Курортты аймақтың жөні бөлек екенін ешқашан естен шығаруға болмайды

Облыс әкімі Сергей Кулагин жұмыс сапарымен Бурабай ауданында болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты және аудан активінде  Елбасы Жолдауынан туындайтын жаңа міндеттерді белгіледі.

Облыс басшысы жұмыс сапарын Қарашілік ауылындағы орта мектептен бастады. Қазақ тілінде оқытатын мектепте бүгінде 118 оқушы және шағын орталықта 11 бала тәлім-тәрбие алуда. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында салынған ғимаратқа бірде-бір рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.  
– Мектебімізді қолдан келгенше күтіп ұстауға тырысамыз. Алайда, 25 жылдан артық уақыт жөндеу көрмеген ғимараттың әбден тозығы жеткен. Білім ордамыздан үш-төрт жыл қатарынан Алтын белгі иегерлері түлеп ұшты, – дейді мектеп директоры Махаббат Уәлиева.
Аталған білім ордасының жағдайымен танысқан облыс әкімі ағымдағы жылы мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттаманың дайын болуын тапсырды.  Бұдан кейін облыс әкімі осы ауылда қаз шаруашылығымен айналысатын «КБК Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де болды. Серіктестік басшысы Александр Боровиковтың айтуынша, шаруашылықта 12 мың құс өсірілуде. Өткен жылы барлығы тоғыз миллионнан астам теңгенің қаз бен үйрегі саудаға шығарылды. Өнім негізінен облыс аумағында сатылды.
Оқжетпес кентінде мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік аясында 125 орынға арналған «Балапан» балабақшасы ашылып, жұмыс істеуде. Осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын салынған ғимаратқа өткен жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балабақша ретінде қайта жабдықталды. Мекеме басшысы Раушан Ибраеваның сөзіне қарағанда, жөндеу жұмыстарына 70 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Оның 60 миллион теңгесі «Даму» кəсіпкерлікті дамыту қоры арқылы бөлінген.
– Қазіргі заманға сай жабдықталған балабақшада балалардың мектепке дейін білім мен тəрбие алуына барлық жағдай жасалған.  Осы мақсатта 30 миллион теңгенің құрал-жабдықтары сатып алынып, орнатылды. Ағымдағы жылы  ғимараттың кәріз, су жəне жылу жүйелерін жаңарту жоспарда бар, – деп түсіндірді Раушан Ибраева.
Осы күні облыс әкімі Щучинск қаласындағы «Терасса Парк» емдеу-сауықтыру орталығы, сәбилер үйі, педагогикалық колледж және «Мясные продукты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен таныс-ты. Ауданды ғана емес, облыстың басқа да өңірлерін және Елорданы сапалы ет-шұжық өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Мясные продукты» серіктестігінде тоқсанға тарта адам еңбек етуде. Жылына 792 тоннаға жуық ет-шұжық өнімдері шығарылады. Өткен бір жылдың ішінде кәсіпорын 198,6  миллион теңгенің өнімін өндірген.
Қалалық мәдениет үйінде өткен есеп беру кездесуінде аудан әкімі  Төлеген Тәшмағамбетов ауданның 2016 жылғы жетістіктері жайында баяндама жасап, ағымдағы жылы алға қойылған мақсат, міндеттерді атап өтті.  Жиында Сергей Кулагин Бурабай курорттық аймағын дамытуға көп көңіл бөлу қажет екенін баса айта келе, «Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар жөніндегі» заң жобасы және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы міндеттер туралы кеңінен айтып өтті.
– Ауданда соңғы бірер жылдың нәтижесі бойынша алға басушылық байқалады. Сол себепті, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жұмыстарын ширатуы-мыз қажет. Тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестікті нығайту  бүгінгі күннің басты талабы. Бірлесе атқарылған жұмыстар нәтижелі болуы үшін батыл қадамдар жасалуы керек. Болашағымыздың жарқын болуы өзімізге байланысты екенін ұмытпағанымыз жөн, – деді облыс әкімі.
Жиын соңында өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік  үлес қосқан азаматтарды Құрмет грамоталарымен марапаттады.

Аслан Оспанов.

Суретте: «Мясные продукты» серіктестігінде.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар