Қатерлі ісікті ауру белгілерін ерте анықтап, дер мезгілінде емдеумен ғана жеңуге болады

Ақмола облыстық онкологиялық диспансерінде жатыр мойыны қатерлі ісігі сырқатының алдын алуға арналған  дәстүрлі апталық шеңберінде  дөңгелек үстел отырысы өткізіліп, осы  дертке қатысты өзекті мәселелер көтерілді. 

Дөңгелек үстелді диспансердің бас дәрігері Марат Оспанов жүргізіп, оған облыстық денсаулық сақтау басқармасының, қалалық емханалардың, басқа да мүдделі мекемелердің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Шара барысында жатыр мойыны қатерлі ісігінің жалпы жағдайы, скринингтік тексерістердің пайдасы мен маңызы туралы мағлұматтар айтылды. Қазіргі уақытта қатерлі ісіктерді анықтайтын заманауи әдіс-тәсілдердің нақты тұжырымдамалары бола тұра, бұл мәселе әлі де өзектілігін жоймай отыр. Оның ішінде әйелдер арасында кездесетін жатыр мойыны қатерлі ісігі бойынша бүгінде тестік бақылаулар жасалып, цитологиялық, кольпоскопиялық тексерістер жүргізіп тұрады. Бірақ, қыз-келіншектердің өз денсаулықтарына жауапсыздық танытып, уақытында тексерістерден өтпеуі кейін қайғылы жағдайға душар еткізіп жатады.
Қатерлі ісіктерді зерттейтін халықаралық агенттіктің мәліметтеріне жүгінетін болсақ, дүниежүзінде жыл сайын шамамен 371 мың адам жатыр мойыны қатерлі ісігімен тіркеліп, олардың 190 мыңдайы осы дерттен көз жұмады екен. Облыс бойынша қазіргі таңда 8233 адам қатерлі ісіктің әр түрі бойынша тіркелген. Өткен жылы 1751 адам анықталған, олардың 490-ы емделуі екіталай, асқынып кеткен қатерлі ісіктер. Сонымен қатар, жатыр мойыны қатерлі ісігі облыста 100 мың адамға шаққанда 72 жағдай болып тіркелген, одан кейінгі өлім-жітім 32 жағдайды құрапты.
Облыста 2016 жылы скринингтің үш түрлі тексерісінен кейін, атап айтқанда, сүт безі, жатыр мойыны, колоректалды қатерлі ісігі бойынша 3069 емдеуге болатын және 60 ем қонбайтын, асқынған қатерлі ісікке шалдыққандар анықталған. Жатыр мойыны қатерлі ісігін анықтауға арналған скрининг бойынша 21699 әйелді тексеру жоспарға алынып, оның 21245-і ғана қабылдауға келген. Солардан 1334-інен қатерлі ісікке әкеліп соғатын белгілер анықталса, нақты 10 әйелге қатерлі ісік диагнозы қойылған. Облыста жатыр мойыны және басқа да қатерлі ісіктерді анықтауға арналған жоспарлы жұмыстар жүргізіліп тұрады деген мүдделі мекемелердің анықтамаларында оң көрсеткіштер тізбеленіп тұрса да, Степногорск қаласының және Көкшетаудағы №1 емханаларда, облыс орталығындағы жанында емханасы бар №2 қалалық ауруханада, теміржолшылар ауруханасында, Астрахан, Атбасар, Егіндікөл, Еңбекшілдер, Ерейментау, Жақсы, Зеренді, Қорғалжын, Жарқайың, Целиноград және Шортанды аудандарында қатерлі ісік аурулары анықталмаған. Дегенмен, қатерлі ісік ауруларының алдын алу мақсатында ұйымдастырылған жылжымалы бригада мамандарының жұмысынан кейін бұл аудандар бойынша 116 қатерлі ісік белгілері бар науқастар тіркеуге алынған. Бұл жергілікті жерлердегі медициналық мекемелердің мамандары мен жауапты қызметтерінің толыққанды, тиісті деңгейде жұмыс істемеуінен бе деп ойлауға тура келеді. Немесе мұндағы халықтың өз денсаулығына мүлдем жауапсыз, жүрдім-бардым қарауынан болуы мүмкін.  
Диспансер облыстағы алғашқы көмек көрсету мекемелеріндегі дәрігерлер үшін Алматыдағы онкология және радиология институымен бірлесіп, жылжымалы оқыту циклі жұмысын жүргізеді. Облыстың 98 дәрігері «Халықаралық стандартқа сай қатерлі ісіктерді дер кезінде анықтау мен емдеу» тақырыбында өткен дәрістерге қатысқан.  Сол сияқты онкодиспансер өздерінің медбикелерінің де білімдерін жетілдіру үшін жағдай жасауды оң жолға қойыпты. Олар Көкшетау медициналық колледжінің базасында білімдерін жетілдіреді.
Жылдың басынан бері мекемеде 5-6 рет Ашық есік күні ұйымдастырылыпты. Онда облыс орталығындағы ұжымдардан әйелдер қауымы келіп, тегін тексерістен өткен. Сүт безі мен жатыр мойыны ісігі ауруларын алдын алу үшін мұнда оларға маммолог дәрігерлер мен хирург мамандары сенбі күндері тексеріс жүргізген. Әйелдер қауымы эндоскопиялық, компьютерлік томография, рентген кабинеттерінен тегін өткен. Осы ашық есік күндері тексерістен өткен әйелдердің алтауынан қатерлі ісіктер анықталған. Сондықтан, әрбір әйел жылына бір рет болсын өздерінің денсаулықтарына көңіл бөліп, тексерістен өтіп тұрғаны жөн.
Осыған орай Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінен 80-ге жуық әйел келіп, ашық есік күні аясында тегін тексерістен өтті. Сол сияқты Көкшетау қаласындағы емханалар мен аудандардағы орталықтандырылған ауруханалар мен емханаларда да осындай ашық есік күндері жатыр мойыны мен сүт безі қатерлі ісіктерін анықтау мақсатында ұйымдастырылады. Жалпы, скринингтік осындай жұмыстар медициналық мекемелерде жыл бойы өткізіліп тұрады, бірақ, тағы да адамдардың өздерінің құлықсыздықтарынан науқастар бойларын жайлаған зиянды дерттің ісіктерін тым кеш кезде анықтап жатады.  Мамандардың айтуынша, қатерлі ісіктің болуы мүмкін белгілері ерте анықталып, ем-шаралар дер кезінде жүргізілген науқастар, қатерлі ісікке жетпей, сауығып кетеді екен.
Бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Болат Әбішевтің мәліметтеріне сүйенетін болсақ, осыдан екі-үш жыл бұрын қатерлі ісіктің алдын алуға арналған вакциналарды Қазақстанда да пайдаланудың пилоттық жобасы Павлодар қаласында жүзеге асырылыпты. Алайда, онда мектеп жасындағы балаларға вакцинация жасау кезінде, жасөспірімдердің екпеден қорқып, айғайлап жылаған жағдайларынан кейін, бұл мәселе бұқаралық ақпарат құралдарына сын тұрғысында көп талқыланып, министрлік тарапынан шектеу қойылып тасталыпты. Адамдардың денсаулығына біршама көмек көрсететін вакцинаны өздерінің денсаулықтарына бейжай қарамайтын әйелдер қауымы арасында пайдаланатындар бар екен. Онкологтардың айтуынша, бұл вакцина қатерлі ісіктің алдын алуға әлдеқайда тиімді. Оны дәріханаларда сатып алып, екі кезеңдік немесе үш кезеңдік емшара жүргізуге болады. Вакцинаның бағасы барлығына бірдей қолжетімді деп айту қиын, шамамен 25-70 мың теңге аралығында тұрады.  
– Онкологиялық аурулармен, оның ішінде жатыр мойыны, сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан аналардың дерті гинетикалық құбылыс – тұқым қуалаушылық нәтижесінде қыздарына берілуі мүмкін, – дейді облыстық онкодиспансердің ұйымдастырушылық-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Әсемгүл Қазизова.  Әрине, бұл қыз-келіншектерді қорқыту үшін айтылып отырған жай емес, алайда тәжірибе жүзінде орын алған жағдайлар көптеп кездеседі.
Қазақстан Республикасы бойынша онкологиялық ауруларды скринингтік тексерудің алты түрі бойынша қызмет көрсетілсе, жоғарыда айтып өткенімдей, бізде оның үш түрі бойынша тексерістер жүргізіледі. Олар –
жатыр мойыны, сүт безі және колоректалды қатерлі ісік түрлерін анықтау скринингтері.
Облыста жатыр мойыны қатерлі ісігі сырқатынан адам өліміне әкелетін жағдайлар да кездеседі. Биыл өткен жылдарға қарағанда,  4,7 пайызға дейін төмендеген. Қатерлі ісік ауруларына шалдыққан адамдар көп дегенде бес-алты жыл сырқатына мән бермей жүре алуы мүмкін, бірақ дәрігерге қаралмаса, ауруы асқынып, арты қайғылы жағдайға ұшырайтындар тәжірибеде жиі кездеседі. Сондықтан, әркім өз денсаулығы үшін ерте қамданып, дәрігер мамандарына жиі тексеріліп тұрғаны абзал.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар