Жолдау – мақсатқа апаратын жол

Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр селосының «Көкше» мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ирина Аронова мен Ирина Унжакова тұрғындармен кездесу өткізіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндеуі мен ел халқына арнаған  биылғы Жолдауының  басым бағыттары  туралы айтып берді.

Красноярлықтар мен халық қалаулыларының кездесуін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов ашып жүргізді. Түсіндіру-насихат жұмыстары басталғалы жиырмадан астам кездесулер өткізіп, халықпен жақын тілдесіп, олардың мұң-мұқтаждары мен көтерген мәселелерін қаперлеріне алып, қойын дәптерлерін жазбаларға толтырып келе жатқан халық қалаулылары бұл жиында алдымен Елбасының саяси реформасы мен маңызды құжаты бойынша жан-жақты түсіндіріп, мағыналы да саяси танымдық  тұрғыдан әңгімелеп берді.
Ирина Аронова кездесуде Елбасының 26 қаңтарда жариялаған Үндеуінің маңызын түсіндіре келіп, конституциялық заңдарға бірқатар өзгертулер енгізілетіндігін, Парламент пен Үкіметтің құзыретінің кеңейетіндігі жайында баяндады. Бұрын орын алған кейбір мақсатсыз бағдарламалар мен жобалардың салдарынан жоғалған қыруар қаржы шығыны азаятындығын нақты мысалдармен айтып берді.
 Мәселен, Білім және ғылым министрлігінің 12 жылдық білім беру бағдарламасын енгіземіз деп, кейбір облыстарда пилоттық жобаларды жүзеге асырып, оған қыруар қаржының шашылғандығын, кейін халық арасында келіспейтін пікірлер, даулар туындаған соң, бұл мәселені Парламент депутаттары талқылай келе, дайындық сыныбын он бір жылдық білім алумен қосып, он екі жылдыққа осылайша ауыстырғандарына тоқталды. Осындай олқылықтар басқа да министрліктердің тараптарынан орын алғандығын, ендігі уақытта мұндай кем-кетіктерге жол бермеуге Парламент депутаттары жауапты болатындығына баса назар аударды.  Ал, Ирина Унжакова өз кезегінде Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауына тоқталды. Ондағы Елбасының алға қойған мақсат-міндеттері мен жүктеп отырған тапсырмаларының маңыздылығына көп көңіл бөлді. Өзі кәсіпкер ретінде бизнес-пен айналысамын деген білімді де білікті адамдарға қандай үлкен мүмкіншіліктер беріліп отырғандығын айтып, азаматтарға өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін несие берілетіндігіне тоқталды. Бұл – шынымен де жеке кәсіппен айналысқысы келетін, бизнесте тәжірибесі бар адамдарға үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар, халық қалаулысы жұртшылықты көп толғандыратын баспана мәселесі де жаңадан енгізіліп жатқан «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында шешілетіндігін, жыл сайын әр қалада 180 пәтерлі үйлер салынатындығын, онда тұрғындар шет мемлекеттерде бұрыннан жүзеге асырылып келе жатқан жалдамалы түрде тұратындықтарын атап өтті.   
Кездесу барысында красноярлықтар Елбасы реформасының заман талабы екендігін айтып, Жолдауға қатысты сұрақтар қойды. Кейбір тұрғындар халық қалаулыларына жеке мәселелеріне қатысты сауалдарын жолдап, көмек көрсетулеріне өтініштерін білдірді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар