«Сыйлассақ, бір ай сыйласайық»

Табандатқан жетпіс жыл бойы орысшасы орығып тұрған Көкшетау қаласын соңғы бірер жылдың бедерінде ағылшын тіліндегі атаулар жайлап кетті.

 

Кейінгі толқын оқыса оқи алатын шығар, ал, орта буын, әсіресе, үлкендер қолдарына сөздік алып жүрмесе іздегенін таба алатын түрі жоқ. «Бояушы бояушы деген сайын сақалын бояйды» дегеннің кері. Ақырып тұрған ағылшыншасының қасына көзі үйренген орыс тіліндегісін қосарлап жаза салса қайтер еді. Қазақшасының керегі жоқ, оны сіз де, біз де түсінбейміз. Білгіш екеніңізді көрейін, мына жазудың не деп айтып тұрғанын жақтан тілді айырғандай етіп ұғындырып берсеңіз, келесі айда алатын жалақымның жартысын сізге беремін. Көкшетау қаласындағы Әуелбеков көшесі мен Куйбышев көшесінің қиылысқан жерінде жалпақ әлемнің жартысын алып, көзі дұрыс көретін адам үш шақырымнан оқи алатын үлкен-үлкен әріптермен жазылған мына жазуды қалай түсінер едіңіз.
«Бір ай сыйлаймыз» деп жазылыпты әсірелеп айтқанда кісі бойындай дәу-дәу әріптермен. Дұрыс қой енді, ғұмыр бойы сыйлайтындай кімнің шікірәсі едіңіз. Тіпті, аяғың аспаннан салбырап түссе де бір ай ғана сыйлаймыз. Содан кейін не боларын құдай қаласа, аман-есен жетсек көре жатармыз.   
Елдегі Есенбай құрдас қырлы стақанды төртінші рет соғыстырғанда сен мені сыйлайсың ба деп көзін ежірейтетін. Сыйластық бөтелкенің түбі көрінгенше, ішіндегісі сарқылғанша жалғасатын. Оған қарағанда мыналардікі тәп-тәуір, бір ай сыйлаймыз деп тұр ғой, бір ай! Бір ай дегенің құдай-ау, қанша уақыт. Сосын не істейді? Бар болғыр сосын сыйламай қоятын шығар. Ол жағын енді өздерінен сұрап алмасаңыздар, мен анық біле қоймаймын…

Байқал Қайырлыұлы.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар