Генералдың қолынан марапат алды

А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттеріне Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Мұхтар Алтынбаев пен Икрам Адырбеков, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Анатолий Башмаков Елбасының Үндеуі мен Жолдауын жан-жақты түсіндіре келе, әскери кафедра курсанттарының бір тобына марапаттар тапсырды.

 

Сенат депутаттарының Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 26 қаңтарда жариялаған Үндеуі мен халыққа арнаған биылғы Жолдауын түсіндіру-насихаттау мақсатында ұйымдастырылған кездесуді аталған оқу орнының ректоры, заң ғылымдарының докторы Мәди Елубаев ашып, халық қалаулыларына университеттің жетістіктері мен күні кеше Алматы қаласында өткен Универсиадаға қатысқан Руслан Ереминнің жетістіктерін айтып, спортшы студенттерін мақтан тұтты. Өткен жылы бокстан әлем чемпионы атанған Дина Жоламанның да осы білім ордасының студенті екендігін ерекше атап өтті.
Бұдан соң Көкшетау университетінің профессоры, Анатолий Башмаков әріптестерімен таныстырып, ел игілігі үшін атқарған жұмыстарын айтты.  
Парламент Сенатының депутаты, Халық Қаһарманы, халықаралық қатынастар жөніндегі комитеттің мүшесі Мұхтар Алтынбаев Үндеуге қатысты Елбасы өзінің қырыққа жуық өкілеттігін, яғни, билік тармақтарын бөлу туралы шешімді саналы түрде қабылдағанын, бізге қазіргі таңда бұл реформа аса қажет екендігіне тоқталды. Сонымен қатар, ол жалпы президенттік институт сақталып қалады, 1995 жылы қабылданған Ата заңға өзгертулер заман талабына сай енгізіледі деді. Осыған орай, қырыққа жуық заңға қосымша өзгертулер енгізілетіндігі белгілі болып, оның да мән-маңызын жан-жақты түсіндіріп берді. Жалпы, билік тармақтарын бөлу реформасы Елбасының 5 институционалдық бағдарламасын, яғни, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын толық жүзеге асыруға оң ықпалын тигізетіндігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, реформаның билік институтын кеңейтуге жол ашып отырғандығына назар аударды.
Халық қалаулысы бұдан соң «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Елбасының ел халқына арнаған Жолдауына қатысты да біраз мәселелерді түсіндірді. Дамыған мемлекеттердің отыздығына қосылу үшін Елбасының біздің алдымызға міндеттеп отырған тапсырмаларын орындап, алға ұмтылсақ жететіндігімізге сенім білдірді. Екі жаңғыру кезеңінен өтіп, үшіншісіне қадам басқалы отырған мемлекетте 2050 жылға қарай елдің жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі кем дегенде 50 пайызды құрауы қажеттігіне басым назар аударды. Бұл біздің еліміздің тұрғындарының қолынан келетіндігін атап өтті. Сондай-ақ, Жолдаудың барлық басымдықтары бо-йынша нақты түсініктер беріп, цифрлық қызмет түрлерін дамыту қазіргі біздің басты мақсатымыз екендігіне де көңіл аударды.
Парламент Сенатының депутаты, халықаралық қатынастар жөніндегі комитеттің хатшысы, экономика ғылымдарының докторы  Икрам Адырбеков те Елбасының Үндеуі мен Жолдауына қатысты пікірлері туралы айта келіп, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары, еңбек нарығын дамыту, адами капитал сапасын жақсарту мәселелеріне тоқталды. Бұдан кейін оқытушылар мен курсанттар маңызды құжатқа қатысты өздерінің ой-пікірлерін ортаға салып, Елбасының игі бастамаларын қолдайтындықтарын жеткізді.
Кездесу соңында университеттің әскери кафедрасында оқитын курсанттар арасынан оқу озаттары, университет өміріне белсенді араласып, өздерін жақсы қырларынан танытып жүргендері үшін Алғыс хаттарды Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаевтың қолынан ерекше мақтанышпен алды.   Бұл кездесу оқу орнының ректоры Мәди Елубаевтың туған күнімен қатар келгендіктен, халық қалаулылары оған жылы лебіздерін білдіріп, естелік сыйлықтарын табыс етті.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар