Ерлердің есімін ұмытпаудың бір жолы – «Боздақтар» кітабы

ол мерекелі жылы толықтырылып, қайта  жарық көрмекші

Барша адамзат баласы үшін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің орны ерекше. Осы ұлы күнге 2015 жылы 70 жыл толмақшы. Әрине, ата-бабаларымыздың осы бір ерлік ісі ұрпақ жадында мәңгілік сақталатыны анық. Облыста Ұлы Жеңістің кезекті мерейтойын тиісті деңгейде атап өту үшін дайындық жұмыстары күні бұрын қолға алынған болатын.

Қазіргі кезде Ақмола облысының жаңа «Боздақтар» кітабы дайындалып жатыр. Елімізді жаудан азат етуде құрбан болған жерлестерімізге арналған бұл ескерткіш-кітап ерекше мәнге ие. Бұл кітапта қазіргі Ақмола облысының әкімшіліктік-аумақтық территориясынан Ұлы Отан соғысы жылдары қан майданға аттанған жауынгерлердің тізімі қала мен аудандар бойынша жеке-жеке ұсынылмақшы. Бұл күнде әрбір аудан мәліметтер жинау жөнінде өздеріне жүктелген тапсырманы аяқтауға таяу екенін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Чапай Әбутәліпов мәлім етті.
–Біз Жеңіс үшін жаумен айқасқан аға ұрпаққа, ажал құшқан ағаларымыз бен апаларымыздың рухы алдында мәңгілік қарыздармыз. Батырларымыздың ерлігі біздер үшін әрқашан үлгі-өнеге. Бұл ерлік өскелең ұрпақтың жадында мәңгілік жатталып қалуы үшін қоғам болып жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Осы басылымды 1000 данамен шығарып, Көкшетау, Степногорск қалалары мен облыстың әрбір аудандарының мектептеріне, кітапханаларына, музейлер мен ардагерлер ұйымдарына тарату ойда бар, – деді Чапай Әбутәліпов.
Оның айтуынша, кезінде Көкшетау облысынан жүз мыңға жуық адам соғысқа аттанған. Қазір облыста 103 мың зейнеткер бар. Оның 228-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері болса, 72-сі  Көкшетау қаласында тұрады. Тізімге алынғандардың барлығының есімі жазылатын болады. Егер суреттері болса, тіпті жақсы. Соғысқа басқа жерден шақырылып, бірақ кейін белгілі бір себептермен біздің облысқа қоныс аударған ардагерлердің аты-жөндерін де кітапқа енгізу мәселесі қазір қарастырылып жатқан сыңайлы. Сондықтан, Чапай Әбутәліпұлы тұрғылықты мекен-жайлары бойынша Көкшетау, Степногорск қалалары мен аудан тұрғындарынан соғысқа қатысқан ата-бабаларының аты-жөндерін нақтылауды өтінді. Ол үшін қалалық, аудандық ардагерлер кеңесі мен әскери комиссариатқа хабарласулары керек. Ал, жалпы, қаңтар айынан бас-тап аудандардан тізімдер сұрала бастайды.
«Боздақтар» 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлер туралы ескерткіш-кітап бұрынғы Көкшетау облысы кезінде 1996 жылы жарық көрген болатын. Енді 3 томдық болып шығатын «Боздақтар» кітабы мың данамен сәуір айында жарық көреді. Бұл басылымда майдан даласында қаза тапқан барлық жауынгерлердің есімі жазылады. Жарқын тарихтың жасампаз беттерін жазуға соғыс ардагерлерімен бірге тыл еңбеккерлері де өз заманында айрықша үлес қосты. Егер мүмкіндік болса, тың игеру науқанына белсене қатысқан бірқатар еңбек ардагерлерінің есімдерін «Боздақтар» кітабына енгізу жоспарлануда.
Жылдың басында, яғни қаңтар айында «Жеңіс» қоры да құрылатын болады. Жиналған қаржы  кітапты шығаруға жұмсалмақ. Сондай-ақ, соғыс кезінде Ресей, Белоруссия мен тағы басқа жерлерде қаза тапқан жауынгерлердің зиратын көру үшін кейбір отбасыларға қаржылай қолдау көрсетіледі. Бүгінгі таңда облыстық еңбек және соғыс ардагерлері кеңесінің көмек-қолдауымен 30-ға жуық отбасы басқа елге шығуға мүмкіндік алды. Кейбіреуі тіпті, Польшаға дейін барған. Бұл өнегелі іс әлі де жалғаспақ.
Жалпы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өту мақсатында облыс бойынша бірқатар іс-шаралар бекітілген. Оның бірі жоғарыда атап өткен «Боздақтар» кітабын шығару болса, екіншісі облыстың әр аудан, қалаларында ардагерлердің қатысуымен салтанатты іс-шараларды жоғары деңгейде атап өту көзделуде. Осы орайда, облыс әкімі Сергей Кулагин мерейтой қарсаңында ардагерлерді қабылдап, кездесу өткізбек.
 Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған алғашқы мерекелік іс-шараның бірі «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» атты облыстық көркемөнерпаздар байқауының гала-концерті өткен жылдың қазан айында болғанын айта кеткен ләзім. Ал, мерекеде Көкшетау, Степногорск қалалары мен облыс аудандарынан ардагерлер келіп, облыс орталығында өтетін салтанатты шараларға қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ, Жеңіс күні қарсаңында республика делегациясының құрамында біздің облыстан екі соғыс ардагері Мәскеудегі «Қызыл алаңда» өтетін митингіге жолдама алды. Олардың жолақысын, тіпті киетін киімдеріне дейін жергілікті билік қамтамасыз етпек. Дәрігерлік көмек көрсетіліп, барлық жағдай жасалады. Астанада өтетін салтанатты шараларда жерлестеріміз қатысатын болады.
Тыныштық отын маздатып, бізге бейбіт күнді тарту еткен ардагерлерге 100-150 мың теңгеден сыйақы үлестіру көзделіп отыр. Әрине, елді жаудан азат етуде толарсақтан саз кешкен ата-бабамыздың ерен еңбегі еш өлшеусіз. Аға ұрпаққа көмек-қолдау көрсету де біздің азаматтық парызымыз болып саналады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар