Ауылдық жерлерде түйткілді мәселелер көп

Андреевка, Петровка, Пригородный ауылдық округтерінің әкімдері өткен жылғы атқарған жұмыстары жайында халық алдында есеп беріп, биылғы жылы көздеп отырған жаспарларымен таныстырды.

Андреевка ауылдық округінің әкімі Евгений Корепов жұртшылыққа  ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен атқарылған жұмыстары жөнінде баяндама жасады. Қазіргі уақытта округ аумағында 1182 адам тұрады.
«Нива» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауыл шаруашылығын дамытуға өзінің сүбелі үлесін қосып келеді. Серіктестік өткен жылы әр гектардан 20 центнерден өнім жинады. Сонымен бірге, ол «Инвест Агро Трейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесе отырып, жұмыс қарқынын үдетіп, жұмысшылардың еңбекақысын өсіру мүмкіндігіне ие болды. Ауыл халқының көбі осы серіктестіктерде қызмет етеді. Сонымен қатар, ауыл басшысы өткен жылы ауылдық округтің мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізіліп, халықтың игілігіне берілгендігін атап өтті. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауыз сумен, жарықпен қамтамасыз ету жайлары өзекті болса, бүгінде аталмыш мәселе толықтай шешімін тапқандығына халық ризашылығын білдірді.
Петровка ауылдық округінің әкімі Валерий Шимков баяндамасынан кейін жұртшылықты толғандырып жүрген мәселелерге назар аударып, алдағы жылдары шешімін таппай жүрген жайларға көңіл бөлетіндігіне сендірді.  Ауылдық округте осы күні 13 сауда нысаны, 5  сүт қабылдау қосыны және 5 шаруа қожалығы бар.  Ауыл халқы аудандық және облыстық жәрмеңкелерге үздіксіз қатысып  тұрады.
Петровка ауылындағы мәдениет үйінің ішкі жөндеу жұмыстары мен жаңадан салынып жатқан католиктік шіркеу құрылысы биылғы жылы аяқталады. Ауыл шаруашылығы өндірушілері өткен жылы 23 мың тонна астық жинаған. Уақытылы астық жинауға «Петровское» акционерлік қоғамы  көмектесіпті. Тұрғындар ауылдық округ әкіміне көшелерде қанғыбас иттердің көбейіп кеткендігін, көз байланған кезде жұмыстан қайтқан адамдар мен мектеп оқушылары қорқатындығын айтып, көшелерді жарықтандыру, жолдарды қардан тазалау секілді мәселелерді  көтерді.
Ал, Пригородный ауылдық округіне тоқталатын болсақ, бұл ауыл аудан орталығынан шалғайда орналасқан. Округке Пригородный, Камышенка  және Баскөл ауылдары қарайды. Округте 1021 адам тұрады. Елді мекенде 5 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 10 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Барлығының материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Биылғы жылы округ дәнді және майлы дақылдарынан орташа есептегенде гектарынан 12 центнер өнім жинаған.
Бұл ауылдардағы басты мәселе – жол мәселесі. Ағымдағы жылы бұл мәселе оң шешімін табады деп сендірді округ басшысы Наталья Пистрюга. «Көкшетау жолдары»  мен «Баскөл 2012» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері алдағы уақытта ауыл ішіндегі және ауданға қатынайтын автокөлік жолдарын қардан тазалап отырмақ.  
Назгүл РАБИЛОВА.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар