Мәуліт – ұлық мереке

Пайғамбарлар шоғырының соңғы жарық жұлдызы Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) әлемді шарапатқа бөлеп, дүниеге келген айы – қасиетті Мәуліт  мұсылмандардың ең ұлық мерекелерінің бірі. Мәуліт мерекесіне арналған салтанатты шаралар еліміздің барлық аймақтарында өткізіліп жатыр. Ақмола облысының орталығындағы Мәуліт «Көкшетау» мәдениет сарайында өткізіліп, тәлімі мол шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысты. 

Пайғамбарымызды ұлықтап, мадақтауға арналған бұл іс-шараға жиналған қауым мәдениет сарайының ішіне лық толды. Тіпті, орын жетпей түрегеп тұрғандар қатары көп болды. Жай да басқа мерекелік концерттік бағдарламалар кезінде толтыра алмай, оқу орындарының студенттерін мәжбүрлеп жіберетін іс-шаралардан адамдардың құлықсыздығын көріп, көзбояушылық, жасандылық, жоспарды орындау үшін жасалған шаруалар деп ойлайтынбыз. Ондай шараларға амалсыздан келгендерін көріп, іштей бір налитынбыз. Кешегі өткен салиқалы да рухани мол азық алуға болатын Мәуліт мерекесінде адамдардың бір-біріне деген сыйластығын, мейірімділік танытып, үлкендерге кішілердің орын беріп, ілтипат көрсетіліп жатқан сәттерін көргенде, қайта-қайта соларға қарай бергің келеді. Дінге бет бұрып, Алланың адал жолында жүргендердің бойындағы кішіпейілділіктері мен ізетіне, ибалылығы мен инабаттылығына көзіміз тойды. Осындай жоғалып бара жатыр деген асыл қасиеттер жастардың бойында бар екендігіне сүйсініп, қызыға қарап тұрдық. Бұл күні ауа райы да адамдарға
нұрын шашып тұрғандай, тамылжыған күн болды.
Мерекелік іс-шара Пайғамбарымыздың  бойындағы адами асыл қасиеттері өріле баяндалған  «Мұхаммед (с.ғ.с.) қандай еді?» деген бейнекөрсетіліммен басталды. Кешті ақын Жайнарбек Зандыбай жүргізіп, ең алдымен сахна төріне қари Теміржан Мұратовты шақырып, ол жиналған жамағатқа Құран Кәрімнен үзінді оқыды.
Мейірімділік пен адамгершілік, қайырымдылық пен Аллаға құлшылық жасаудың, Пайғамбарға деген сүйіспеншілік пен махаббат насихатталып, мадақталатын ұлық мерекемен жиналған қауымды облыс әкімі Сергей Кулагиннің атынан әкімнің орынбасары Нұрлан Нұркенов құттықтады. Ол өз сөзінде тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі жылдар ішінде елімізде 2 мыңнан астам мешіт ашылып, оның елуге жуығы біздің облыста мұсылман қауымына есігін айқара ашқандығын айта келіп, солардың бірі ерекше дизайнмен салынып, қалаға көрік беріп тұрған Науан Хазірет мешіті екендігін атап өтті. Сондай-ақ, ол еліміздегі діни тұрақтылыққа ерекше назар аударып, көптеген өзге елдерге үлгі болып отырғандығын жеткізді. Мәуліт мейрамын осындай салтанатпен атап өту тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткен игілік  екендігін айта келе, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді қайта жаңғырту,  әлем қауымдастығы арасынан лайықты орын алып, еңселі ел болуымыз – бәрі де әуелі Алланың, содан кейін Елбасының сарабдал саясатының арқасы екендігіне тоқталды. Шынында бүгінде халқымыздың тыныш ұйықтап, бейбіт өмір сүріп жатқандығы – халықтар татулығы мен діни сенімдерінің беріктігінен. Бұл – біздің еліміздің алтын тірегі.
Кешті Алтынбек Аманжоловтың Мәуліт шәріпті орындауынан кейін Астана қаласындағы «Нұр-Мүбарак» университетінің ұстазы Ризабек Батталұлы құттықтау сөзімен жалғастырды. Ол Пайғамбарымыздың бойындағы жақсы мінездері жайындағы өнегелі әңгімелерін, миллиардтаған адамды имандылыққа ұйытқан ислам дінін таратқан ұлы тұлғаны ұлықтау сауап екендігін айтып,  соңғы жылдарда елімізде ислам діні өкілдігі тарапынан жүргізіліп жатқан игі істер жайлы әңгімеледі.
Пайғамбарымызды ұлықтауға арналған Мәуліт мерекесі бұдан әрі көркем қойылымдармен және жырлармен өрілген мазмұнды да тартымды кешке айналды. Астана қаласынан келген «Жастар театрының» Кеңес үкіметі кезіндегі дінге көзқарасты көрсеткен көркем туындысы жұртшылық көңілінен шықты. Сол сияқты белгілі айтыс ақыны Арман Бердалин жұртшылыққа жақсы танымал «Жоқ іздеп жүрмін» жырын үлкен тебіреністі көңіл-күймен оқып берді. «Тағылым тамшылары» ұлттық рухани балалар театры өнерпаздарының «Тәуелсіздік» деген поэтикалық қойылымы да жұртшылық тарапынан зор қошеметке ие болды.
Сәкен Біржановтың орындауындағы «Сүгірдің қосбасары» күйі мен танымал дәстүрлі ән орындаушысы Сәрсенбай Хасеновтің «Қапездің әні» шығармалары Пайғамбарды ұлықтап, насихаттауға арналған кештің сәнін келтіре түсті. Сонымен қатар, Өмірзақ Құрбановтың орындауындағы «Әке, ана» әні  жұртшылық тарапынан зор қошеметпен қабылданды.
ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкіл имамы Қанат Қыдырмин Мәуліт мерекесі қарсаңында жастар арасында өткізілген «Отанға қызмет ұрпаққа міндет» тақырыбында өткен шығармашылық байқаудың жүлдегерлерін арнайы сыйлықтармен марапаттады. Марапаттан сондай-ақ, Мәуліт айында дүниеге келген Мұхаммед есімді сәбидің әкесі Ұлан Беркембайұлы да сырт қалмады. Тұлға тәрбиелеуші ұстаздар Айгүл Қадірқызы, Ольга Иосифовна, Үміт Есімсейітқызы мен екі баланы құтқарып қалған Құмарбек Жәкетайдың отбасы да өкіл имамының Алғыс хаттарына ие болды.  
Мәуліт кеші әнші Аслан Мұхамедияровтың орындауындағы «Дұға» әнімен қорытындыланды. Мейірім мен мейірбандылықтың, адамгершілік пен парасаттылықтың, ізгілік пен жақсылықтың, көркем мінез-құлықтың үлгісін паш еткен Көкшетаудағы Пайғамбарымызды ұлықтауға арналған Мәуліт кеші  осылайша жұртшылықтың есінде ұзақ сақталары анық.

Ырысалды Шамшиева.

Суретті түсірген В.ГУБАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар