Кемел келешекті көздеген тарихи маңызы зор құжат

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Сергей Звольский, Мұрат Теміржанов, Петр Шарапаев Новомарковка селосында болып, тұрғындармен кездесу өткізді.

Жергілікті орта мектепте өткен жүздесуге іргедегі Ақмырза ауылының тұрғындары да келді. Халық қалаулыларының бұл сапарының негізгі мақсаты – Елбасының Жолдауы мен Үндеуін жалпы жұртқа жақсылап түсіндіру. Алдымен, олар аса маңызды мәселенің бірі – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығы саласының күнгейі мен көлеңкесіне жіті назар аударды. Елбасының Үкіметке жүктеген тапсырмасына орай, ендігі арада субсидиялаудың жаңа жүйесі қарастырылмақ. Алдағы бесжылдықтың бедерінде ұсақ үй шаруашылықтары мен шаруа қожалықтарын біріктіріп, кооператив құру арқылы дамыған шетелдердің деңгейіндегі өрісті өркениет дәрежесіне жету басты парыз саналады. Экспортқа бағдарланған өнім өндіру және оның сапасын жақсарту, мүмкіндігінше суармалы жерлердің игілігін арттыру ауыл шаруашылығының табысын еселей түсер еді.
Аудандық мәслихаттың депутаты, «Хамзе» шаруа қожалығының жетекшісі Ержан Биекеновтың сауалы республикалық маңыздағы Астана-Павлодар бағытындағы автобан және өткел салу мәселелеріне ойыс-
ты. Сондай-ақ, несие үстемесі, көкөніспен айналысатын шаруаларға субсидия бөлу, көп балалы аналарға жәрдемақы, туған топырағына оралған қандастарымызға зейнетақы төлеу тәрізді көптің көкейінде жүрген сұрақтар қойылды. Халық қалаулылары қарапайым адамдар тарапынан көтерілген мәселелердің бәріне түсінікті де тұжырымды жауап берді. Ал, жол мәселесіне қатысты маңызды сұрақ алдағы уақытта назарға алынады.
Аудан әкімі Ермек Нұғыманов халық қалаулыларының көпшілікпен жүздесуі кезінде маңызды мәселелердің мәнін ашып бергендері үшін алғыс лебізін білдірді.
Жұртшылықпен жүздесу түс ауа аудан орталығындағы Үмбетей жырау атындағы мәдениет үйінде жалғасын тапты.

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ,
журналист.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар