Мемлекеттік қолдаудың тетігі өзгерді

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында «2017 жылғы көктемгі егіс және орақ жұмыстарын өткізу үшін  агроөнеркәсіп кешенінің субъектілерін қаржыландыру тетігі» және «Инвестициялық жобаларды қаржыландыру» мәселелеріне арналған кеңес болып өтті.

Қала мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқарма,  аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері, аумақтық инспекция мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, республикалық және өңірлік қаржы институттары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан кеңесті ашып жүргізген басқарманың басшысы Мұрат Балпан өңірде жыл сайын «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының кепілдігімен көктемгі және жазғы қаржыландыру арқылы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден бидай мен арпаны алдын ала сатып алу бойынша несиелік бағдарлама жүзеге асырылатынын айтып өтті. Өткен жылы бұл бағытқа 5,5 миллиард теңге қаржы бөлініп, өңірдің 795 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріне берілді. Бұл қаржы белгіленген мерзімде толық көлемде қайтарылды. «Агробизнес-2017» бағдарламасы аясында мемлекет бюджеттің барлық деңгейінен тікелей қаржыландырмайтын болды. Үкіметтің өткен жылғы қаулысына сәйкес, «Аграрлық несиелік корпорациясы» акционерлік қоғамы қаржы агенттігі тізіліміне енгізіліп, республикалық бюджеттің бюджеттік несиесі міндеттемесін орындамай-ақ бөлінеді.
2017 жылдан бастап көктемгі егіс пен орақ жұмыстарын өткізу үшін несиелеу тетігі мен инвестициялық жобаларды қаржыландыру «Аграрлық несиелік корпорациясы» акционерлік қоғамына берілді. Көктемгі егіс жұмыстарын несиелеу мәселесіне қатысты ұсынылған сұлба корпорация тікелей екінші деңгейлі банктердің кепілдігімен агроөнеркәсіп кешені субъектілерін несиелеуге бюджеттік несие бөлуді қарастырады. Сондай-ақ, бұл сұлбаны 6-7 пайыздан аспайтын сыйақы үстемесімен екінші деңгейлі банк, несиелеу серіктестігі, өңірлік институт орталығы және  халықаралық қаржы ұйымы қорландырады. Инвестициялық жобаларды қаржыландыру бағдарламасы бойынша  он жылға дейінгі мерзімге теңгемен беріледі. Несиелеу үстемесі республикалық бюджет қаржысымен тартылған қаржыны өзгерту есебінен біршама азайтылған. Мәселен, ол тікелей қарызгерлер үшін соңғы ставка 11,28 пайыз, екінші деңгейлі банктер үшін жылына 9,17 пайыз. Кеңесте тұсауы кесілген несиелеу тетіктері қолжетімді қаржы ресурстарымен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қамтамасыз етуге бағытталған мемлекет жүргізетін саясат үлгілерінің бірі болып табылады. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Аграрлық несиелік корпорациясы» акционерлік қоғамының өңірлік даму департаментінің директоры Айжан Кенжебаева жіліктеп айтып берді.
– Биыл бюджеттен 60 миллиард теңге несиелік қаржы бөлінді. Оның операторы біздің акционерлік қоғам болып табылады. Қаржыландыру үш бағытта жүргізіледі. Заңды және жеке тұлғаларға, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне берілетін тікелей несиелендірудің үстемесі 2 пайызға төмендеді. Екінші деңгейлі банктерді қорландыру арқылы фермерлер төмен үстемемен  несиелендіріледі. Үшінші бағыт – республикалық бюджет қаржысымен несиелік серіктестік арқылы несиелендіру. Мұның да жылдық үстемесі төмен. Несиелік қаржы басымдыққа ие дақылдар сіңірушілерге бағытталған. Мәселен, майлы және өзге де дақылдардың әр гектарына арнайы нормативтегі мөлшерде 22 миллиард теңге несиелер көктемде беріледі. Бүгінгі таңда 38 миллиард теңгенің несиесін алуға болады, – деген департамент директоры несиенің кепілдігі, нормативтері мен үстемесін, оны алу тетігі мен тәртібін түсіндіріп, біршама сауалдарға жауап берді. Несие ақпан айының ортасынан бастап өтінім арқылы беріле бастайды. «Жібек жолы» бағдарламасы бойынша корпорациядан өңдеуші кәсіпорындар құрылыс жүргізуге, айналымдағы қаржысын толтыруға он жылға несие ала алады. Бұдан кейін «Азық-түлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының астық ресурстарын басқару жөніндегі департаментінің директоры Рүстем Жанатаев сөз сөйлеп, биылғы жылы көктемгі егіс пен орақ жұмыстарын өткізуге агроөнеркәсіп кешені субъектілерін қаржыландыру тетігі жөнінде айтып берді.
– Біздің акционерлік қоғамның стратегиясы аздап өзгерді. Майлы дақылдарды екінші деңгейлі банк арқылы қаржыландырудың міндеттемесі осы дақылдарды күзде қайтару арқылы жүзеге асады. Өйткені, өңдеуші кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету керек. Қазір еліміздің май және құрама жем зауыттары толық қуатында жұмыс істемейді. Керісінше, майлы дақылдар шетелдерге экспортталады. Біздің корпорацияда экспорттық орталық құрылуда. Бұл шағын шаруашылықтарға үлкен көмек. Сондай-ақ, жекеменшік қаржыдан несие бере аламыз. Өткен жылы Ақмола облысының ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері 5 миллиард теңге несие алды,–деді Рүстем Жанатаев. Ауыл шаруашылығы өндірістік кешені саласының ауыл шаруашылығы кооперативтері жұмысы жөнінде «Өңірлік астық холдингі» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі басқармасының төрағасы Ербол Тәшенов айтып берді.
– Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп, экспорттау үшін мықты кооперативтер қажет. Бұл ауқымды бизнеске жол ашады. Кооперативтер несие алуда басымдыққа ие. Олар өнімдерді көтерме бағамен сатып алып, бағаның одан әрі көтерілмеуіне ықпал етеді. Өңдеуші кәсіпорындарды астықпен қамтамасыз етеді. Кооперативке кіру үшін шаруашылықтың құрылымына орай өз талаптары бар. Өткен жылы бірқатар қатысушыларды қаржыландырдық. Ғалымдармен бірге елу шақты астық тұқымын сынақтан өткізудеміз. Холдинг астық экспорттауға келісім-шарт та жасайды. Кооперативтің болашағы зор болғандықтан, қатысушыларды өз қатарымызға қабылдауға дайынбыз, –
деді басқарма төрағасы. Биылғы жылы «Агробизнес- 2017» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өңірдің ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға 27 миллиард теңге бөлінгенін атап өткен жөн. Егіншілік пен мал шаруашылығы салаларын мемлекеттік қолдау жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жауапты мамандары айтып берді.
– Мал шаруашылығын қаржылай қолдаудың тетігі де өзгерді. Енді субсидия етке өткізілген мал басына төленеді. Бұл мал бордақылау алаңдарына үлкен көмек. Сауынды сиырдың басы елуден асса, субсидия беріледі. Қазір осы салада ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру жөнінде өңірлерге шығып, түсіндірудеміз, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов. Егіншілік бөлімінің басшысы Жұмабек Әбуов өз сөзінде егіс алқаптарының құрылымымен танысқандарын, оның 4,3 миллион гектарды құрағанын атап өтті.
– Биыл 220 мың гектарға майлы дақылдар сіңіреміз. 18 мың гектарға картоп, 4,3 мың гектарға көкөніс отырғызамыз. Мемлекет 10,3 миллиард теңгенің қолдауын көрсетеді. Минералдық тыңайтқыш сатып алуға 1,5 миллиард теңге қарастырылған. Субсидиялауға 3,6 миллиард теңгенің өтінімі түсті. Ал, біздің облысқа тек 1,5 миллиард теңге ғана бөлінді. Биыл 63 мың тонна минералдық тыңайтқышқа өтінім түсті. Жоспарланған гербицидтің жартысы сатып алынады. Былтыр тұқым өсіретін шаруашылықтарды қолдай алмадық. Биыл тұқым сатып алуды қамтамасыз етеміз. Субсидиялауға шаруашылықтардың құжаттарды дұрыс ұсынбауы қынжылтады, – деді  бөлім басшысы. Несиелеу бағдарламасы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсу көлеміне оң ықпалын тигізетінін, осының арқасында жергілікті жерде қолайлы әлеуметтік-экономикалық жағдай қамтамасыз етілетінін атап өткен жөн.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар