мәселелері де қамтылған жиында өнегелі еңбегімен көзге түсіп жүрген бірқатар зеренділіктер облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Рамазан Тілеуов.
Суреттерде: Дөңгілағаш ауылы тұрғындарымен кездесу; «Блиц Терминал» ЖШС-ында күнбағыс майы өндіріледі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар