Ұлы Абайды оқитын Таисия

Ұлы Абайдың ұлағат тұнған өнегесін оқитын Көкшетау қаласындағы №1 орта мектептің төртінші сынып оқушысы Таисия Моисеева туралы кездейсоқ естігенбіз. Көріп тілдесуге ынтық болдық. Өз балаларымызды ана тілінде сөйлете алмай, өкініш өзегімізді өртеп жатқанда, өзге ұлттың бүлдіршіні ұлы Абайды оқып, өзі де қазақ тілінде өлең жазып жүргені ғажап емес пе!..

Қазір рас өзге ұлт өкілдерінің жергілікті ұлт тілінде сөйлеуі таңсық емес. Қандастарымыздың орыс тілінде сол ұлттың өзінен бетер сөйлегеніне етіміз үйренгелі қашан. Соңғы бірер жылдың бедерінде өзге ұлттың өз тілімізде сөйлеуін әуелгі баста ел құлағы естіп көрмеген соны жаңалық ретінде қабылдасақ, кейінгі жылдары қалыпты жай тәрізді есептейтін болдық.
– Сегіз жасымнан бастап қазақ тіліндегі көркем әдебиеттерді құмартып оқи бастадым. Жаныма біртүрлі жақын. Оқыған сайын тереңдей бергім келеді. Ұлы Абайды оқыдым, Ыбырай Алтынсариннің мысалдарын, тағы да қаншама көп кітаптарды, әсіресе,
поэзияны оқығанды жаным сүйеді, – дейді Таисия, – тоғыз жасымнан бастап өзім де өлең жаза бастадым. Маған өлең жазуды ешкім үйреткен жоқ. Бәлкім оның ережелерін де, талабын да толық біле қоймайтын шығармын. Бірақ, арғы жақтан келетін ойларды қағаз бетіне түсіргенді ұнатамын. Кейде көшеде келе жатқанда немесе сабақ үстінде ойыма оралған шумақтарды тез жазып алмасам, ұмытып та қалуым мүмкін.
Несі бар, «ақын болу міндет емес, азамат болу парызың» демекші, ана тілімізге, оның мәйегі өлеңге құмар жеткіншектің арманы әдемі-ақ.
–Біздің №1 орта мектепте қазақ тілінде білім беретін екі сынып, орыс тілінде білім беретін төрт сынып бар. Өкініштісі сол, орыс сыныптарында өзіміздің ұлттың балалары толып отыр. Мектеп табалдырығын аттаған кезде біз ата-аналармен сөйлесіп, үгіт-насихат айтамыз. Сонда олар өздерінің өз ана тілдерін білмейтіндіктерін, кейін балалары оқығанда оларға көмектесе алмайтындықтарын сылтау етеді. Осылай жалғасып кете берсе, талай ұрпақтың ана тілін меңгере алмай қалатыны ақиқат, – дейді сынып жетекшісі Ақмарал Балғожина, – Таисияның анасы Елена Валерьевна Көкшетау мемлекеттік университетінде ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. Таисия мектеп табалдырығын аттағанда мен қабылдау комиссиясында жұмыс істеген едім. Қазақ тілінде қамшы салдырмай сөйлеп тұрған баланы көргенде төбем көкке бір-ақ елі жетпей қалды. Менің сыныбыма келді. Сабақты үздік оқиды. Жалғыз қазақ тілін ғана емес, барлық сабақты. Спорттық бимен айналысады. Ресейдің бірнеше қаласында болып, жүлделі орын әкелді.
Ең бастысы Таисия қазақ поэзиясына ғашық. Сөз өнеріне. Сөз өнері дертпен тең. Дертінің дауасы кіршіксіз жан дүниесіндегі шымырлап қайнап келген сезімінің селін сөзбен өрнектеу.
Таисия жазған балауса жырларды оқып көрдік. Тәп-тәуір. Әрине, қатаң талап емес, тілектес көңілдің таразысымен. Енді сол сәби жырлардың бір-екі шумағын оқырман назарына ұсынсақ, кісінің көзі жетер еді.
Ана тілі
Ана тілі дегеніміз,
Отан тілі балалар.
Отан жайлы сөз бастасақ,
Тілімізге оралар.
Болашақта тіл тағдыры,
Болсын жарқын, достарым.

Көктем
Көктем келді құлпырып,
Құстарды бірге ұшырып.
Мен қызыға қараймын,
Қуанышқа балаймын.

Ата-әже
Үйде болса қарт адам,
Соған қамқор боламыз.
Кітап оқып оларға,
Құрметпенен сыйлаймыз.

Таисия небары төртінші сыныптың оқушысы екендігін тағы бір қайталап айтсақ. Тіл туралы толғанысы құптарлық. Тіпті, ересектердің ойына орала бермейтін жай. Ал, ата мен әже туралы ықыласы қандай жақсы. Еркелетпек, сыйламақ. Бала түгіл үлкендерден табыла бермейтін сезім.  
Жолың болсын дедік Таисияға. Тілді құрметтегенің елді құрметтегенің. Осы өнеріңмен сыныптастарыңа, әсіресе, өз тілін білмейтін балаларға өнеге болшы.

Б.КӨБЕЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар