Заңдылықты сақтау: міндет және нәтиже

 

Облыстық прокуратураның басқарма басшылары өткен жылдың қорытындысы бойынша  баспасөз мәслихатын өткізді.

Алдымен, қылмыстық үрдістің сотқа дейінгі сатыдағы заңдылығын қадағалау жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Қанат Омаров сөз алып, 2015 жылмен салыстырғанда өткен жылы тіркелген құқық бұзушылық көлемі 4,3 пайызға азайғанын, ұрлық саны 10,2 пайызға көбейгенін, қылмысты істің ашылуы 79,6 пайызды құрағанын атап өтті. Прокуратура қызметкерлері жасырылған он үш қылмыстық құқық бұзушылықты анықтап, есепке алыпты. Тергеу барысында тиісті шаралар қолданылып, екі жарым миллиардтан астам шығынның орны толтырылды. Оның бір миллиардтан астам теңгесі мемлекеттікі. Сондай-ақ, прокурорлар негізсіз жеңілдетілген ауыр қылмыстың бірнеше фактілерін анықтады. Сөйтіп, ауыр қылмыстық істі тоқтату жөніндегі негізсіз шешімдерді ауыстырды.
– Сотты қадағалау басқармасының мамандары ішкі резерв есебінен аса ауыр санаттағы қылмыстық істерге тікелей қадағалау жүргізетін арнайы топ құрды. Қылмыстық үрдісте азаматтар құқығын сақтау кепілі жөнінде  жобамызды Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасында сынақтан өткізіп, тиісті ведомстволық бақылаудың жоқтығы кезінде  тәртіп бұзушылықтың жиі болатыны анықталды. Ай бойы жүргізілген жұмыс барысында өндірісте жатқан істер саны екі есе қысқарды, – деп атап өтті Қанат Омаров. Өткен жылы прокурорлардың бірқатар іске аралас-пауына байланысты азаматтық істің саны азайса да әкімшілік істің саны көбейген. Прокурорлардың наразылығы бойынша 35 азаматтық сот актілері мен 8 әкімшілік іс заңға сәйкестендірілген. Ол жөнінде сотта мемлекет мүдделеріне өкілдік ету жөніндегі басқарманың басшысы Мұрат Әбішев айтып берді. Прокурорлардың ұсынысымен соттар азаматтардың ісі бойынша 60 шешім шығарып, 204 әкімшілік шара қолданыпты. Оның ішінде екі қылмыстық іс қозғалған. Соттан тыс азаматтық іс бойынша он үш қосымша тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде 14 тұлға тәртіпке шақырылып, 25 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған, екі қылмыстық іс қозғалған. Мұрат Әбішев өз сөзінде жалған кәсіпкерлікке байланысты істер бойынша жүйелі жұмыс жүргізілетінін айтты. Мәселен, «Заря» серіктестігінің еңбеккерлеріне қатысты азаматтық іс қаралғаннан кейін прокурордың рапорты бо-йынша сотқа дейінгі тексеру басталыпты. Сондай-ақ, басқарма басшысы мемлекеттік сатып алу, жер заңнамасы салаларындағы заң бұзушылықтар мен «Заң бойынша пәтер» жобасы жөнінде атап өтті. Қазір барлық тоқтатылған әкімшілік іс қаралуда. Атқарушы өндіріс бойынша бірқатар оң нәтижеге қол жеткізілген. Жыл басынан бері еңбекақы бо-йынша құжаттар саны азайған. «Алимент төлемеуге қарсы 30 қадам» пилоттық жобасын жүзеге асыру аясында жұмыс тобы құрылып, бірқатар жұмыс атқарылған. Сондай-ақ, қарызгерлердің мүлкін заңсыз тәркілеуді тоқтату жөнінде жұмыс жүргізілуде. Облыс прокурорының көмекшісі Әсел Шалова өз сөзінде облыс соттары өткен жылы 1628 іс қарағанын айтты.1216 істің шешімі шығарылып, 412 іс тоқтатылған. Он алты апелляциялық наразылық қанағаттандырылыпты. Сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін 45 тұлға сотталған. Сотталған 25 тұлғаға қатысты айыппұл тағайындалыпты.
– Діни экстремизм мен терроризмге байланысты он қылмыстық іс қаралып, барлық үкім заңды күшіне енді. Көп жылдардан бері заңсыз алтын өндірумен айналысып келген Жұманов бастаған Степногорск қаласының тұрғындары сотталды, – деді облыс прокурорының көмекшісі. Әлеуметтік-экономикалық салалардағы заңдылықты қадағалау жөніндегі облыс прокурорының аға көмекшісі Жанар Мұқышева өз сөзінде өткен жылы облыстық прокуратура органдары мыңға тарта тексеріс жүргізіп, төрт мыңға жуық заң бұзушылықты анықтағанын, мыңнан аса прокурорлық қадағалау актісін шығарғанын, алпыстан астам заңсыз актіні жарамсыз деп танығанын атап өтті.
– Мемлекет кірісіне прокурорлық назар аудару актісі бойынша 1 миллиард 433 миллионнан астам теңге қайтарылды. 38 миллион 828 мыңнан астам теңге әкімшілік айыппұл салынды. 340 миллион
377 мыңнан астам теңгенің мүлкі қайтарылды, – деді Жанар Мұқышева. Облыста қоғамдық-саяси жағдай тұрақты. Өңірдегі құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы экстремизм мен лаңкестікке байланысты оқиғаның алдын алуға мүмкіндік берген. Қорғалжын ауданының әкімі, екі аудан әкімінің орынбасары, үш аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің, екі білім бөлімінің басшылары, алты селолық округтің әкімі және өзге де лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылыпты. Прокурорлар төрт қылмыстық сыбайлас жемқорлық заң бұзушылықты тіркеп, сотқа жіберген. Барлығына тиісті үкім шығарылыпты. Облыс прокурорының аға көмекшісі еңбекақы қарызы, экологиялық шығын, бюджет қаржысына қол сұғу тәрізді өзге де заңсыздықтар жөнінде жіліктеп айтып берді. Жиын соңында журналистер өз сауалдарына нақты жауаптар алды.

Рамазан Тілеуов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар