Кейбір кәсіпкерлерге тіл емес, ақша қымбат…

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Арман Бердалин журналистермен баспасөз мәслихатын өткізіп, осы бағытта өткен жылы атқарылған  жұмыстар жайында  баяндап берді.

Қазір  облыс бойынша 19 тілдерді дамыту орталығы жұмыс істейді. Орталықтарда  мемлекеттік тіл тиісті деңгейде  оқытылады.  Сонымен қатар, кейбір орталықтарда  ғылым мен технологияның тіліне айналған  ағылшын тілі де  үйретіледі екен.
Мемлекет басшысы биылғы халыққа арнаған Жолдауында маңызды ақпараттардың 90 пайызы ағылшын тілінде берілетінін,  осыған орай ағылшын тіліне  жете көңіл бөліну қажеттігін  айтқан болатын. Облыста мемлекеттік бағдарламаға сәйкес,  2012 жылдан бері тілдерді оқыту орталықтары жанынан ағылшын тілі  курстары жұмыс істеуде.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Түрлі ұлт-өкілдерінің өздерінің  ана тілдерін  ұмытпауы үшін «Шаңырақ» тілдерді оқыту мектебінде қазақ, орыс, поляк, өзбек, кәріс, ингуш, армян, татар, әзірбайжан, чуваш тілдерінен 200-ге жуық мектеп оқушылары дәріс алады. Бурабай ауданындағы  «Видергебург» неміс қоғамы  неміс тілі курсын ашқан. Сандықтау ауданындағы  Красная поляна ауылының жоғары сынып оқушылары шешен тілін үйреніп жатса, Атбасар қаласындағы «Целина» қоғамдық қоры  ағылшын және неміс тілдерінің ақылы  курстарын ұйымдастыруда.
Өткен жылы тілдерді дамыту басқармасы «Мемлекеттік тіл және БАҚ», «Тіл – парасат», «Ой-сана», «Тіл – дарын», «Тіл мерейі», «Тіл шебері», «Абай оқулары» мен  Оралхан Бөкей атындағы көркем сөз оқу шеберлерінің облыстық байқауларын ұйымдастырды. Мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында  6 баннер Көкшетау қаласының көшелеріне ілінген. Өткен жылы «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты облыстық ақындар мүшәйрасы, дөңгелек үстелдер мен  ономастикалық комиссияның отырыстары және Көкшетау, Степногорск қалалары мен Атбасар, Жақсы, Ақкөл, Целиноград аудандарының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері жеке кәсіпкерлер арасында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының сақталуы жөнінде акциялар мен семинарлар  өткізді.  
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында облыста  281 көше, төрт  балабақша,  бір ауыл атауын  қайта атау мәселесі облыстық ономастика комиссиясында қаралып,  мақұлданды.  Облыс елді мекендеріндегі  көшелер қазақтың  көрнекті ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсариннің,  ақын  Хамит Ерғалиевтың, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, публицист, ғалым  Әлихан Бөкейхановтың, жауынгер жазушы Баубек Бұлқышевтің, Қазақ КСР-інің халық әртісі, актер Кәукен Кенжетаевтың, қоғам қайраткері, ғалым, ұстаз  Қайым Мұхамедхановтың есімдерімен аталмақ. Басқарма басшысы Атбасар ауданындағы Новоалександровка селолық округі Бастау ауылдық округі, Новоалександровка селосының атауын Бастау ауылы, Целиноград ауданындағы Воздвиженка селолық округі Нұресіл ауылдық округі, Воздвиженка селосының атауы Нұресіл ауылы  деп  аталғандығын атап өтті.  
Мемлекеттік тілге қатысты орын алып жататын олқылықтар да жоқ емес.  Кейбір сауда кешендерінде мемлекеттік тілде орфографиялық қателер самсап тұр. Басқарма басшысының айтуынша, кейбір жеке кәсіпкерлер сөздің қате жазылып тұрғанын емес,  сол баннерге жұмсаған ақшаны ойлап, ауыстырмайды екен.

Назгүл Рабилова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар