26-баптағы өзгертулердің мәні неде?..

Мемлекет басшысы жалпыхалықтық талқылауға ұсынған Заң жобасында Конституциямыздың 26-бабының 1 және 2 тармағын мынадай мазмұнда беру қажеттілігі көрсетілген.
1. Әркім заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жекеменшігінде ұстай алады.
2. Меншік құқығына қол сұғылмайды. Меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі. Егер Конституцияда басқа жағдайлар қарастырылмаса, Заңды жолмен алған мүлікке меншік құқығынан айыратын немесе оны шектейтін заң және басқа да құқықтық актілер қабылдауға жол берілмейді».
Заңға  мұндай өзгерту енгізудің ұсынылу себебі неде? Біріншіден, Қазақстан Республикасының аумағында ел азаматтарымен бірге өзге мемлекеттердің азаматтары және азаматтығы жоқ тұлғалар да өмір сүреді. Заң жүзінде және халықаралық шарттарға сай Қазақстан аумағында шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалардың өмір сүру жайы қарастырылған (визалық режимді сақтау, көші-қон заңдары, т.б.).
Елімізді мекен етіп жатқан сондай азаматтардың жылжитын немесе жылжымайтын жекеменшік  иелігінің болу мүмкіндігі бар (ақша, құнды қағаздар, тұрғын үй, ғимараттар, т.б). Бұл мүліктер заңға қайшы келмейтін, кәсіпкерлік немесе басқа да  кез-келген мақсат үшін пайдаланылуы мүмкін.  
Осыған орай, қолданыстағы Констиуциямыздың  26-бабының 4-тармағында «Әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез-келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар» деп көрсетілуі тектен-тек болмаса керек. Бұл заң қағидаты әркімнің заңды жолмен алған мүлікті меншіктену құқығының болуын қарастырады. Қазақстан, басқа да өркениетті елдер сияқты ел аумағында тұратын өз азаматтарының және шетел азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге тиіс.
Ол үшін Азаматтық кодексті ашып қарайық, онда азаматтардың құқықтарын қорғау мынадай жолдармен жүзеге асатыны көрсетілген: құқығын тану, құқықты бұзуға және құқық бұзуға жол беретін  әрекетке тоқсауыл қою, шығындарды өтеу, мәмілені заңсыз деп тану, ар-ождан шығынын өтеу және заңда қарастырылған басқа да жолдар.
Екіншіден, Конституцияның 26-бабының 1-тармағындағы өзгерту шетел азаматы немесе азаматтығы жоқ тұлғаның  елімізде кез-келген мүлікті иеленуге құқылы екендігін көрсетпейді. Бұл конституциялық құқық тек заңды жолмен тапқан мүлікті иеленуге ғана қатысты.
Заңды жолмен тапқан мүлік өлшемі Конституцияда және басқа да нормативтік-
құқықтық актілерде көрсетілген. Егер мүлік заңсыз жолмен табылса, онда мәміле заңсыз деп танылып, мүлік одан алынуы тиіс.
Заңдық актілер арқылы шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалардың меншігіне қатысты біраз шектеулер қойылған. Мұндай тиымдар мен шектеулер бұқаралық ақпарат құралдарына және телекоммуникацияға қатысты нақтыланған. Мұндай тиым салу сондай-ақ, ауыл шаруашылығы маңызындағы жер телімдеріне де қарастырылған. Жер кодексінде мұндай жер телімдерін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға сатуға болмайтындығы нақты көрсетілген.
Үшіншіден, жер айналымы туралы айтылатын Конституцияның 6-бабы өзгеріссіз қалады. Осыған орай, Конституцияның 26-бабының 1-тармағындағы «Қазақстан Республикасының азаматы» деген сөздің «әркім» деп өзгертілуі жекеменшікке қатысты қолданыстағы заңды өзгертуге ықпал етпейді. Сондай-ақ, жер туралы заңдарға өзгерістер енгізуге байланысты Елбасының  мораторийі өзгертілген жоқ. Бұл мораторий Мемлекет басшысының 2016 жылдың 6 мамырындағы Жарлығына сәйкес,  2021 жылдың  31 желтоқсанына дейін күшінде болады.  

Алмагүл ҚАДЫРАЛИНА,
Ақмола облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар