Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында бес басымдықтың бірі ретінде институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелеріне көңіл бөлді.

Мақсат – айқын, міндет – зор

Бұл орайда, прокуратура  қызметкерлері де жеке меншікті қорғау, құқық үстемдігіне және баршаның заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформаларды жоспарлы жүргізіп келеді. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру үшін жаңа бағдарламалар мен жобаларды қолға аламыз.

Өткен жылы облыста прокуратура органдарының қызметкерлері әлеуметтік-экономикалық саланы қадағалау бойынша бірқатар шаруаларды жоспарлы түрде жүзеге асырып, 933 тексеріс жүргізді. Нәтижесінде төрт мыңға жуық құқық бұзушылық фактілері анықталды. Осыған орай, 1200-ден астам прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, 15 мыңға жуық азаматтың конституциялық құқығы қорғалды, 1500-ге жуық тұлға әртүрлі  жауапкершілікке тартылды. Мемлекетке 1 433 838 827 теңге қаржы қайтарылды.
Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне облыс прокурорларының жұмысы нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 4 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Сондай-ақ, осы сыбайлас жемқорлыққа қатысты облыс соттарында 45 тұлғаға қатысты іс қаралып, заң шеңберінде үкім шығарылды. Сол сияқты мемлекеттік қызмет барысында жіберілген 26 тұлғаға қатысты құқық бұзушылықтар анықталды. Олардың 19-ы басқарушы буынның өкілдері болып шықты. Заң бұзғандардың барлығы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кейбір басшы қызметкерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, қызметтерінен шеттетілді. Қорғалжын ауданының әкімі, тағы да екі ауданның әкімдерінің орынбасарлары, үш ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, екі ауданның білім бөлімінің басшылары, 6 ауылдық округтердің әкімдері жауапқа тартылды.
Облыста «Алимент төлемеуге қарсы 30 қадам» жобасы аясында іс-шаралар ұйымдастырылып, 96 қылмыстық іс қозғалды, 17-сі сотқа жолданды. Іс қозғалғаннан кейін 293 балаға 22 миллион теңге көлемінде алимент төленді.
Жалған кәсіпкерлікке байланысты істер бойынша да жұмыс жүйелі жүргізіліп келеді. Бұл орайда, «Заря-1» ЖШС қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. «Заңды пәтер» жобасын іске асыру шеңберінде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Степногорск қаласының 13 тұрғынының 10 жылдан бері заңдастыра алмай жүрген пәтерлерінің мәселесі шешілді. Көкшетау қаласында 425 тіркелмеген пәтер анықталды. Оларды заңдастыру, жекешелендіру бо-йынша жұмыс жүргізілуде.
Облыста 2016 жылдың басында конкурстық басқарушылардың, сот орындаушылардың, мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің  әрекетсіздігінен еңбекақыны төлеу бойынша қарыз көлемі өсе түскен еді. Прокуратура қызметкерлерінің ұйымдастырған іс-шаралары нәтижесінде 1968 тұлғаға 644,7 миллион теңге көлемінде жалақы қарыздары қайтарылды. Әлі де 59 адамға 16 миллион теңге көлемінде қарыздарын қайтару жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті прокуратура қызметкерлерінің араласуымен жер қойнауын заңсыз қолдану фактілері тоқтатылып, мемлекетке келтірілген 92 726760 теңгенің материалдық шығынының жолы кесілді. Прокуратураның ұйғарымы бойынша Астрахан ауданындағы мектепке дейінгі мекемелерден балалардың дамуына, ойлау қабілеттерінің қалыптасуына кері ықпал ететін «Чудо случилось», «Фомкин дом» кітаптары алынып тасталды.
Бүгінде дүниежүзінде лаңкестік белең алып барады. Облыста діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе, интернет пен әлеуметтік желіде жолын кесу жұмыстары жоспарлы жүргізілуде. Облыстағы құқық қорғау органдарының бірлесіп жұмыс жүргізуінің арқасында экстремизм мен лаңкестікке қатысты теріс әрекеттерге жол берілген жоқ. Қоғамдық-саяси жағдай өңірімізде тұрақты. Ал, интернет ресурстарына мониторинг жүргізу барысында қызметкерлер «В Контакте» әлеуметтік желісінде заңға қайшы ақпарат таратушы 10 топ анықталды. Көкшетау қалалық сотына Қазақстан Республикасының шекарасында таратылатын интернет-ресурстардағы – бұқаралық ақпарат құралдарындағы заңға қайшы ақпараттар тарататын, атап айтқанда, суицид, зорлық-зомбылық пен қатыгездік әрекеттерін сипаттайтын шетелдік өнімдерді тоқтату туралы екі өтініш жолданды. Сотта бұл өтініштер толығымен қолдау тауып, аталған ресурстар алынып тасталды. Жолдауда Елбасы осындай киберқылмыспен күресті белсенді жүргізуді, оның өзектілігін алға тартып, нақты міндет қойып отыр. Бұл орайда, «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалыптастыруды қазір Үкімет қарастыруда.  
Мемлекет басшысы сонымен қатар, кәсіпкерлік саласында құқық бұзғаны үшін салынатын санкцияны төмендету жұмысын одан әрі жүргізуді тапсырды. Қоғамда қауіптілігі жоғары емес экономикалық қылмыс құрамын криминалдық сипаттан арылту керектігіне назар аударылды. Облыста бұл бағытта жұмыс жүргізіліп келеді. Мәселен, облыстық прокуратураның ұсынысымен «АПК Инвест» ЖШС-нің кедендік дек-ларацияларына түзетулер енгізу туралы сот актісінің орындалуы бойынша облыстық мемлекеттік кірістер департаменті негізсіз аударылған 125 миллион теңге сомасындағы кедендік төлемақыны қайтарды. Зеренді ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы шығындарын қайтару туралы заңсыз қаулысын тоқтату арқылы «Смирновский Бекон» ЖШС-нің құқығы қорғалды, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілген Жер Кодексіндегі өзгертулерге байланысты 16 миллион теңгеден астам  сома қайтарылды. Бұдан прокуратура органдарының құқық қорғаудағы рөлі аймақтың әлеуметтік-экономикалық саласында айқын екендігі көрініп тұр. Осы орайда, биылғы Жолдаудағы мақсат-міндеттерді және облыстағы азаматтардың әл-ауқатын жақсарту, мәселелерді жою  барысында әлеуметтік-экономикалық салаға бағытталған жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, еңбекақыны төлеу бойынша қарыздарды азайтуға бағытталған «Қамқор», пайдалы қазбаларды заңсыз қазудың фактілерін жоюға арналған «Жер қойнауын қорғау», бизнес субъектілерін коммерциялық мақсатқа пайдалануға арналған бос жер телімдері және оларды электронды сауда арқылы сатып алуға мәлімет беру мақсатындағы «Қолжетімді жер», жеке меншік үй құрылысын жүргізуге қатысты «Өз үйіңді сал» жобалары, 2020 жылға дейін құрамында алтыны бар кеннің заңсыз айналымы фактілерін жою, қылмыстың алдын алу, дін саласындағы өзекті мәселелерді шешу, экстремизм мен лаңкестік әрекеттердің алдын алу  бағдарламалары әзірленіп жатыр. Алдағы уақытта оларды жүзеге асыру нәтижесі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады.    
Қоғам үшін ең маңызды сала – қылмыстық процесті жетілдіру, бұл басты міндеттердің бірі болып табылады. Осыған байланысты құқық қорғау органдарының алдындағы басты міндет – электрондық қылмыстық істі енгізу, бұл қылмыстық процесті жеңілдетіп, жылдамдатуға көмегін тигізері сөзсіз. Елбасы атап көрсеткендей, цифрлық форматқа көшу айқындылықты арттырып, құжаттарды беру және алу мерзімдерін, пошталық шығындар қысқарып, қағаз жазбалар азаяр еді. Электрондық қылмыстық іс бойынша процеске қатысушылар барлық процесуалдық әрекеттерді онлайн-режимінде бақылап отыра алады. Прокуратура органдарындағы іс жүргізу жұмыстарын атқару процесін өзгерту және жеңілдету бағыты қазір өзекті. Бұл бағытта  жұмыстар жүргізіліп келеді және нәтижесі алдағы жылдардың еншісінде.
Марат МАҒЖАНОВ,
облыс прокурорының орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар