Күмбірледі домбыра

«Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігі мен қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Көкшетау қаласы әкімінің кубогына арналған облыстық «Қасиетті домбыра» байқауы болып өтті.

Өлі тыныштықта күмбірлеген домбыраның үні неткен қуатты еді. Ғажап әуен!  Қазақ халқының барша тыныс-тіршілігі, өткені мен бүгіні қос шекті аспаптың тілінде сөйлеп тұрғандай. Жүрегіңді елжіретіп, ұлттың ұлылығын танытатын, рухани нәр беретін де осы домбыра. Тек оны жан жүрегіңмен түйсініп, түсіне білуің керек. Күй өнерінің тарихында Құрманғазы, Дина, Тәттімбет тәрізді дара тұлғалардың дауылпаз үні, дауылпаз үні ғана емес,  қалақтай ғана аспапқа сиғызған Алатаудай биік арман-мұраты, Сарыарқадай шетсіз, шексіз сезімі қалған. «Толқынды толқын қуады» демекші, киелі Көкше топырағы да өнерпаздардан кенде емес. Аға ұрпақтың сара жолымен талай дарынды ұл-қыз өсіп келеді. Оған «Қасиетті домбыра» байқауында анық көз жеткізе алдық.
Біржан сал атындағы Көкшетау музыка колледжінде өткен байқауға Көкшетау қаласы мен Ерейментау, Зеренді, Ақкөл, Егіндікөл аудандарынан 25 үміткер қатысты. «Үздік күйші», «Үздік дәстүрлі әнші» аталымдары бойынша іріктеу кезеңінен сүрінбегендер финалға жолдама алып, өз бақтарын сынады. Шу дегеннен бағы мен бабы келіскен өнерпаздар шын жүйріктің шабысын көрсете алды десек еш қателеспейміз. Бірақ, бес саусақ бірдей емес. Бірі күй тартудан жаңылса, бірі әннің сөзін ұмытып жатты. Әртістік шеберліктерін көрсете алмаған қатысушылар да болды. Бірақ, бәрі бірдей емес. Болашағынан үміт күттіретін жастарды көргенде  кеудемізді қуаныш сезімі кернегені рас. Осы орайда, «Үздік күйші» аталымында «Жұмыр қылыш», «Шаңдыжорық», «Адай» күйлерін орындаған Нұрмағамбет Зинулғабиден, Ақбота Досымбекова, Алмаз Мұқышев пен Әлішер Байғабылов, Сұңғат Серікбай есімді қатысушылар жақсы өнер көрсетті. Сондай-ақ, «Үздік дәстүрлі әнші» аталымында «Ақбұлақ» әнін орындаған Аңсар Берденов, «Біздің жақта» әнін шырқаған Ақбота Мәшкенованың өнеріне сүйсініс таныттық. Әсіресе, Кенен Әзірбаевтың «Ой, жайлау» әнін Мағжан Кәрібаев нақышына келтіре орындады. Оның әртістік қабілетін де ерекше атап өтуге болады.
Байқау қорытындысы бойынша «Үздік күйші» аталымында Мағжан Кәрібаев, «Үздік дәстүрлі әнші» аталымында Нұрмағамбет Зинулғабиден жеңіске жетті. Ал, Қарақат Серғазы ерекше дауыс иесі атанып, Әлішер Байғабылов көрермен көзайымына айналды. Жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, символикалық домбыра кәде-сыйларға ие болды. Ал, қатысушылардың барлығына Алғыс хаттар табыс етілді.
Кеште Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова сөз алып, жыл сайын «Қасиетті домбыра» байқауының өтуіне қолдау білдіретіндерін айтып, көңілге қуаныш ұялатты.
Байқаудың соңында ұйымдастырушылар дарынды ұл-қыздарды Көкшенің тұмса табиғатымен таныстырып, көрікті жерлерді аралатты. Сондай-ақ, қатысушылар тарихи-өлкетану музейінде болып, қаланың тарихымен жете танысуға зор мүмкіндік алды.

Ақмарал ЖАНҒАЛИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар