Әр қырынан қарастырды

Достық үйінде облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың төрағалығымен биылғы жылғы Елбасының халыққа арнаған  Жолдауы және Конституцияға енгізілетін өзгерістер туралы дөңгелек үстел  өтті. Оған ұлттық мәдени орталықтардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.

– Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында халық үшін маңызы зор мәселелер көтеріліп, атқарушы биліктің алдындағы нақты міндеттер айқындалады. Биылғы Жолдауда да уақыт талабына сай еліміздің алдында тұрған нақты міндеттер мен болашақ даму бағдары жайында жан-жақты айтылды. Жолдауда көтерілген сандық технология жайы  ақпараттық кеңістікті ғаламтор жаулап алған қазіргі күні өзекті мәселеге айналып отыр, – дей келе, облыс әкімінің орынбасары интернеттің қоғам өміріндегі рөлінің артуына байланысты Елбасы Жолдауында көтерілген сандық технологияны дамытудың маңыз алып отырғандығын атап өтті.
Облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауындағы маңызды мәселелер жайында баяндап,  еліміздің тәуелсіздігін алған ширек ғасыр уақыт ішіндегі қол жеткен айтулы жетістіктері жайында әңгімеледі. Биылғы жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанның БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қызметке кірісуі халықаралық қауымдастықтағы елеулі орнын айқындап бергендей болып отыр. Жазда өтетін халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі де мемлекетіміздің әлем елдері арасындағы беделін арттыра түсері анық. Ардагер Елбасы ұсынысымен Конституциямызға енгізілетін өзгерістерге байланысты да ой-пікірлерін ортаға салды. Бұрын Үкіметті Президент құрып, таратуға құзырлы болса, ендігі уақытта Парламент құрып, тарататын болады. Жергілікті атқарушы биліктің құзыры да біршама кеңи түспек. «Алмақтың да салмағы бар» демекші, атқарушы және өкілетті органдардың құзыретінің кеңеюімен бірге, жүктелер жауапкершілік жүгі де арта түспек.  
Облыстық «Орыс қауымдастығының» төрағасы Александр Артеменко да Елбасы Жолдауына байланысты өз ой-пікірлерін ортаға салды. Жолдауда білім, оның ішінде кәсіптік білім беруді дамытуға қатысты біраз жайлар айтылған. Осы орайда, «Орыс қауымдастығының» төрағасы жоғары білім алған мамандарға қарағанда жұмысшы мамандарының жалақы деңгейі біршама жоғары екендігін айтып, кәсіптік білім алу қазіргі күні қолжетімді болып отырғандығына назар аударды.
Шешен-ингуштардың «Вайнах» қоғамының төрағасы Герихан Яндиев еліміздің басты байлығы – татулығымыз бен достығымыз екендігін, жыл сайынғы Елбасы Жолдауларында бұл мәселеге ерекше назар аударылатыны жайында айтып, әлемді шарпыған экономикалық дағдарысқа қарамастан елімізде, оның ішінде біздің облысымызда өндірістің қарқынмен дамып отырғандығын атап өтті. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өткен жылдың өзінде облыс орталығында көптеген көшелер жөнделіп, қыруар жұмыстар атқарылды деді ол.
Шараны қорытындылаған облыс әкімінің
орынбасары биылғы Елбасы Жолдауында көңіл бөлінген маңызды мәселелерді ұлттық орталықтар мен қоғамдық ұйымдар халыққа жеткізуге атсалысуы қажеттігін атап өтті.

Қалкөз Жүсіп.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар