Тілі басқа, тілегі бір жеткіншектер ордасы

Облыс орталығындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің ғимаратында орналасқан түрлі ұлттардың ана тілдерін оқытатын «Шаңырақ» тілдерді оқыту мектебі 2010 жылдан бері жемісті жұмыс істеп келеді.  Қазір онда екі жүзге жуық балалар мен  жасөспірімдер өз ана тілдерінде білім алуда.

«Шаңырақ» тілдерді оқыту мектебі Көкшетау қаласындағы «Әулет» мектептен тыс жұмыстар орталығында 2010 жылы сол кездегі Қазақстан халқы Ақмола  ассамблеясының  төрағасы, облыс әкімі  Сергей Дьяченконың  ұсынысы бойынша  ашылған болатын. Алғашқы кезде тілдерді оқыту үйірмелерінің сабағы ретінде №1 орта мектепте әр жексенбі сайын өткізіліп тұрған еді. Кейін «Қоғамдық келісім» ғимараты бой көтеріп, ашылған соң 2015 жылдың қыркүйек айынан бастап тілдерді оқыту мектебі осы ғимаратта өз жұмысын жалғастыруда.
–Мектепті ашудағы мақсаттардың бірі – жас ұрпақты қазақстандық отаншылдыққа тәрбиелеп, бейбітшілік пен келісімді нығайту, елімізде тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстардың мәдени мұрасын үйрету арқылы олардың әлеуметтік дамуларына жағдай жасау, балалардың  қарым-қатынас жасаудағы қабілеттерін арттыру болып табылады. Бүгінде тілдерді үйрету сабақтары әр жексенбі сайын өткізіліп тұрады, – деді «Әулет» мектептен тыс жұмыстар орталығының директоры Марал Әлжаппарова.
Тіл үйренушілер бастапқы және жалғастырушы топтарда оқиды екен. Оқу сабақтарында оқытушылар балаларға Қазақстан халқының салт-дәстүрлерін, мәдениеті мен тарихын, өнерін  таныстырып, үйретеді. Бүгінде әр топта 12 баладан отырады. Топтардың әрқайсысы интернационалды. Тілдерді үйретуге 10 оқытушы бекітілген және олар сабақтарын арнайы бағдарламалар мен күнтізбелік-тақырыптық жоспарға сай жүргізеді. Сондай-ақ, шет тілін оқыту білім беру деңгейі қарапайым меңгеруге  бағдарланған және шетел тілдерін меңгерудің Жалпыевропалық құзыреттілігіне сай оқытылады екен.
Интернационал топтарда оқитын балалардың өзге халықтардың тілін үйренуге деген талпынысы мен ынтасын, салт-дәстүрі мен мәдениетін оқуға деген қызығушылығын көргенде, Қазақстан халқының достығы мен бірлігінің бекем екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық.
«Қаншалықты көп тіл білсең, соншалықты байсың» деген сөз «Шаңырақ» тілдерді оқыту мектебінің ұраны. Барлық мұғалімдер оқытып жүрген тілдерін жетік біледі, балалармен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерген. Сабақты балаларға қызықтыра отыра  ұйымдастырып, тиімді түрде өткізеді. Сондықтан да педагогтар интерактивтік әдістерді  қолданады, ойын технологиясы мен  «мәдениет диалогі» технологиясын жиі пайдаланады.
2016-2017 оқу жылында ата-аналардың өтініші бойынша мектепке  6 жастан 18 жасқа дейінгі 198  бала   қабылданып, 10 түрлі тілді  оқыту бойынша  20 топ қалыптастырылды. Атап айтқанда, онда қазақ, орыс, неміс, татар, поляк, армян, ингуш, чуваш, әзербайжан, кәріс халықтарының ана тілдері оқытылады. Алғашқы ашылған жылдары сегіз тіл ғана оқытылыпты, былтырғы оқу жылында олардың қатарына чуваш, биылғы жылы әзербайжан тілдерін қосыпты.  
«Шаңырақ» тілдерді оқыту мектебінің басшысы Күлтай Кәрімжанованың айтуынша, аталмыш мектепте сабақ беретін мұғалімдер жоғары білімді, біліктілік санаттары бар, арнайы бағдарламалармен шетелдерде оқып келген мамандар. Ол өзі де жоғары білімді неміс тілі пәнінің мұғалімі, педагогикалық еңбек өтілі – 40 жылды құрайды, соған қарамастан, 2015 жылы «Болашақ» бағдарламасы бо-йынша оқып келген көрінеді. Сонымен қатар, оқытушылардың ішінде қазақ тілінен жиырма жылдық еңбек өтілі бар Раушан Хасенова, татар тілінен қырық жыл бойы тіл үйретіп жүрген Қазан қаласында біліктілігін арттырып келген Фарида Исмагилова, поляк тілінен Польшаның Люблин қаласындағы университетте іс-тәжірибелік курстарына қатысқан Наталья Крупельницкая, армян тілінің оқытушысы, «Бари» армян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Рузанна Дегоян сияқты оқытушылар бар. Өскелең ұрпақ өкілдерін қазақстандық патриотизмге тәрбиелеп жатқан мектептің оқытушысы, чуваш тілінің мұғалімі Елена Тарасовамен тілдескенімізде:
–Бұл мектептің жұмысының басты бағыты ұлттар арасындағы достық пен келісімнің сақталуына үлес қосу. Аталған тіл ұстарту мектебі «Әулет» мектептен тыс жұмыстар орталығының жанынан құрылған болатын. Бастапқыда мұнда 9 топ жұмыс істейтін. Қазір топтар саны көбейді. Мұнда әртүрлі ұлт өкілі өзі қалаған тілді меңгерумен қатар, сол ұлттың тарихымен, мәдениетімен, өнерімен және салт-дәстүрімен жан-жақты танысады. Бүгінгі таңда мектепте облыс орталығындағы жалпы орта және кәсіби білім беретін мекемелер мен жоғары оқу орындарынан жалпы саны 200-дей бала әртүрлі тілдерді меңгеріп жүр. «Шаңырақ» тілдерді оқыту мектебі Көкшетау қаласының этно-мәдени бірлестігімен тығыз байланыста. Мектеп оқушылары мемлекеттік мерекелермен қатар, өзге ұлт өкілдерінің ұлттық мейрамдарын тойлауға да белсене қатысып, ол этнос жөнінде алған теориялық білімдерін толықтырады, – дейді ол.
– «Мен поляк ұлтының ақыны Адам Мицкевичтің жəне əлемге аты əйгілі композитор Фридерик Шопеннің тілінде оқи алатындығыма қуаныштымын. Біз сабақ барысында тек тілді меңгеріп қана қоймай, əдебиет пен өнерді, салт дəстүрді де оқимыз. Лексика, грамматика, фонетика бойынша білімімізді пысықтаймыз. Поляк ұлтының ақын, жазушыларының шығармашылығымен жақынырақ танысамыз. Əр ұлт өз тілін біліп, құрметтеуі керек деп есептеймін», – деді поляк тілін меңгеріп жүрген Карина  Крупельницкая оны әңгімеге тартқанымызда.
Ал, ингуш тілі сабағына келіп жүрген Рамзан Тумгоев болса үш тілде еркін сөйлейді екен. «Мен, өз ұлтын сүйетін əр адам тілін, мəдениетін, салт-дəстүрін білуі керек деп есептеймін», –  дейді ол.
Мектеп басшысы Күлтай Кәрімжанова өз сөзінде тіл үйренуге қызығушылық танытушылар санының жылдан-жылға артып келе жатқандығын айтады. Ендеше, жас ұрпақ өкілдерін толеранттылыққа тәрбиелеп отырған бұл мектептің жұмысына біз де табыс тілейміз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар