Ел дамуының айқын бағыты

 

Облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген актив жиналысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы талқыланды.

 

Шараға депутаттық корпустың өкілдері, облыстық департаменттер мен басқармалар, құқық қорғау органдары, қоғамдық ұйымдар, ұлттық компаниялардың басшылары, саяси партиялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.  
Облыс әкімі өз сөзінде атап өткеніндей, Ата Заңға енгізілгелі отырған өзгерістер Елбасының бірқатар өкілеттігін Үкімет пен Парламентке  беруге мүмкіндік туғызады. Жаңа жағдайларда Елбасы үшін стратегиялық функциялар, сыртқы саясат, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілеті, сондай-ақ, билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастардағы басшылық рөл басым бағыттарға ие болады.
– Ел Парламентінің мәртебесі айтарлықтай нығайтылады, сот жүйесі және прокуратура, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару салаларын одан әрі жетілдіру жөнінде жұмыстар жүргізіледі, – деп атап көрсетті одан әрі облыс әкімі.  Бұған қоса, С.Кулагин Президент Әкімшілігінің тапсырмасын орындау мақсатында халық арасында конституциялық реформаны түсіндіру жөніндегі шаралардың желілік кестесі, сол сияқты, түсінік жұмыстарының барысын ақпараттық қамтудың медиа жоспары жасалып, бекітілгеніне тоқталды. Сондай-ақ, жаңа Жолдау Мемлекет басшысының ойы бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспары негізінде экономикалық өсімнің жаңа моделін құруға мүмкіндік береді.  Елбасы өзінің Жолдауында 5 басым бағыттарды ерекше атап өтті.
Оның біріншісі – экономиканың жеделдетілген техникалық жаңғыртылуы; екіншісі – бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту;  үшіншісі – макро-
экономикалық тұрақтылық; төртіншісі – адам капиталы сапасын жақсарту; бесіншісі – институционалдық қайта құру, ел қауіпсіздігін сақтау және сыбайлас жемқорлықпен күрес.

Актив жиналысында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов баяндама жасап, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктердің қайта бөлінуінің және Елбасының Қазақстан халқына арнаған  Жолдауының мән-маңызына, оның қоғамымызға әкелер соны серпініне жан-жақты тоқталып өтті. Әсіресе, конституциялық реформалар арқылы еліміз өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басқалы отырғаны ел келешегінің кемелділігін көрсететіні анық.
Ақпанның 2-сі мен 10-ы аралығында облысымызға осы конституциялық реформалар мен Елбасы Жолдауын халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында Сенат және Мәжіліс депутаттарының бір тобы келеді деп күтілуде. Олар 200-ден астам іс-шараларға қатысып, осы бағытта белсене жұмыс істемекші.
Баяндамадан кейін жарыссөзге шыққан облыстық аурухананың бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты Серік Аяғанов, «Видергебурт» Ақмола облыстық немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Корнеева, облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты  Тимур Ысқақов Елбасы Жолдауын өз салалары бойынша  атқарылып жатқан және атқарылатын іс-шаралармен тығыз байланыстыра келіп, соңғы бір аптаның ішінде қабылданған жаңа тарихи құжаттарға зор қолдау білдірді.
Облыс әкімі өзінің қорытынды сөзінде мемлекет алдында тұрған іргелі міндеттер кеңінен қамтылған биылғы Жолдаумен мұқият танысып, оны нақты істермен байланыстыра түсу орайында бүгіннен бастап қолға алынар жұмыстардың рет-ретіне назар аударды. Осы бағытта  нақты тапсырмалар беріліп, оларды өміршең ету жолдары  сараланды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар