Білім бағының бағбаны

Адамзат баласы еш уақытта өмірдің мәнін ұрпақ тағдырынан бөліп қараған емес. Қай халықтың болмасын ең басты парызы – дені сау, рухы таза, салауатты да, саналы ұрпақ тәрбиелеу болып табылады. Ал, мұндай келелі мәселелерді шешуге, дұрыс ұйымдастыруға білікті басшы қажеттігі айдан анық. Біздің мектеп-тің басшысы Санар Сапарқызы Біләлова сондай басшылардың бірі.

Өз еңбек жолын қатардағы физика пәнінің мұғалімінен бастап, аға тәлімгер, директордың тәрбие жұмысы бойынша орынбасары, мектеп директоры лауазымына дейінгі қыруар еңбек жолы, майталман, білімді басшының қажырлы еңбегінің нәтижесінде көтерілген баспалдақтары болып саналады. Бар өмірін жеткіншектерді тәрбиелеуге арнаған Санар Сапарқызының жеңіске толы еңбек жолын бір сәт көз алдымыздан өткізіп көрейікші. Санар Сапарқызы 1957 жылдың 1 қаңтарында бұрынғы Көкшетау облысы Көкшетау ауданының Ақан ауылында дүниеге келген. Осы аудандағы Қызылсая орта мектебін 1974 жылы тәмамдаған. 1974 жылы Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы педагогикалық институттың физика факультетіне оқуға түскен. Алғашқы еңбек жолын 1978 жылы Абай орта мектебінде физика пәнінен мұғалім болып бастаған. Ал 1981 жылы осы мектептің тәрбие ісінің меңгерушісі  болып қызмет атқарды. Жоғары санаттағы мұғалім. 1997 жылдан бастап Абай орта мектебінің директоры  лауазымдық қызметіне тағайындалды.
Санар Сапарқызы 2003 жылдан бері қатарынан үш рет аудандық мәслихатқа Қонысбай аймағынан депутаттыққа сайланды. Осы жайдың өзі ауыл тұрғындарының қалаулысы Санар Сапарқызының басшылық қызметіне деген көзқарасын, сенімін білдіреді. Астанада өткен «Қазақстан Республикасындағы білім берудің қазіргі жағдайы мен болашақтағы даму жолдарының алғы шарттары» атты тақырыптағы парламент отырысына қатысты. Мәжіліс депутаттарының алдында ауыл мектептерінің өзекті мәселелері жайлы баяндама жасап, оларды шешу жолдарын ұсынды.
Санар Сапарқызы басқарып отырған мектеп бірнеше рет облыстық конкурстарда «Таңдаулы ауыл мектебі» атағын жеңіп алды. Талай жылғы еңбегі еленіп, құттықтау хат, мақтау қағаздары және үздік ұстаз ретінде «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 10 жылдығы», «Нұр Отан партиясының 20 жылдығы» мерейтойлық медальдарымен және облыстық балалар одағының атынан «Балалар үшін» медалімен марапатталды. Үлгілі жанұяның ұйтқысы. Жолдасы Бақытжан Қалиұлымен перзенттерін тәрбиелеп өсірді. Анасының жолын қуған қызы Алина Ш.Уәлиханов атындағы  Көкшетау мемлекеттік университетінің  оқытушысы  болса, ұлы Қаныбек мектепте  білікті ұстаз.
Санар Сапарқызы өте қарапайым адам. Кез-келген көкейтесті мәселелердің дұрыс шешімін табуына мүмкіндік туғызып, оқушыларының жағдайын ұдайы ойлап жүреді. Талантты, дарынды оқушылардың сан қырлы өнерінің дамуын, олардың аудан, облыс көлемінде өтетін сайыстарға қатысуын, сөйтіп, үлкен додада шыңдалуын, ой-өрістерін барынша кеңейтуін  қадағалап отырады. Атам қазақ «ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» немесе «жаста берген тәрбие жас қайыңды игенмен бірдей» демей ме. Білімге құштар, өнерге ынтық әрбір жас ұстаздарының осындай жанды қамқорлығын сезініп, қанаттанып, білім көгіне ұшып шығуда. Әр сайысқа барарда батасын беріп, оң сапар мен тілек тілеп, оқушыларға қамқорлық танытып, құрақ ұшып жүретіні қандай ғажап. Тіпті, сол білім сайысына өзі қатысатындай тебіренеді. Бәлкім, шәкіртінің қатысуы да өзінің қатысқанымен бірдей болар. Өйткені, аламан сайыста таразы басына тартылар білім деңгейі алдымен, білім ошағындағы оқу  үдерісін анықтайды емес пе. Ал, ол жердегі тұлға – мұғалім. Қазіргі күні мұғалім беделі солғын тартты деген пікір де айтылып қалады. Мүмкін кей жерде солай шығар, ал, дәл біздің кейіпкеріміз тәрізді ұстаздар мұғалімнің беделін үнемі арттырумен келеді. Санар Сапарқызының бітім-болмысына, адамгершілік қасиеттеріне қарап ұстаз деген қандай болу керек екендігін ұғынуға болады.
Әрдайым жүзі жайдары, қос жанарынан мейірім төгіліп тұратын, келбетті де ұлағатты әріптесіміздің аңқылдаған ақ көңілі оқушыларды өзіне еріксіз тартып тұратыны да шындық. Үлкенмен үлкендерше, кішімен кішілерше сөйлесе алатын өте кеңпейіл, кішіпейіл жан. Мүмкін жас толқынды өзіне тартып, білімімен, мейірімімен баурап тұру өте дұрыс шығар. Сонда ғана ел ертеңі саналатын жас толқын өз бойындағы талабы мен ынтасын ұштай түсері анық.
«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» дегендей, ұстаздық қиындығы мен қызығы мол мамандық болса да, ешқашан қиындығына қажып, шаршап-шалдыққан емес. Өйткені, жан-жүрегімен қалап алған өмірлік мамандығы осы.  
 Білікті басшы биыл зейнеткер жасқа толмақ. Зейнет жолы ерен  еңбектің қиын да, айшықты жетістікке толы өрнегімен зерленген жол деп ойлаймыз. Қашан  көрсең де кісілігі мен кішіпейілдігінен танбаған, қарапайым ауыл мектебінің басшысын тынымсыз қаракетте, үнемі белсенді жұмыс үстінде көріп қайран қаласың. Өзі де бір сәт тыным таппай, басқаны да тыным таптырмай, ұдайы еңбек үдерісіне қосып, мектептегі еңбек көрігін қыздырып, жаңашыл ізденістерге дәнекер болып, барлық ұжымның сапалы қызмет жасауына қолдау танытып жүрген еңбекқор жанның ісіне әрдайым сүйсінесің және үлгі алуға тырысасың.
Санар Сапарқызының өнегелі өмір жолының өрнегін санамалап, ой елегінен өткізіп отырғанда көкірегіңді небір ойлардың қоламтасы қыздырады екен. Зайыры өмір дегеннің өзі  зымыран уақытқа бағынбайтын өлшем екен-ау! Кеше ғана жастық шағымыз жалындап, қалаулы жар атанып, инабатты келін болып, ақ тілекті босағадан аттап едік қой. Қырмызы келіншек болып, бір үйдің шаруасын ұршықша үйіріп, жалындаған қызу шағымызда ұлағатты ұстаздықтың қыр-сырын меңгеріп, түрлі жұмысты жапыра еңсеріп, қандай қиындықтар болса да бәріне төзіп, лапылдаған жігерімізді аямай жұмсаған жастық  шақта бірге жүрген күндерімізді қалай ұмытармыз?! Аяулы ана, ардақты әже, сүйікті жар, абыройлы ұстаз атандық. Бақытты күндеріміз бен мұңайған күндерімізде де бір болдық, сыр бөлістік. Ол бір естен кетпейтін  қимас күндер  екен ғой.
Егделік те есіктен еніп, қылаулап қара шашқа бозамық сәуле шашып кіре бастады. Біз сенімен бірге сақайдық, сонда да бойыңдағы қуат пен қайсар мінез бір мысқал кеміген емес.  Алдағы уақытта да солай болсын. Тәуелсіз Қазақстанымыздың білімді ұл-қызын тәрбиелей берейік.

Нағимаш САЛЫҚОВА,
Гүлжан ҚОЙШЫБАЕВА,
Абай орта мектебінің мұғалімдері.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар