Қуантсақ, бүлдіршінді қуантайық

Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген білім беру қызметкерлері кәсіподағының Жаңа жылдық шыршасы балғындарға үлкен қуаныш сыйлады.

– Біздің балалық шағымыз қиын кезеңде өтті. Айналайындар, сендер бақытты ұрпақсыңдар. Өйткені, біздің тәуелсіз де бейбіт еліміз бар. Егемен елдің бақытты ұрпағы болғандарыңды әрқашан мақтаныш етуге тиіссіздер. Біз сендерге зор үміт артамыз. Сондықтан, сабақты жақсы оқып, елдің үкілеген үміті болыңдар, – деп білім саласының ардагері, ұлағатты ұстаз Тельман Мұқышев мерекелік шараға келген балаларға ақ батасын берді.
Облыстық білім басқармасының басшысы
Балым Ізбасарова да жеткіншектерге жүрекжарды лебізін білдірді. Ал, Астана қаласы мен Ақмола облысының білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Бейсенбай Әбдірахманов биыл бірінші рет ұйымдастырылып отырған кәсіподақ шыршасына облыс қалалары мен
аудандарынан 100-ге жуық бала қатысып отырғанын тілге тиек етті.  Осы жолы кәсіподақ шыршасына қатысу бақыты оқу озаттары мен спорт, өнер, әр түрлі олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздарына бұйырды.
Облыстық қазақ музыкалық-драма театрында өткен Жаңа жыл кешінде балаларға арнайы «Морозка» ертегісі қойылды. Ертегі кейіпкерлері Жаңа жылдық шыршаға қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Аяз ата мен Ақшақар, мыстан кемпір, қарақшылар болып өнер көрсеткен әртістер балаларды ерекше әсерге бөлеп, риясыз қуанышқа кенелтті.
Осы орайда, Ерейментау ауданынан келген Диас Назымбеков Жаңа жыл кешінде тосын сыйлар болатынын естігеннен кейін тіпті тағат таппай, қуаныштан жүзі бал-бұл жайнады. Бұл күні балаларын ертіп әкелген ата-аналар да Жаңа жылдық  мерекенің жақсы ұйымдастырылғанына өте-мөте риза болып, алғыстарын аянбады. Ал, мерекенің басты қуанышы Жаңа жылдық шыршаның шамдары жағылып, Аяз Ата мен Ақшақар сиқырлы ертегіден сыр шерткен сәтте келгендей көрінді. Балалар да бір-бірімен жарыса өздерінің тілектерін айтып, ән мен жырдан шашу шашты.
Жаңа жылдық шыршада мұнымен қоса, бүлдіршіндерге әр түрлі тәттілер үлестіріліп, жұмсақ ойыншықтар сыйға тарту етілді. Мына суретте шырша мерекесіне көздің жауын алған әп-әдемі ұлттық киімімен келген балғынның сондай сыйлықты – үлкен әсем қонжық пен айшықты қораптағы кәмпиттерді көпшілік Көкше өңіріндегі ұстаздардың ұстазы деп атайтын Тельман Мұқышев атасының қолынан алып тұрғаны бейнеленген. Иә, қуантсақ,  балаларды қуантайық!..

Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар