Алға қойылған міндеттердің орындалатынына сенім мол

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушылар құрамы мен студенттері  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа арнаған Жолдауын қызу талқылап, өздеріне жүктелген асқаралы міндеттерді орындауға лайықты үлес қосатындықтарын  жеткізді.

Жиынды университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, Әбдімүтәліп Әбжаппаров ашып, жүргізіп отырды. Ректор Жолдауда айтылған  білім беру, денсаулық сақтау саласында қол жеткізген табыстарымыз, ел экономикасын арттыру жолындағы игі бастамалар, қарапайым халыққа жасалып отырған шынайы қамқорлық ілгері басуымыздың нақты көрінісі екендігіне тоқталды.
– Еліміз өзінің 25 жылдық даму кезеңінде тамаша жетістіктерге жетіп, ерен еңбектің үлгісін көрсете білді. Қай салада болсын дамудың, өркениетке жетудің игі қадамдары жасалды. Табыстарымыз бен жетістіктерімізді бүкіл әлем мойындап және жоғары бағалап, басқаларға үлгі тұтты. Жас мемлекетіміз үшін бұл үлкен мәртебе, – деді Әбдімүтәліп Әбжаппаров өз сөзінде.
Бұдан кейін Смағұл Сәдуақасов атындағы ауыл шаруашылығы институтының директоры Жалмұрза Нұрмағаметов «Қазақстан Республикасы Президентінің Жол-дауында айтылған агроөнеркәсіп саласы» тақырыбындағы баяндамасында тәуелсіз еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, барлық салаға серпін беріп, халқымыздың игілігін көздейтін шынайы іс-жоспарларға құрылған стратегиялық құжат ретінде атап өтті.
Оның айтуынша, Ұлт Көшбасшысы еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуіне қатысты пайымдауларын ұсынды. Әсіресе, агроөнеркәсіп саласын өркенді дамытудың нақты жолдарын белгілеп, анықтап берді.
– Елбасы өз Жолдауында болашақта ел экономикасын дамытып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған көптеген мәселелерді атады. Индустрияны ғылыми негізде дамыту, шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсетуді, аграрлық сектордан алынатын өнім көлемін еселеу, тағы басқа маңызды мәселелер қамтылған,  – деді баяндамашы. Ал, филология және педагогика факультетінің деканы Раушан Әміренованың баядамасында Елбасының дамыған өркениетті 30 елдің қатарына қосылу мақсатында жүргізіліп отырған «Үш тұғырлы тіл» саясаты шын мәнінде, елдің ертеңі үшін қажет екендігіне назар аударылды. Яғни, елімізге үш тілді меңгерген, кез-келген жерден ақпарат ала алатын, өз ісін жақсы меңгерген кадрлар керек-ақ.
– «Үш тұғырлы тіл» саясатының нәтижесі ретінде жоғары оқу орындарында үш тілді меңгеріп білім алып жатқан болашақ мамандарды атауға болады. Алғашқы пилоттық жоба ретінде 2012 жылдан бастап біздің университет тарапынан көптілді мұғалім мамандарды даярлау ісі қолға алынды. Кейін бұл жоба 2014 жылы магистратурада да жүзеге асырыла бастады. Қазір 17 мамандық бойынша көптілде білім беру бағдарламасы бойынша сабақ жүргізіледі. Соңғы бес жыл ішінде осы бағдарлама бойынша жұмыс істейтін 60-тан астам оқытушымыз АҚШ, Ұлыбритания, Польша, Эстония, Кипр, Португалия, Испания, Германия сияқты елдердегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтіп келді, – деді Раушан Әміренова. Сонымен қатар, ұжым алдында сөз алған ақпараттық жүйе және есептеу техникасы кафедрасының меңгерушісі Сергей Хан, экономика және есеп кафедрасының аға оқытушысы Гүлдана Қажатова, жалпы тарих және философия кафедрасының профессоры Балташ Кәріпов және отандық тарих кафедрасының магистранты Әсия Әукенованың да ойлары бір жерден шықты. Олардың барлығы да Мемлекет басшысының қолға алып отырған сарабдал саясаты мен  бәсекелестікке қарсы тұра алатын еліміздің мықты экономикасының арқасында Қазақстан дамудың барлық сатысынан мүдірмей өтіп, дамыған 30 елге қосылатынына сенім артып отыр.

 

Аслан Оспанов.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар