Майдангерге құрмет көрсетілді

Бүгінде Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің қатары сиреп қалды. Бұланды ауданында осы күні көзі тірі алты майдангер ғана  бар. Олардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері Антон Лысенко. Ол биыл 29 қаңтарда 92 жасқа толған туған күнін атап өтті.

Қазіргі таңда ардагер үшін әр туған күн, әр мереке қымбат. Дегенмен, кәмелет жасына жетпей, зұлмат соғыстың қиыншылықтары мен ауыртпалықтарын көрген қария әлі де тың. Әңгіме барысында белсенді өмір салтын ұстанып, қоғамда болып жатқан жайларға өз көзқарас-пікірлерін білдіріп, азаматтық ұстанымы берік тұлға екенін аңғардық.
Антон Григорьевич 1925 жылы бұрынғы Целиноград облысы Макинск ауданының Отрадное селосында дүниеге келген. Әскер қатарына алынғанға дейін ұжымшарда жұмыс істеген. 1943 жылы кәмелет жасына жеткеннен кейін Қызыл әскер қатарына шақырылады. Арнайы дайындықтан өткеннен кейін Қиыр Шығысқа әскери борышын атқаруға аттанады. Онда байланыс қызметі бойынша әскери борышын өтейді. 441 байланыс батальоны құрамында Манжуриядағы жапон милитаристеріне қарсы ұрысқа қатысты. Әскери міндетін абыроймен атқарып келгеннен кейін, аудан өміріне белсенді араласып, өңірдің өркендеуіне зор үлес қосады.
1950 жылы бұрынғы Макинск ауданының статистика бөлімінде қызмет етеді. Тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында сол кездегі Балкашинский ауданының ауыл шаруашылығы басқармасының инспекторы болды. 1969 жылдан бастап, зейнет демалысына  шыққанша, Макинск мұнай базасында жұмыс істейді. Өмірлік серігі екеуі үш баланы дүиеге әкеліп, бүгінде олардан көрген немерелерінің қызығын тамашалап, ғибратты ғұмыр кешуде. Балалары мен немерелері жыл сайын әр Жеңіс күні аталарын құттықтап, сый-сыяпат көрсетуді әдетке айналдырған.
Қарт майдангер екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» және тағы да басқа мерейтойлық медальдерімен марапатталған.
Ел басына күн туған сын сағатта, Отан үшін от кешкен майдангердің қуанышымен бөлісу үшін оның отбасына аудан әкімінің орынбасары Бахыт Тасылбекова мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Күлән Сейдахметова арнайы барды. Ардагерді туған күнімен құттықтай барған қонақтарды қарт ардагер қуана қарсы алды. Ашық-жарқын әңгіме барсында ол сұрапыл соғыста бастан кешкен оқиғаларын, бірге жүрген жора-жолдастарын айтып, қазіргі бейбіт күнде өмір сүріп жатқанымызға шүкіршілік етті. Отанымызға тыныштық тіледі.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Бұланды ауданы.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар