Табысты «Шоққарағай»

Ел экономикасының алға басып, дами түсуіне өз үлесін қосып келе жатқан шаруа қожалықтары бүгінде көбейіп келеді. Солардың бірі – 2000 жылдан бастап жемісті жұмыс істеп келе жатқан Қошқарбай ауылындағы «Шоққарағай» шаруа қожалығы. 

2000 жылы шаруа қожалығы болып тіркелген шаруашылық жұмысын бастапқыда жалға алған 750 гектар жермен бастаған еді. Бүгінде шаруа қожалығының иелігінде 3 мың гектар жер бар. Оның 2 мың гектарына егін егіледі.
 – 2006 жылдан бері егіс көлемін ұлғайтып, мал басын көбейттік. Өткен  жылы оның 600 гектарына бидай, 500 гектарына арпа, 100 гектарына сұлы және 260 гектарына зығыр ектік. Бидайдың түсімі гектарынан 13 центнерден айналса, арпа –15, зығыр – 12, сұлы – 15 центнерден өнім берді. Тұқымдық қор мен мал азығына қажетті астық түгел қоймаларға құйылған. Артығын арнайы тапсырыспен, келісім-шартпен өткіздік. Қыс аяғы, көктемге қарай жемшөптің бағасы көтеріледі, сол кезде артығын сатуға шығарамыз, – дейді шаруа қожалығының басшысы Қайыркен Хасенов.  Шаруа қожалығы жемшөп қорын артығымен жинап алыпты. Егіншілік саласы бойынша жиырмаға жуық адам жұмыс істейді екен. Олардың барлығы Қошқарбай ауылының тұрғындары. Еңбекақылары шамамен 60-70 мың теңгенің көлемінде. Сонымен қатар, соңғы екі-үш жылдың ішінде ауыл шаруашылығы техникаларын да жаңартып алыпты. Бүгінде шаруашылықта тракторы, комбаины мен басқа да қажетті машиналарын қоса алғанда 15 ауыл шаруашылығы техникасы бар. Егіншілікпен ғана айналысып қоймай, мал шаруашылығын дамытуға да көңіл бөлуде. Бүгінде 300 бас қара мал, 250 қой, 60 жылқы бағылуда.
– Бастапқыда шағын шаруашылығымды қара малдан бастадым.  50 шақты ірі қара болды. Қазір оның саны 300-ге  жетті. Мақсат тек олардың санын көбейту емес, нақты пайда табу. Кез келген шаруаның мақсаты осы болу керек. Жыл сайын біраз ірі қараны Зерендідегі бордақылау алаңына өткіземіз. Былтыр да 60-70 басты сонда тапсырдым. Онда малды әрі қарай семіртіп, экспортқа шығарады. Бізден арнайы тапсырыспен немесе келісім-шартпен көрші ауылдардың тұрғындары да мал  сатып алып жатады, –деді шаруа қожалығының иесі.  
Астананың азық-түлік белдеуін жасау бағдарламасы аясында бұл шаруашылық та Елорда тұрғындарын етпен қамтамасыз етуге үлестерін қосып келеді. Көкшетау қаласына да ет өнімдерін әкеліп, жәрмеңкелерге қатысады. Жаздыгүні бие сауып, қымыз өндіруді де қолға алыпты.
Жазда  шаруа қожалығындағы малға 300 тоннадай шөп, сабан, басқа да жемазық түрлері дайындалған. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, мал қыстатуда жемшөп жетпей қалып жатса, Айдаболдың спирт зауытының базасынан күніне 3 жарым тонна шөп алуға болатынын да айтты әңгіме барысында Қайыркен ағамыз.  Қожалықтағы малды жазда төрт адам, қыста алты адам, бағады екен. Қарап отырсаңыз, Қошқарбай ауылында 45 шаңырақ болса, олардың тең жартысы осы шаруа қожалығында еңбек етеді. Ауыл тұрғындары Кеңес үкіметі құлап, кеңшарлар ыдырай бастағанда, ауылды сақтап қалған Қайыркен Сағдиұлына қашан да дән риза.  Шаруа қожалығы басшысының айтуынша, өзі Кеңес үкіметінің тұсында Айдаболдағы бордақылау алаңында он бір жылдай жұмыс істепті. Кеңес Одағы  ыдыраған кезде ауылдастары «ауыл тарайын деп жатыр, осында шаруа қожалығына кел» деп қолқа салған. Содан бері білек түріп, ауылдың азаматтарын жұмысқа алып, барынша жағдайларын жасап, қол ұшын беріп, көмектесіп келеді. 2011 жылы «Сыбаға», 2014 жылы «Құлан» бағдарламаларымен мемлекеттен қомақты  несие алып, іске жаратқан.
– Шағын бизнеспен, кәсіпкерлікпен немесе шаруашылықпен айналысамын деушілер болса, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, өзіңе де, өзгеге де көмек көрсету керек, – дейді қожалық басшысы.  Қайыркен Хасенов саудамен де айналысады. Бүгінде ол ауыл тұрғындарын азық-түлік және үй шаруашылығына күнделікті қажетті тауарлармен қамтамасыз етіп отыр. Ауылдағы «Сапар» дүкеніне қаладан күнделікті тұрмысқа қажетті керек-жарақты уақытында жеткізіп,  тұрады. «Дүкендегі тауарлардың бағасы қаладағыдан айтарлықтай айырмашылығы жоқ, қолжетімді», – дейді ауыл тұрғындары.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар