«Балқадиша» әнiн қашанғы бұрмалап айта бермекпiз?

Бiраз күн бұрын «Жiгiттер» квартетiнiң 10 жылдық мерейтойына арналған концертiн теледидардан берiп жатқанын байқап, әндерiне құлақ салдым.

«Жiгiттер» тобы Ақан серiнiң «Балқадиша» әнiн өткен ғасырдың 30-жылдарындағы насихат құралына айналдырып, әйел теңсiздiгiн жырлаған Мақсұтбек Майшекин арнайы кiргiзген:
Дегенде Балқадиша, Балқадиша,
Күйеуiң сексен бесте, шал, Қадиша, –
деп айтылған нұсқасымен орындады. Осы бiр нұсқаның әлi күнге өзгермей, бояуын жоғалтпай шырқалып келе жатқанына қатты қапалымын.
Негiзiнде, Ақан серi қазiргi Көкше өңiрiндегi Зерендi ауданына қарасты Жыланды тауының баурайындағы Қараөткел жерiне шiлдехана тойына келiп, Ыбырай атамыздың қызы – жиырма жастағы Балқадиша апамызбен кездеседi. Кейiн Балқадишаның Кеңөткел ауылына, өзiнен алты жас үлкен Масабайдың Сүлейменiне ұзатылғанын естiп, зарлы өкiнiшiн осы әнмен шырқаған. Мiне, бар тарихы да, ақиқаты да осы.
Әннiң тарихын бiле тұра, М.Майшекиннiң нұсқасын халыққа тарату бiздiң Мәдениет министрлiгiндегi мамандардың салғырттығы ма, әлде шоу-бизнесте жүрген өнерпаздарымыздың немқұрайлылығы ма, түсiнбедiм.
Соңғы жылдары шыққан «Қазақ әндерi» жинақтарының көбiнде «Балқадиша» әнi осы қате нұсқада келтiрiлгенiн байқаймыз. Мысалы, «Ауыл кешi көңiлдi» атты қазақ әндерi жинағының 87-бетiнде «Балқадиша» әнiнiң екi шумағы бастапқы қалпында өзгерiссiз берiлген.
Өткен жылы Зерендi өңiрiнде өткен көрнектi композитор, жазушы, Арқа әндерiн зерттеушi ағамыз Илья Жақановпен кездесу кешiнде өзiнiң «Бiр кезде Ақан едiм аспандағы…» деген деректi хикаят кiтабын маған тарту еттi. Автор өз кiтабында «Балқадиша» әнiнiң шығу тегiн терең зерттеп, тиянақты тұжырым жасайды. Кiтаптың 171-бетiнде Илья ағамыз былай деп күрсiнедi: «Ақан серiнiң көп күйiп, көп сүйiнген жүрегiнiң бiр тебiрене елжiреген кезi «Балқадиша» әнiнде қалып қойды. Бұл ән кешегi бiр кезеңде ұзақ жылдар бойы:
Дегенде Балқадиша, Балқадиша,
Күйеуiң сексен бесте, шал, Қадиша, –
деп айтылып келдi. Әлi де солай айтылып жүр. Өресiз, бiлiмсiз бiреулер уылжыған Балқадишаны қутыңдаған шалға тигiзiп, жүректi ауыртатын, ар-ожданды қорлап, намысқа тиетiн әдепсiз бейнебаян да түсiрiптi. Қандай сорақылық?! Не деген жетесiздiк?! Ненiң не екенiн бiлмейтiн мәңгүрттiк деген осы болар… Қолдан жасалған жалған сөздiң сүреңi санадан өшiп, ұмытылатын емес. Жүрекке байланған дерт ол! Айықпай, жөнделмей келе жатқан зардабынан арылу қандай қиямет… қандай қиянат?! Бүгiнгi және келер ұрпақ еш шындыққа көзi жетпей, «Балқадиша» әнi жөнiнде осы терiс түсiнiкпен кете бере ме?..». Мiне, еститiн құлақ болса, Илья ағамыздың да жанайқайы осындай!
Дәл осы мәселенi көтерiп, дұрыс жолға қоямын ба деген ниетпен 2013 жылы шыққан «Қайран елiм – Қараөткелiм…» деген кiтабымда кеңiнен жазған болатынмын. Амал не, қазiргi өнерпаз жастар кiтап оқымайтын сияқты. Бiздiң жазғандарымыз орталыққа аса жете қоймаса да, Илья Жақановтай атақты ағаларымыздың еңбектерiмен таныс болу әр өнерпаздың мiндетi емес пе?!
Жеңiс ТЕМIРХАН,
өлкетанушы,
Балқадиша Ыбырайқызының немерелес iнiсi.
Көкшетау қаласы.
Суретте: Зеренді ауданында Балқадиша Ыбырайқызына орнатылған ескерткіш.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар