Айдан жер алғандар бар

Осы күнi жер шарының 180 елiнiң 4 миллионнан астам азаматы Айдан, оны айтасыз, Марстан жер телiмдерiн сатып алған. Айдан жер сатып алғандардың арасында қазақстандықтар да бар. Денис Хоуп деген АҚШ азаматы 1980 жылы тiрi пенденiң ақыл-ойына кiрмеген ғажап идеяны дүниеге әкелдi. Халықаралық заң нормаларында Ай, Марс, Юпитер сияқты күн жүйесiне кiретiн планеталардың бiрде-бiр мемлекет немесе заңды тұлғалардың меншiгiне жатпайтындығы айқындалған. Дегенмен, халықаралық заңнамаларда күн жүйесi планеталарының жеке тұлғалардың меншiгiне жатпайтындығы туралы тұжырым жоқ. Осыны пайдаланған әлгi американдық күн жүйесiне кiретiн Жерден басқа барлық планеталарды өзiнiң жекеменшiгi деп жариялап, жай жариялап қоймай, соны заң жүзiнде құжаттандырып алады. Сөйтiп, ол «Ай елшiлiгi» деп аталатын мекеме құрады.
Денис Хоуп Ай және Марстың конституциясын жазып, күн жүйесi планеталарынан жер телiмдерiн сатуды қолға алады. Оның бұл ақылға сыйымсыз iсi көп ұзамай шынымен табыс әкеле бастайды. Айдан жер телiмiн алғысы келетiндер аз емес екен. Бүгiнде «Ай елшiлiгiнiң» өкiлдiктерi әлемнiң 35 елiнде жұмыс жасайды. Әзiрге адамдар негiзiнен Ай мен Марстан ғана жер телiмдерiн сатып алуда. Болашақта бәлкiм, Нептун, Сатурн, Венера, Юпитер сияқты планеталардан және олардың жүздеген серiктерiнен жер сатып алатындардың шығуы әбден мүмкiн.
Сонда Айдағы баға қандай?
Ең төменгi жер телiмi – 1 акрдан басталады. Бұл – 40 сотық көлемiнде. Айдан бiр акр жер сатып алуға сiз 2890 рубль жұмсайсыз. Теңгеге шаққанда қазiргi бағаммен шамамен 160 мың теңге көлемiнде. Ал, сатып алынатын жер көлемi көбейген сайын, бағасы да арзандай түспек. Мәселен, сiз 10 акр жер алсаңыз, оған 19 мың рубль, ал 100 акрға 99 мың рубль жұмсайсыз.
Жер телiмiн сатып алу «Ай елшiлiгiнiң» өкiлдiктерi арқылы жүргiзiледi. Ақшаны төлеп, жер телiмiн алған соң, ол кәдiмгiдей құжаттандырылады.
Ондағы жердi қалай пайдаланасыз?
Сiздiң бар алданышыңыз – телес-коп сатып алып, балаларыңыз бен немерелерiңiзге «мiне, мынау аумақ менiң жерiм, болашақта сендерге мұра етiп қалдырамын» деп мақтанып айтумен шектелу ғана болмақ.
Ал, YK-news.kz. хабарына қарағанда, Қазақстанда 200-дей адам Айдан жер телiмiн сатып алған көрiнедi. Мысалы, Көкшетауда тұратын жас жiгiт «Ай елшiлiгiнiң» Қазақстандағы өкiлдiгiн ашқан. Отандастарымыз сол өкiлдiк арқылы Айдан жер сатып алып жатқанға ұқсайды. Жер сатып алушылардың денi Астана, Алматы, Тараз және Шымкент қаласының тұрғындары екен. Өкiлдiктiң осыдан екi жыл бұрын ғана ашылғанын ескерсек, болашақта Айдан жер сатып алушылар қатары көбейе түсетiн түрi бар.
Сонымен, Айдан жер сатып алғыңыз келсе, алысқа бармай-ақ өз елiмiздiң өкiлдiгiне хабарласуыңызға болады. 10 акр жер алсаңыз, 160 мың теңгеңiздi дайындай берiңiз.

Қалкөз Жүсiп.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар