Құлагердің арғы тегі

Көкшетау қаласында менің құдамның құдасы, өз аймағының қадірлі бір ақсақалы Есләмбек Қасқаровпен аралас болғаныма он жылдың жүзі болған еді.

Осы күні марқұм болған Есләмбек Молдахметұлы кезінде Щучье аудандық партия комитетінің хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы, Көкшетау облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, Көкшетау жылқы зауытының директоры қызметтерін атқарған адам. Кезінде қазақтың біртуар азаматтары болған Дінмұхамед Қонаев, Саттар Имашев, Бәйкен Әшімов сияқты асқар тау ағалардың әңгімесін тындап, ақыл-кеңестерін өмір бойы жолшырақ етіп өткен жан. «Ауылым қонған Сырымбет саласына» дегендейін, атақты Сырымбеттің төл тумасы. Әр саладан хабары мол. Әсіресе, жылқы, ат бәйгесі жайында әңгіме қозғала қалса, ішер асын жерге қоятын. Кезінде осы адамнан бәйге аты, оның сыншысы, ақырында қазақ арасында тұлпардың символы болып қалған Құлагер жайында естіп-білгенімді оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдім. Сонымен, Есеке сөз сізде дедім.
– Мен еңбек жолымды жылқы зауытына біраз жыл басшылық жасаумен аяқтағанымды  білесіз. Республика көлемінде атағы жер жарып тұрған бірнеше жылқы зауыттары тоқырау кезеңінде тығырыққа тірелді. Көкшетау жылқы зауыты да асыл тұқымды жылқылар өсіріп, жан-жаққа сатумен айналыс-ты. Ғаламат сәйгүліктер, әсіресе, асыл тұқымды айғырлар әсем дене бітімімен, тәкаппарлығымен, сұлулығымен көздің жауын алатын. Меніңше, төрт түліктің ішіндегі сұлуы, ең естісі – жылқы малы.
– Есаға,–дедім мен де қызыға оның сөзін бөліп,– соңғы кездері баспасөз беттерінде, теледидар арқылы ат сыны, сыншылар жа-йында көп жазылып, көп айтылады. Жалпы, осы жайында не айтар едіңіз?
– Орынды сауал. Бұл мені де аз толғандырмайды. Бірақ, біздің өткен бабаларымыздай сыншы бүгінде жоқ. Тарихтан жақсы білесіз, қазақ даласын былай қойып, сыншылық қабілеті қырғыз, қарақалпақ, тіпті, одан да тысқары жерлерге жайылған Толыбайдай сыншылар да бізде болған. Өзіңіз білесіз, «Дарабоз» есімі аталған жерде «Қубас» аты қоса аталады. Ол заңды да. Жылқы деген киелі, қасиетті жануарды ердің қос қанатына теңеу де тегін емес.
– Ендеше, мына жайға құлақ түріңіз, Есеке. – Қабанбай батыр сол кездегі өз заманының алғыры Боранбай бимен бір кездескенінде: «Қандай ер, өр болсаң да астыңдағы атың жаумен айқасқанды былай қойып, өзіңді көтере алмай теңселгендігі жігеріңді құм етеді» – деген екен. Тегінде Қабекең алып адам болған ғой.
– Әбеке, сөзіңіз аузыңызда. Қабаңның алыптығына еш талас жоқ. Ақмоладағы бейітін арнайы құрылған комиссия қазып, ғылыми жолмен тексергенде әбден қурап-солған сүйектерді құрастырып, бойының ұзындығын өлшегенде екі метрден асып түсіпті. Ал, тірі  кезіндегі денесін өзіңіз мөлшерлей беріңіз.
– Қабанбай батыр сол Боранбай биге жылқы малының Алтай, Тарбағатай өңірінен қуғанда құлан түгіл, ұшқан құсты аузымен тістейтін, күндік жердің апшысын қуыратын, тұяғы тасты саз балшықтай илейтін жүйрігін, әлдісін тапсаңыз деп тілек білдірген. Мына бір оқығаным есіме түседі. Бірде өзіне ағайындасы есік пен төрдей торы атын Толыбай сыншының алдына көлденең тартпай ма! Толыбай атты айналып шығып: «Атың ылдидан төмен көкпарға салсаң дес бермес»,– деп бәйге шықпасын айтса, екінші жағынан қандасының да көңілін жықпай, жаймашуақтаған ғой.
–Жалғыз Толыбай емес, талай сыншылар болған. Хан Тезектің, Тезек төренің, полковник төренің Теңбілкөгін құлын күнінде желіде танып, керемет тұлпар шығатынын сауын биелерді бағатын Жапал баланың айтқанын екінің бірі біле бермейді. Кенесарының Ақауызын таңдауға бәйбішесі себеп болған деген де сөз бар.
–Есеке, кешіріңіз, Семей өңірінде теміржол бойына орналасқан Жалғызтөбе деген станса бар. Сонда он сегізінші ғасырдың басында өмір сүрген Сәдібек деген бай өткен. Бұл тарихи шындық. Сол Сәдібектің Көкдауыл, Қоңырсал деген бәйге аттары болыпты. Әсіресе, Көкдауыл иесін сан қуанышқа бөлеген ғой. Бірақ, соңғы бір ұзақ қашықтыққа шапқан бәйгеде екі ат та сыр беріп, иесінің сағын сындырса керек. Сонда шай құйып беріп отырған бәйбішесі Балым: «Сәке, бәйге мен көшке мініп жүрген қара шағырды неге қоспайсыз?» – депті. Тәкаппарлығы ұстаған ба, әлде әйелдің мұндай істе өзінен асып түскенін қаламағаны ма, аузын ашпайды. Бірақ, аттарының енді бәйге алдына шықпасын анық сезеді. Тағы бірде шай ішіп отырып, Балымға қарап: «Сен анада астыңдағы атыңды бәйгеге қос деп неге айттың? Қатынның борбайы тиген аттан бәйге шығушы ма еді!» – дейді. «Сәке, ол жағын өзіңіз білесіз. Соңғы кездері байқағаным, көш салтанатында қасымнан бозбалалар мен қыздар дүбірлетіп шауып өткенде кәдімгідей күрсінгенін көрсеңіз»,–депті. Сол қарашағыр ат кейін Қарашегір жүйрік атанып, бәйгенің алдын бермеген.
Әңгімені одан да әрірек өрбітсем, Орта жүз Найманда Абылай хан өте құрмет тұтқан, оның оң жағынан орын алған жоғарыдағы айтқан Боранбай би өткен. Оның есімі жалғыз Орта жүз емес, исі қазаққа белгілі болған тұлға. Менің сізге айтайың дегенім, бидің екінші қыры – керемет сыншылдығы.
Сонымен, би Қабанбайға серік боларлықтай ат іздейді. Найман елінде Ұлан, Бұлан деген ағайынды байлар Боранбай биге аталас екен. Екеуінің есімі қатар аталғанымен, Ұланы отарлап қой айдаса, Бұланы табын-табын жылқы ұстаған. Міне, осы Бұлан байға Борекең хат жолдап, Қабанбай батыр үшін ат керектігін айтады. Оның қандай болуы керек екенін хатында түгелдей келтіріп, аттың жиырма жеті жеріне сын айтқан. Сол сыннан үзінді:
…Ат болсын ат болғанда елден ерек,
Мүсін сыны ерекше болсын бөлек.
Биіктігі өзіндей болсын,
Местігі өзімдей болсын.
Жүріп кеткенде екпінінен жел ессін,
Жүрісі Қазыбектің сөзіндей болсын.
Құлағы қамыстай болсын,
Еріні салпы болсын.
Екі көзі ботаның көзіндей болсын,
Шекесінің арасы қарыстай болсын.
Шықшыты бураның сағағындай болсын,
Қабағы бүркіттің қабағындай болсын.
Жалы жібектей болсын,
Қасқа тісі күректей болсын.
Мойыны сұңғақ қаздай болсын,
Жігері бабына келген түлектей болсын.
Белдемшесі қанатты болсын,
Жаясы жалпақ, анатты болсын.
Сауыры құландай болсын,
Кекілі балаға қойған тұлымдай болсын.
Егесте ердің серігі болсын.
Тұяғы жұмыр болсын,
Денесі шымыр болсын.
Құйрығы төгіліп тұрсын,
Таңдайы сөгіліп тұрсын.
…Екі бұты алшақ болсын,
Артынан қараса
Төс сүйегі көрініп тұрсын,– деп кете береді.
–Шынында да ғажап! Қазақ ат құлағында ойнап өскен халық. Сұлуды да, жүйрікті де таңдай білген халық. Өйтпесе, Құлагердей бүкіл қазақ даласын дүбірлеткен жүйрік шығар ма еді? Жоқ! Жалпы, Құлагер жайындағы шындықты, аңыз-әңгімелерді бала күнімнен естіп өстім. Көп құпияларына қанықпын. Содан да болар, жылдар өтсе де санамда қала берді.
Көкшетаудың батысын ала Ботай деген шағын ауыл орналасқан. Осы ауыл «Ботайдың ежелгі мәдениеті» деген атпен қазір бүкіл әлемге паш етілді. Мұны алғаш зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізіп, құнды пікір айтқан Петропавл педагогикалық институтының тарих пәнінің оқытушысы Виктор Зейберт пен жергілікті тарих пәнінің оқытушысы  Есләмбек Зікірияұлы болды. В.Зейбертке «Ботай – ежелгі адамдар мекені» атты еңбегі үшін Берлин университетінің корреспондент-мүшесі атағы берілді. Мәселенің ең бастысы – Ботайда 40-50 ғасыр бұрын жылқы қолға үйретіліп, өсірілгендігі дәлелденді. Содан 1983 жылы Ботай жерінде бүкілодақтық, 1995 жылы бүкіләлемдік семинар-симпозиум өткізіліп, 1998 жылы осынау аса құнды тарихи-мәдени ескерткіш ЮНЕСКО-ның арнайы тізіміне енгізіледі. Көріп отырсыз, бұған дейін айтылып келгендей, жылқы малына Еуропада емес, қазақ даласында алғаш ноқта кигізілген. Ендеше, аттың құлағында қазақ ойнамағанда  кім ойнасын, жіліктеп, бақайшығына дейін қазақ сын айтпағанда кім айтады?!
– Ойпырым-ай! Менің де делебемді қоздырып жібердіңіз-ау. Сөзіңізді тағы бөлейін. Әр сыншыға, әр жүйрікке таңылып жүрген мынадай қызық бар. Мен сізге жоғарыдағы Қарашегірге қатысты бір әңгіме айтайын. Ас  па, той ма, ол арасының тоқ етерін айта алмаймын, әйтеуір, үлкен басқосуда бәйге жарысы болып, Қарашегір қара үзіп көмбеге бірінші келеді. Жалпы, қазақта атышулы ас болсын, той болсын, дау-дамайсыз өтпеген ғой. Мұнда да біреу: «Мына жүйрік – менің құлын күнінде жоғалтқан малым» деп дау шығарады. Ұрыс-керістің аяғын өршітпеу үшін даукесті бидің алдына алып келеді. Сонда би оған: «Сенің құлын күнінде жоғалтқан малың екенін немен дәлелдейсің?» дегенде анау да: «Биеке, қамшылар жағындағы алдыңғы аяғының шашасын көтеріп, шұңқырынан қарасаңыз күн сәулесі көрінеді»,–деген екен. Шынында қарап жіберсе, даукестің айтқаны айнымай келеді. Сонда би екінші бір сәйгүлікті алдырып: «Мынаның әлгіндегідей бір ерекшелігі бар ма?» дегенде, жүйрікті бір айналып шығып: «Тілінің астында құлын күнінде шыққан қара сүйелі әрі өршімей, бармақ басындай болып қатып қалыпты. Бірақ, аттың тыныс алуына еш бөгеті жоқ»,–депті. Тексеріп жіберсе, бұл да шындық. Сөйтсе, даукес сыншы екен. Және де небір жүйрікті бір көргенде кемшілігі мен артықшылығын алдыңызға жайып беретін қасиеті бар болған. Сөйтіп, аңғал сыншы өзін-өзі ұстап беріпті.
– Есеке, сіз жаңа бір сөзіңізде бүгінде мұндай сыншылар жоқ дедіңіз. Неге?..
– Иә, жоқ. Қазақтар төрт түлік малмен көзін ашқан. Оның қыр-сырын білді, тәжірибе жинақтады. Екінші бір қыры, қазақтардың бәрі дерлік аңшылық, саяткерлік құрды. Жабайы жылқыны тұңғыш үйреткені өз алдына, түз тағылары бүркітті, қаршыға сияқты құстарды бағындыруына қалай таңқалмасқа! Аңызға қарағанда, Кенесары ханның Қарашолақ қыраны қасқырдан басқаға түспеген көрінеді. Қазіргі қыран қоянға түссе, төбеміз көкке аз-ақ жетпейді. Ертеде аңшы тазысына қоян қақтырмаған. Себебі, бөріні тақымдап келе жатқан құмай алдынан кес-кестеп өте шыққан қоянға жалт беруі мүмкін. Түз тағыларының, арқар, құлан, арлан қасқырдың, айлалы түлкінің соңына өкшелей түсуінің өзі бір ғанибет емес пе! Аңшы болсаң соғып көр, жүйрік болсаң жетіп көр. Осындай шешуші сәттерде аңды соғып алумен қатар, оның шабысы, қайраттылығы, кескін-бітімі ерекше еске алынған. Әйтпесе, «…қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ» немесе өзіңіз айтқан дастан шумақтарындағы «…көзі ботаның көзіндей болсын, шықшыты бураның санындай, қабағы бүркіттің қабағындай…» деген теңеулер қайдан алынды дейсіз? Қазір тай, жабағы мініп, аңға, бәйгеге құмары ауған балаларды аз кездестіресіз. Түйені немерелеріміз хай-уанаттар паркінде көргендіктен, оның кей бітімін жүйрік аттарға қайдан теңесін! Ал, қазіргі аңшылардың өзі бөкеннің желісін, арқардың адымын, қасқырдың қаруы мен айбатын қайдан біледі? Астарында темір, қолдарында темір, көздемей-ақ қырып салады. Ал, мұндайлардан ат сынын күтіп көр?!.
Әрине, қазір жүйрік баптаушылар, жылқы өсірушілер баршылық. Қатарлары да өсуде. Мұның өзі көңілге медеу. Баяғы орнымен құрып кеткен жылқы зауыттары да қайта ашыла бастады. Соларға, меніңше, мемлекет тарапынан өз дәрежесінде қолдау көрсетілмей отыр. Сыншылар да қайта шықпай қоймас. Бұл арада бұрынғы Толыбайдай сыншылар әзір жоқтығын меңзеймін де.
– Ұмытпай тұрғанда айтайын, Батыраш мына біздің Шығыс Қазақстаннан, дәлірек айтсам, Өскеменнен. Менің Батырашқа байланысты біраз деректер іздегенім бар. Ұрпақтары бар дейді, бірақ, таба алмадым. Іздестіруімде де шалағайлық болды. Жалпы атқұмар, сауатты адам болған деседі. Көкпері деген атақты бәйге аты болыпты-мыс. Ұрпақтары бары рас. Сонша қараниетті адам болмаған. Өзіңіз айтқандай қызғаныш, оның үстіне атаққұмарлық та басым болған ғой.
– Иә. Сонымен, сөзді Құлагер жайында жас күнімде естіген әңгімеге бұрсам. Бізге дейін де өмір болған, бола да береді. Тарихқа үңілсең батырлар мен бағландар, кедей мен бай туралы сөз де айналып-үйіріліп, жоңғар шапқыншылығына, атақты «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» келіп тірелері бар. Оған еш талас жоқ.
Дегенмен, біраз жайлар көмескіленіп, бізге белгісіз болып қалғаны да рас. Архивіміз іспеттес болған аңыз-әңгімелер де біртіндеп ұмытылып барады. Өзіңе айтқалы отырған мына бір әңгімені жеті-сегіз жасымда естіген едім. Содан есімде мықтап сақталып қалыпты. Араға сонша уақыт салып, мұны қозғатқызып отырған жоғарыдағы Ботайға қатысты оқиға.

 

Мен естіген сол әңгіме бойынша сонау ерте заманда осы жақта Әділбай деген бай өтіпті. Ол заманда байлығың жылқың мен түйеңнің санымен есептелген ғой. Әділбайдың малынан жер қайысады. Осынша малды бай күз бен көктемде бір сүзіп өткенде қаншаға өскенін немесе кемігенін дәл айтатынына малшы-жалшыларын былай қойып, бүкіл аймағы таңғалады екен. Бірде қатты қыста табын-табын жылқылары жұтқа ұшырап, құрық ұстап қалады. Бұл Әділбай байдың арқасында күн көріп отырған бүкіл ауыл-аймағын қатты күйзелтеді. Бар аяқ артары – құла айғыр мен сарбауыр бие. Ат қанатына мініп, жалына аузын майлап өскен Әділбай үйір-үйір жылқысын аңсап, кейде тау-тас, ит тұмсығы өтпейін ормандарды аралап ұзап кете береді…
Бір жолғы сапары ұзаққа созылады. Қайда кеткені беймәлім. Тура он тәулікті артқа салып барып үйге оралады. Терең ойға батқанымен ішкі дүниесінде бір үміт оты сәуле шашқандай. Ас ішіліп, дастархан жиналар кезде бай:
– Мен осы өңірде құла айғырдың тұяғы жеткен жердің бәрін аралап келдім. Білдім, көрдім,– дегенім қозы көш жер екен. Осы жолы асқар тауды, құс қанаты талып жететін қарлы құздарды, құлай аққан тау өзенін, қысы-жазы жануарлар мекеніне айналған көлді көрдім. Дауысы бүкіл тау-тасты жаңғыртқан аюды, жолбарысты көрдім. Осының бәрі түк емес, бір үйір жылқы көрдім дегенде, қасындағылар шыдамай Әділбайдың сөзін бөліп:
– Ендеше, ол маңайда ел болғаны ғой,–десіп шу ете түседі.
– Жоқ. Ол маңға адам аяғы жетпегені анық. Оған еш күмәнім жоқ.
– Сонда ол неткен жылқы?
– Тағы жылқы. Нағыз жүген-құрық тимеген құланның өзі десе де болады. Ал, ірілігі одан асқан. Ізіне түсіп, алыстан тіршілік-қарекеттерін бақтым. Аңғарғаным, бастаушысы есік пен төрдей құла айғыр. Қырағылығында, батылдығында мін жоқ. Мынадай жағдайға куә болдым.
Күн бесінен ауа, тәмам жылқы алыстан қарағанда астаудай ғана көлден шұбыра тау беткейіне өрлеп, жайыла бастағаны сол ғана еді, құла айғыр жерден басын оқыс жұлып алып, қос құлағын қайшылап оқырана кісінеп, алдыңғы аяғымен жер тарпығанда тасты ұшырған тұяқтан от ұшқындағандай болды. Кәнігі мама биелер құлын-тайларын лезде ортаға алып, иірілісіп тұра қалды. Олар да жан-жақтарынан қауіп-қатер күткендей, үдірейе қарайды. Мұның бәрі бекер болмады, тау басынан ылдиға қарай топ қасқыр сау етті. Бірақ, үйір жылқы құла айғырға сенгендей, үйірілген қалпы орнынан қозғалмады.
Кенет өзіне жылжи бастаған көкжалды байқап тұрған айғыр алдыңғы екі аяғын аспанға көтеріп, оқжыландай атылды. Мұндай әрекетті күтпеген қасқырлар тұрып қалғаны сол-ақ екен, құла айғыр соңынан  бүкіл жылқы лып етті. Біз енді осы үйірді қолға түсіруіміз керек.
– Қалай?–десті бірауыздан отырғандар.
– Осыны мен сендерден сұрап отырмын. Ақыл қосайық.
Содан неше күн жүргендері белгісіз, Әділбай бай көздеген жерге жетіп:
– Жігіттер, мен көрген үйір осы маңда. Бел жазып дем алғаннан кейін екі-үштен топ құрып, барлауға шығамыз. Жылқыны байқап қалғандарың іздеріңді белгілей жүріп, осы жерге ораласыңдар. Еш әрекет жасаушы болмаңдар. Үркітіп алсақ айрылғанымыз,–деді.
Шаңқай түс. Түнімен жайылған жылқылар таудан құлай, қарағай арасынан зулатып, көлге бастарын шұлғи ағып келеді. Алда құла айғыр. Мұндай да мүсінді жылқы болады екен-ау! Алдына сақа биелерді былай қойып, құнан-дөнен, байтал шықпайды. Тіпті, жанаспайды. Күн еңкейе, келген беттерімен маң-маң басып шұбыра жөнелді. Бұлар бақылаған үш күн бойы осы әдеттерінен жаңылмады.
Төртінші күні келісім бойынша үш жігіті құла айғырға бұғалық салмақ болған. Суға мейлінше қанып, енді басын көтерген құланың мойнына түйенің шудасын қосып өрген қыл арқан сарт ете түсті. Ышқына кері ұмтылғанда арқанға жабысқан үш пәлені тулақтай ала жөнелді. Бірінің аяғы жерге бір тірелмей-ақ қолынан қыл арқан сусып берді. Соңғысы да арқаннан қамыс ішінде айрылған.
Аз кеңестен кейін бұлар жылқы ауған жаққа қайта бет алды. Мақсаттары – қайда барса да, ізінен көз жазып қалмау. Жылқы сол дүркірегеннен найзағайдай ағып берді. Бір үміт – іздері. Жершоқтай қазылған із құла айғырдікі екеніне ешқайсысы күмәнданған жоқ.
Екінші күн дегенде шағыл тасты биіктен жылқы қарасы да көрінді-ау. Із торушылар жақын келді. Алайда, құла айғыр көрінбейді. Оған не болды? Үйір басы, қорушы, қорғаушысы қайда? Сөйтсе, жылқылардан төменіректе мойнында кеткен арқан үлкен қарағайға оралып, құла амалсыз басын жерге салыпты. Соның өзінде қанша бой бермегенімен, бес жігіт ақыры босатпады.
– Ал, – деді бай, – ендігі амал жетектеп, ауыл маңына жеткізу. Құла айғырға берік болсақ, мама биелер де күндік жер түгілі, жылдық жерден іздеп табады.
– Әбеке, бұл бала кезде естіген әңгімемді неге жаңартып отырмын, білесіз бе?..
– Ақанның Құлагерінің түп-тегіне келіп тірелмек шығарсыз?
– Иә. Сол құла айғыр Әділбай байға, оның бүкіл ауыл-аймағын былай қойып, Көкше өңіріне бақ, құт болып қоныпты. Бір еркек тайын айғыр етіп ұстау үшін үйір жылқысын бергендер болыпты. Мен ылғи ойлаймын, құдай біледі, Ақан серінің Құлагерінің арғы түп-төркіні Әділбай бай  үйреткен осы құла айғырда. Ондай жылқы бүгінде жоқ. Ақан сөзіне жүгініп көріңіз: «Ор болып қалушы еді шапқан жерің», «Құнаныңда соғып ең сексен арқар». Мен осынша жасқа келгенше, атпен арқар соқты дегенді естіп, көрмеппін. Арқар тек таулы аймақтарды мекендейді. Ал, жылқы малына тау-тас оңай ма?!.
Сол мен айтқан заманда бәйгені күндік жерден жібереді екен. Таңертең салқынмен шыққан жүйріктердің алды көмбеге күн еңкейе жететін көрінеді. Ойлап көріңіз. Жылқы – ер қанаты. Білетіндердің айтуынша, төрт аяқтылардың ішінде аттан жақсысы жоқ. Шынында да, оларды төрт аяқты жануарлардың падишасы десе де болады. Расул (ғалайһиссалам) хадистерінің бірінде: «Құт жылқының пешенесіне жазылған»,–деген екен. Парсылар атты «баджан» (елжан), румдықтар «батпай» (желаяқ), түріктер «құтты қадам» және «бақтияр етуші, үнжідел, тахт-и-раван» (тақ сәулеті), арабтар «бұрақ» (аспанға Мұхаммед пайғамбар мініп көтерілу үшін Жаратқанның өзі жіберген қанатты аты) деп атаған.
Ұлы адамдар да ат турасында көп әңгімелер айтқаны белгілі. Мысалы, Сүлеймен (ғалайһиссалам) алдына ат келтіргенде: «Құдай тағалаға шүкірана болсын, ол менің екі бірдей желді бағындыруыма мүмкіндік берді: бірі – жанды, екіншісі – жансыз. Біреуінің көмегі арқасында мен жерде жүремін, екіншісінің жәрдемімен әуеде жүрем» деген екен. Аттың ежелден қасиеті осылай бағаланған. Осы орайда, мына естіген әңгіме де еске түседі:
– Абылай ханда бірнеше ат болған. Ұзақ жолға шаршатпай майда сар желіспен межелі жеріне жеткізетін аты өз алдына, ұрысқа кіргенде қазанат мінген. Бірде қасындағы бір топ би-батырларымен біршама жүріп, суы мол, шалғынды өзен жағасына сәл дем алып, ауқаттанып, ат шалдыру үшін аттарынан түседі. Шөлдерін қандырып, ер-тоқымдарын бастарына жастайды. Хан ұйқыға кеткені сол екен, Абылайдың Жібекжалы иесі жатқан жерге тура шауып, көзді ашып-жұмғанша Абылайды саннан тарпып түседі. Сатыр-сұтырдан бәрі бастарын жұлып алысады. Хан атының тұяғы тиген оң аяғын қатты ауырсынады. Түкке түсінбей аңтарылғандар бір сәт анадай жерде басы мыжғаланып, құйрығымен жер сабалап жатқан әб жыланға көздері түседі. Жібекжал иесін бір ажалдан осылай құтқарыпты.
– Есеке, дәл осы арада сөзіңізді бөлейін. Абылай ханның соңғы жылдары талай қасиетіне тәнті болып жатырмыз ғой. Қазір бірнеше күйлері радио, теледидар арқылы беріліп жүр. Мың жылқының ішінен аттың жүйрігін тани білген деген де әңгіме бар. Бұл ретте, сіз не айтасыз?
– Абылай бабамыздың бойына расында, Жаратушымыздың берген қасиеті мол болған ғой. Оны аңыз емес, шынайы деректерден байқауға болады. Өйткені, бұл ұлы адам туралы орыс жазушыларының, саяхатшылар мен тарихшыларының жазбаларында көп айтылады. Ал, сіз сұрап отырған сыншылығы жөнінде құлағымда қалғаны мына бір жай.
– Бірде қалың жылқысын аралап жүріп, құлындай алмай жатқан торытөбел биенің үстінен түседі. Сәлден кейін қасына еріп жүрген бас жылқышысына «мына бие туа алмайды. Құлын шамадан тыс үлкен. Ішін жарып, құлынды аман алып қалыңдар. Бұл қазанат болады. Басқа биеге телірсіңдер. Атын «Топжарған» қойыңдар. Бес-алтыға толғанда бір көрермін. Оған дейін құрық салмаңдар. Сол жасқа дейін су орнына бие  сүтін бере беріңдер,–депті. Кейін сол қазанат талай айқаста Абылайдың шынайы серігі болыпты. Міне, сізге сыншы керек болса.
– Қазақта «ат шаба ма, бақ шаба ма, бап шаба ма» деген сөз төңірегінде әртүрлі пікірлер айтылып жатады. Біреуі ат десе, енді бірі бақ десіп, әркім өз сөзін дәлелдейді. Бұл турасында өз ойыңыз?
– Бақ деген үлкен ұғым. Ол шіркінің де өздігінен келе салмайды ғой. Оның басты қозғаушы күші еңбек деп білемін. Сол сияқты, жануарлар дүниесінің де біте туатын ерекшелігі болады. Қазақ неге «бір биеден ала да, құла да туады»,–деп жатады? Мұндайда түр-түсімен бірге тектілігіне жүгінген. «Жүзден жүйрік, мыңнан дүлдүл», – дегеніміз де осының дәлелі. Ақан сері де сол ат сынай алатын сыншылар қатарында болған. Оны мына ән жолдарынан қалайша байқамасқа?!. «…Құлакерім едің, нағашым сұрағанда беріп едің…». Қанша жылқыдан Ақанның көзі осы құла тайға түсуі, сөз жоқ, мал тани білуінде. Бап дедіңіз. Ат пен бап егіз. Бірінсіз бірі шығандай алмайды. Ақан сері құласына өз қолымен қазған құдықтан ғана су берген. Басқалар су алмауы үшін ол құдыққа қақпақ жасап, аузын құлыптап қойған. Бұл – бәйге атын баптап, күте білу деген сөз.
Тағы мынандай бір ғажап айтайын. Құлагер есті жануар болғанына дау жоқ. Алда дүбірлі бір бәйге боларын иесі атының мінез-құлқынан сезеді екен. Оны ең алғаш байқағаны бесті шығарында. Жазғы салымғы қар суымен сүйегі әлі де жетіле түссін деп табынға қосады. Мамыр айының бір күндерінде бас жылқышы Ақанға келіп: «Ақанжан, соңғы күндері құлаң бұрынғыдай сулы, нулы жерге жайылуды қойды. Кешкі салқынмен тау беткейіндегі көделі шөпке  жайылады. Су ішуі де бәс. Таң қылаң бере тау-тасыңа қарамай, құйрығын тігіп, ұзақ шабады. Содан табынды айналып, аяң жүрісіне басады. Түкке түсінбедім» дейді.
Мұны естіген сері табынға бірге аттанып, Құлагерінің бұл әдетке көшуіне зер салып, бірнеше күн бақылайды да, бас жылқышыға қарап:
– Алда ат бәйгесі бола ма деген түйінге келдім. Олай дейтінім, Құлагер өзін-өзі баптап, бізше айтқанда жаратып жүр,–дегенді айтады.
Расында, ұзамай Ақан сері Арқада өткен дүбірлі асқа қатысып, Құлагері алпыс шақырымыңды бұйым көрмей, көмбеден оқтай зулап өте шығыпты.
Құлагер қазақ даласының бас тұлпары. Ән падишасы Ақан серінің тағдыры соншалықты мұңды, қайғылы, бұрылыс-бұлталаңы көп болса, Құлагердің бастан кешкені де дәл сондай!
Жоғарыда айтқанымдай, ер қанаты – жылқыны жанындай сүйген қазақ бұл тұлпарды әлі де пір тұтуда. Құлагер Ақан серінің ғана өмірі мен аспандата салған әніне арқау болған жоқ, өзге де көркем шығармалардың  кең бастауы, алтын арқауы болды. Өзіңіз білесіз, соның бірі Ілияс Жансүгіровтың әйгілі «Құлагер» поэмасы. Мен өзім бала күнімде үлкендерден естіп, жоғарыда сізге айтып берген әңгімемді бекерден-бекер деп ойламаймын. Ол құла айғырда бір шындық бар.
Айта берсе, қазақта қасиетті жылқы малы жайында өрелі, өркенді сөз көп. Семей елі де қасиетті өлке. Ұлылар дүниеге келген өңір. Мұндай жерде бәйге атын ұстаушылар да көп екеніне күмәнім жоқ. Солардың жолы болып, Құлагердей дүлдүлдеріміз әлі туа берсін!..

Редакциядан: Семейлік қаламгер Әбділпар Жайсанов пен Көкшенің игі бір жақсысы Есләмбек Қасқаровтың «Құлагердің арғы тегі» атты сыр-сұхбатын арнайы редакциямызға табыс етіп, оқырмандарымызға ұсынуымызға дәнекер болған Ұлы Отан соғысының ардагері, қадірменді ел ақсақалы Асылбек Дәулетов ағамызға шынайы алғысымызды білдіреміз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар