Электронды қызмет көрсетуге жете көңіл бөлінетін болады

Мемлекет басшысының биылғы жылғы халыққа арнаған Жолдауында еліміздің болашақ даму бағдары, негізгі басым бағыттары айқындалып, әлемнің бәсекелестікке қабілетті отыз елінің қатарына қосылу жолында атқарылатын міндеттер нақтыланды. Жолдауда билік тармақтарының, әрбір саланың алдында тұрған негізгі міндеттер белгіленіп, нақты көрсетілген. Ендігі парыз –  алға қойылған осындай ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруға әрбір ұжым, әрбір азамат өз үлесін қосып, белсене жұмыс істеу.

Қазақстан бағдар ұстанған құқықтық демократиялық қоғамда қай саланың жұмысын болмасын  жүргізуге ең алдымен заңдық негіз жасалуы қажет. Міне, осындай жауапты да ауыр міндет жүктелген әділет органдары өз жұмыстарын ойдағыдай атқарып келеді. Өткен жылдың қорытындысына назар аударсақ, облыстық әділет департаменті барлық дерлік көрсеткіштер бойынша жылды жақсы аяқтады деп айтуға негіз бар. Әділет органы жұмысының ең негізгі бағдарларының бірі болып саналатын жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың шығарған нормативтік-құқықтық актілерін тіркеу бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Мемлекеттік тіркеуге ұсынылған нормативтік-құқықтық актілерге қойылатын ең басты талап – оның сапалылығында. Бәрі де қатаң заң шеңберінде да-
йындалуы керек. Өкінішке орай, жергілікті атқарушы органдар тарапынан дайындалған құжаттардың бәрі бірдей сапалық өлшем талабына жауап бере қоймайды. Сапасыз дайындалған  құжаттар азаматтардың заң бекіткен құқықтарының бұзылуына, заңды тұлғалардың мүдделеріне қайшы келетін жайларға  ұшыратуы мүмкін. Осыған орай, қадағалаушы орган – прокуратура тарапынан сапасыз дайындалған нормативтік-құқықтық актілерге қатысты прокурорлық назар аудару шарасы қолданылып жатады. Сондықтан да, әділет органдары жергілікті атқарушы органдар дайындаған нормативтік-құқықтық актілердің заң талаптарына жауап беретіндей сапалы болуына ерекше назар аударады.
2016 жылы облысымыздың жергілікті атқарушы органдары тіркеуге 733 нормативтік-құқықтық акті ұсынса, солардың 483-і тіркеліп, заңды сипатқа ие болды. Жыл өткен сайын жергілікті билік дайындайтын нормативтік актілер қатары өсе түсуде. Мұның өзі жергілікті атқарушы органдардың өз құзыреттерін толыққанды пайдалана бастағандығын көрсетеді.
Мәслихат аппараттарында білікті заңгер мамандардың жоқтығына қарамастан, соңғы жылдарда жергілікті органдар даярлаған нормативтік актілердің сапасы жақсара түскендігі байқалуда. Ең алдымен, нормативтік актілер заң талабына сай дайындалады.
Әділет органдары қызметінің маңызды салаларының бірі мемлекеттік қызмет көрсету десек, бұл жүйенің жұмысын жақсарту бағытында да айтарлықтай шаруалар атқарылуда. Облыстың әділет органдары 18 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетсе, оның  17-сі тіркеу мен халыққа құқықтық көмек қызметтері де, 1-еуі сот актілерін орындау қызметі. Өткен жылы әділет органдарымен 95541 қызмет көрсетілді. Айта кетерлік жай, қызмет көрсету мерзімінің бұзылу жағдайына бірде-бір рет жол берілген жоқ. Қолданыстағы заңдарға енгізілген өзгерістерге сай, коммерциялық ұйымдарды құру электронды форматқа ауыстырылды. Яғни, заңды тұлғалардың небары бір сағатта тіркеуден өтіп, жұмысын бастауына мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ, заңды тұлғаларды тіркеу куәлігінің орнына енді электронды анықтама жүретін болды. Ал, оны мүдделі тұлғалар «Электронды үкімет» веб-порталына кіріп, алуына болады. Меншік құқығын тіркеуде жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тіркеу түріндегі балама ереже жойылды. Бұрын ол үшін азаматтар қызмет көрсету орталықтарына барып арыз беретін, ендігі уақытта бір жұмыс күні ішінде электронды форматта тіркеле алады.  Қазіргі күні әділет органдары «Электронды үкімет» қызметін дамытуға жете көңіл бөлуде. Қазіргі күні біз көрсететін 18 қызметтің 10-ы электронды форматта жүргізіледі. Өткен жылы әділет органдарымен барлығы 23093 мемлекеттік қызмет электронды нұсқада көрсетілді. Олардың 6928-і заңды тұлғаларды  мемлекеттік  тіркеуге қатысты болса,
16165-і жылжымайтын мүліктерді тіркеу қызметі.
Адамдарға құқықтық кеңес беру жұмыстарына да жете назар аударылады. Өткен жылы 9497 азаматқа тегін құқықтық кеңес көрсетілді. Департамент адвокаттар алқасымен кепілдендірілген құқықтық кеңес қызметін көрсету жөніндегі келісім-шарт жасады. Әр азамат өзі тұратын жергілікті жердегі адвокаттар алқасына тегін құқықтық кеңес алу үшін арыздана алады. Сонымен бірге, департаменттің колл-орталығына хабарласып, құқықтық кеңестің мекен-жайлары туралы анықтама алуға болады. Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін әділет департаменті нотариустер мен жеке сот орындаушылары туралы мәліметтер енгізілген интерактивті карталар дайындады.
Әділет департаменті жұмысының маңызды және күрделі саласының бірі сот орындаушылық өндірісі саласының қызметі болып отыр. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының талаптарына орай, мемлекеттік сот орындаушылық қызметі аумағы азайып, жеке сот орындаушыларға жүктелер міндет ауқымы кеңейе түспек.  2016 жылы жеке сот орындаушылары барлық деңгейдегі істерді атқарды. Мемлекеттік сот орындаушыларының мойнында үйден шығару, үйді бұзу, жер телімдерін алу сияқты бірқатар істер ғана қалды.
Бүгінгі күні облысымыздың аумағында 65 жеке сот орындаушылары қызмет көрсетуде. Олардың қолында жаңа жылдың басында жалпы сомасы  185 523 999 791,92  теңге болатын 53712 іс болды. Өткен жылы аяқталған сот орындаушылық құжаттарының ауқымы 44 пайызды құрады. Жеке сот орындаушыларының жүктемесі жоғары болып отыр. Әр сот орындаушысына 13344 істен келеді. Соған қарамастан, сот орындаушылық саласында көптеген оң өзгерістер байқалуда. Орындалған сот шешімдері саны жылдан жылға артып келеді.
Әділет органдары қызметкерлері биылғы жылғы Елбасының халыққа арнаған Жолдауында белгіленген тапсырмаларды орындауға күш-жігерлерін жұмылдырып, қызметтік міндеттерін адал орындай беретін болады.

Анатолий ДЕРМАНОВСКИЙ,
облыстық әділет департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар