Туберкулез шегініп барады

Мемлекет басшысының қолдауының арқасында және туберкулезге қарсы кешенді іс-шараларды сапалы жүзеге асырудың нәтижесінде соңғы он жылда туберкулез сырқатымен ауыратындар саны 2,2 есеге, ал, өлім-жітім 5 есеге төмендеген. 2016 жылдың қорытындысы бойынша республикада туберкулезге қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақталғаны байқалады. Бұл елімізде аталмыш сырқат көрсеткішінің 9,9 пайызға төмендегенін көрсетеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Туберкулез мәселелері жөніндегі ұлттық орталығының мәліметтері бойынша еліміздің барлық облыстарында да сырқат көрсеткіштері төмендеген. 2016-2017 жылдарға арналған жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы Бүкіләлемдік экономикалық форумның есебіне жүгінетін болсақ, «туберкулездің таралуы» факторы бойынша 2016 жылғы қорытындыда Қазақстан 9 орынға алға жылжып, 138 мемлекеттің ішінде 92 орынға ие болды. Өткен жылғы көрсеткіш бойынша Қазақстан 101 орында болған еді.  
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен туберкулезге қарсы күрес халықаралық одағының саясатын ұстана отырып, елімізде аталмыш дертпен күресу іс-шаралары алғашқы медициналық-санитарлық көмек желісіне біріктіріліп іске асырылатын болды. «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Туберкулез мәселелері жөніндегі ұлттық орталық «2016-2025 жылдарға арналған туберкулезге біріктірілген бақылау» атты аталған дертпен күресудің жаңа ұлттық стратегиясын әзірледі. Бұл құжат ҚР Үкіметі бекіткен Кешенді жоспарда қарастырылған іс-шараларды жүзеге асырудың мерзімдерін қысқартып, айқындай түседі.
2008 жылдан бастап облыста Кешенді жоспарда көзделген талаптарға сай аурулардың эпидемиологиялық деңгейін есепке ала отырып, ауруханаларда емдеу жүзеге асырылады. Соңғы сегіз жылдың ішінде жоспардағы негізгі іс-шаралардың бірі болып саналатын стационарлық емдеуге мұқтаж аурулардың санын азайту бойынша облыста 418 төсек-орын, яғни, 55 пайыз орын қысқартылды.
Халыққа туберкулезге қарсы көмек екі туберкулезге қарсы ұйымда, жалпы саны 342 төсек-орынды құрайтын облыстық туберкулезге қарсы диспансері мен Степногорск қаласындағы туберкулезге қарсы медициналық диспансерінде көрсетіледі. Бұлардың ішінде 30 орын туберкулезбен ауырып, емделіп шыққандарды оңалтуға  бағытталған.
2016 жылы Жаһандық қордың есебінен қауіп-қатер жоғары аймақта – бактериологиялық зертханада тиімді желдетпе жүйесін орнату басталды.
2012 жылдан бастап, республикада бірінші болып халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, біздің облыс амбулаторлық жағдайда ауруларды емдеуді енгізді. Соның негізінде санитарлық алмастыру технологиялары ашылды, әлеуметтік қызметтерді, қылмыстық-атқару жүйесі, ішкі істер департаменттері мен үкіметтік емес ұйымдарды тарту арқылы науқастарды емдеуде ұстап қалу жүйесі ұйымдастырылды. Қабылданған шешім республика бойынша қолдау тауып, өңірлерге таратылды. Біздің диспансер базасында өзге облыстардың мамандары оқытудан өтті. 2014-2016 жылдар аралығында туберкулезге қарсы көмекті ұйымдастыруға, тиімділігі мен статистикалық есептердің дұрыс-бұрыстығына Бас прокуратура тарапынан тексеру жүргізіліп, нәтижесінде біздің облыс мекемелері жұмысында өрескел бұзушылықтар мен науқастардың және өлім-жітім көрсеткіштерін жасыру фактілері анықталмаған аймақтардың бірі ретінде белгіленді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдарының сарапшылары біздің облысқа бірнеше мәрте келіп, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. 2016 жылдан бастап, облыс республикадағы пилоттық жобаға енгізілген төрт аймақтың бірі ретінде жаңа дәрі-дәрмек түрлерімен 33 науқасты емдеуді бастады. Емдеу барысында ай сайын халықаралық сарапшылар тарапынан бақылау жүргізіледі. Ағымдағы жылдан бастап облысымыз Жаһандық қордың гранты негізінде 4 аймақтың бірі ретінде қаржыландырудың жаңа моделі бойынша пилоттық жобаға енгізілді. Төрт аймаққа біздің облыс, Ақтөбе, Шығыс және Оңтүстік Қазақстан облыстары кіреді. Бүгінде алғашқы медициналық буын мамандарының негізгі міндеттері белгіленді: онда туберкулезді ерте анықтау, бақыланатын химиотерапия және санитарлық-ағартушылық жұмыстар қарастырылған.
Осыған байланысты келесі мәселелерге көңіл бөлу қажет, яғни әкімшілік территорияларда тұрғындарды, яғни, нақты тұратын жері жоқ тұлғаларды, көшіп-қонып жүретін адамдарды есепке алу және бекіту керек. Себебі, олардың анықталмауы тіркеу жүргізуге және толық көлемде эпидемиологиялық зерттеулер ұйымдастыруға мүмкіндік бермейді. Өткен жылы Көкшетау қаласы бойынша ауыратын 15 нақты тұратын жері жоқ тұлға тіркеуге алынды, олар емханаларға мүлде тіркелмеген. Бұл орайда, барлық ведомстволар мен қызметтердің сектораралық өзара қарым-қатынасын тұрақты орнықтыру қажет. Тұрғындарды дұрыс есепке алмау салдарынан флюорографиялық тексеріс жүргізу жоспарын құруда, қауіпті топтарды іріктеуде қателіктерге жол беріліп жатады. Осыған сәйкес 2 немесе одан көп жыл тексерілмеген тұлғалар анықталып, бөлек топтардың есебінен жоспардың асыра орындалуы орын алып жатады. Талдау жұмыстарының нәтижесіне сүйенетін болсақ, кейбір аудандарда флюорографиялық тексерістер сапасы төмен деңгейде. ФГ тексерістердің тиімділігі кей аудандарда шектеулі деңгейден де төмен, мысалы, 1000 адамға шаққанда 1 жағдай тіркелуі тиіс. Осы лекте Егіндікөл, Еңбекшілдер, Жақсы, Жарқайың, Сандықтау, Шортанды аудандары бар. Туберкулезді анықтаудың тағы бір әдісі – бактериоскопиялық әдіс болып табылады.
Бактериоскопиялық әдіс арқылы анықтаудың тиімділігі облыста ұсынылған деңгейде 5,7 пайызды құрайды. Туберкулин арқылы ауруды анықтау әдісі бойынша балаларды тексеру 98,2 пайызға орындалған, Ерейментау, Целиноград, Жақсы, Қорғалжын аудандары мен Степногорск қаласында бұл әдіс бойынша толық қамти алмай отырмыз. Әлі де кейбір аудандар бойынша Манту сынамаларының күмәнді нәтижелерінің пайызы жоғары деңгейде сақталып  отыр. Жалпы, облыста 14,1 пайыз. 2015 жылдан бастап облыста ауру ошақтары анықталған жерлерде Диаскинтест атты қазіргі заманғы аса сезімтал препаратпен балаларды тексеру қамтамасыз етілген,  оны сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 7,6 миллион теңге қаржы бөлінген.
2018 жылдан бастап аталған дәрі-дәрмекті сатып алу алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының есебінен жүзеге асырылатын болады. Бұл мақсаттағы қаржы 2018 жылдың жоспарында қарастырылып, Диаскинтест препаратымен балалардың туберкулинге оң әсер алуы бойынша тексерулер 100 пайыз қамтылуы тиіс.
Емдеу ұйымдарының тарапынан жіберілген кейбір кемшіліктердің, медициналық көмекке уақытында келмеуі және тұратын жері бойынша  емханаларға бекітілмеуі нәтижесінде облыста 11 асқынып кеткен туберкулез жағдайы тіркелген (олар – Бұланды ауданында 3 науқас, Көкшетау қаласы мен Атбасар ауданында екі жағдайдан тіркелсе, Аршалы, Бурабай, Зеренді және Шортанды аудандарында бір-бір оқиғадан орын алған). Туберкулезге қарсы күрес бағ-дарламасында аса маңызды құрамдас бөліктің бірі – жаңа туған балаларға БЦЖ екпесін егу белгіленген. Бұл жұмыс облыста 96,8 пайыз қамтылған. Сонымен бірге, екпе егуден бас тартушылар қатары көбейіп барады, мәселен, 2015 жылы 25 адам бас тартса, өткен жылы 138-ге жеткен, медициналық қарсылық білдіру бойынша 219 болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 196-ны құраған. Аршалы, Бұланды және Ерейментау аудандарында екпеден бас тарту жоғары деңгейде болып отыр.  
Жыл басында 138 бала екпесіз қалды. Ата-аналар балаларының туберкулезге қарсы екпе алуының маңыздылығын дұрыс түсінулері қажет. Өткен жылдың ішінде туберкулез ошақтарында байланыста болған 1680 тұлға тіркеліп, тексерілген, олардың 126-сы жасөспірімдер болса, 750-і балалар.
Қазақстанда орташа есеппен алғанда туберкулез ауруы бойынша бір жағдай тіркелсе, олармен бірге қарым-қатынаста болған кем дегенде төрт адам қосымша анықталуы тиіс. Бұл үшін науқастар және олардың туысқандары қарым-қатынаста болғандарын жасырмаулары тиіс, өйткені, кейін бұл инфекция аурудың асқынған формасына алып келуі әбден мүмкін. Сонымен, мысалы өткен жылы ауруларды тіркеу бойынша науқастармен қарым-қатынаста болған 9 тұлғадан эпидемиологиялық зерттеу-тексеру жұмыстары сапасыз жүргізілгендігі дәлелденді. (9-ы да ауруға ұшырады, оның ішінде 5-і ересектер,
1 жасөспірім және 3-еуі балалар). Эпидемияға қарсы іс-шараларды анықтауға сәйкес аталған контингент арасында ауруды ескертуге де болушы еді.
Ауру ошақтары анықталған балалардың 91 пайызы сауықтыру және оқшаулау шараларымен қамтылған. Балалардың мектепке дейінгі ұйымдарының жанындағы санаториялық топтарда 835 бала ем алған. «Арай» және «Бурабай» санаторийлерінде 315 бала мен жасөспірім сауықтырылған, «Жұлдыз» мектеп-интернатында 619 бала емделген. 1252 оқушы ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, оған 23,3 миллион теңге жұмсалды. Целиноград, Зеренді аудандары мен Степногорск қаласында осы орайдағы жұмыс төмен деңгейде.
Жыл ағымында емделу режимін бұзған 38 науқас анықталды, олардың 15-і мәжбүрлеп емдеуге ресімделсе, 12-і әлі күнге дейін іздестірілуде, бұдан біздің әріптестеріміздің белсенділіктерінің төмендігін көруге болады. Ауруға ұшыраған және оның айналасындағы адамдар үшін оның зардаптары туралы ақпараттандыру жұмыстары нашар жүргізіледі.  
Стационарлық емдеуде жүрген аурулардың 164-і немесе 13 пайызы сырқатының үстінен қосымша патологияларға тап болып, диспансерлік есепке алынғандар, осыған байланысты  алғашқы медициналық көмек көрсететін буын басшылары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде туберкулезге қарсы стационарларда жатқан ауруларды, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерін уақытында шешу қажет.
Жаңа жағдайларды бацила бөлу арқылы емдеу тиімділігі 91 пайызды құрады. Ал, норма 85 пайызға тең. Аурулардың туберкулездің көптеген дәрілерге тұрақтылығы 83,3 пайызды құрады. Емдеу тиімділігін арттыру жұмыстарын күшейтіп, тікелей бақылау арқылы емдеу талаптарын сақтау қажет, барлық деңгейлердегі, яғни амбулаторлық, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету және стационарлар деңгейінде қамтамасыз етіп, стационарды алмастыратын технологияларды кеңейтіп, талапты бұзушылармен жұмысты қатайту қажет.
Облыста бірнеше жылдан бері «Луч надежды» үкіметтік емес ұйымымен тығыз қарым-қатынас орнатылып, жұмыс жүргізіліп келеді, соның нәтижесінде түзеу мекемелерінен босап шыққан тұлғаларды диспансерлік бақылауға алып, 100 пайызға жеткізуге мүмкіндік туып отыр.  
Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде 2016 жылдың қорытындысы бойынша сырқат көрсеткіші облыста 100 мың тұрғынға шаққанда 70,5-ті құрады, бұрнағы жылы бұл көрсеткіш 72,9 болған еді. Аталған аурудан қайтыс болғандар көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 4,2-ні құрады, алдыңғы жылы 4,9 болған. Туберкулезбен қайта ауырғандар саны 10,6 пайызға төмендеді.
Биылғы 2017 жылы Кешенді жоспардағы индикаторлар мен туберкулезге біріктірілген бақылау жасау ұлттық стратегиясын жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Осы орайда, туберкулезге қарсы ұйымдарда тиімді желдетпе жүйесін орната отырып, материалдық-техникалық базаларын нығайтуды қарастырудамыз. Қаражатты тиімді пайдалану және ауруханаішілік жұқтыруларды болдырмау мақсатында амбулаторлық емдеулерді кеңінен қолдануды қарастырып жатырмыз және стационарлардағы төсек-орындардың санын азайтуға назар аударудамыз, Степногорск ауданаралық туберкулезге қарсы диспансерін белгілеп алдық. Бұдан әрі алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдарын кадрлармен қамтамасыз ету және оларды оқыту қажет. Ағымдағы жылдың 1 және 3 наурызы аралығында туберкулезге қарсы ұлттық орталықтың мамандары республикалық мониторинг жүргізу барысында келген уақытта АМКК медициналық қызметкерлерін келісім-шарт негізінде оқытады.  Сонымен бірге, ағымдағы жылы алдын алу және эпидемиологиялық күресу шараларын тұрақты тұратын жеріне бекітілгеніне қарамастан толық көлемде қамтамасыз ету қажет. Туберкулезге қатысты тексеру, зерттеу жүргізулердің сапасын арттыру басты назарға алынуда. Сонымен қатар, ата-аналардың балаларына БЦЖ екпелерін алудың маңызын түсіндіріп, ақпараттандыру жұмыстарын күшейтуді қолға алу қажет. Сондай-ақ, емделу режимін бұзушыларға полиция қызметінің және сот органдарының көмегімен іс-шаралар қолдануды жүзеге асыруды жоспарға алып отырмыз.
Аталған интеграциялар туберкулезбен ауырғанды ерте анықтауға, науқастармен қарым-қатынаста болған адамдардың сырқатқа ұшырамауын алдын алуға, сапалы медициналық көмек көрсетуге, медициналық қызметкерлердің тиімділігі жоғары зертханалар технологияларына қолжетімділікті ұйымдастыруға, алғашқы медициналық көмек көрсету және туберкулезге қарсы ұйымдардың ауруды ерте анықтауларына жол ашады.  

Қасымжан ТӘШМЕТОВ,
Қ.Құрманбаев атындағы
облыстық туберкулезге
қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері,
медицина ғылымдарының докторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар