Атажұртымды көргім келеді

Менің ата-бабам 1936 жылы ұлтшыл деген айып тағылудың салдарынан саяси репрессияның құрбанына айналып, Қазақстанға жер аударылады. Қазақ халқы сол тұста өздерінің басынан өткеріп жатқан қиындықтарға қарамастан жатсынбай, құшақ жая қарсы алады. Сөйтіп, олар осы жерде ұрпақ өрбітіп, Қазақстан екінші Отанына айналады.

Атам Иосиф Стротынский тарихи Отаны Украинадан саяси  қуғындалып, отбасымен Қазақстанға жер аударылған еді. Ол бұрынғы Көкшетау облысының Тайынша ауданына қарасты Южное ауылына келіп тұрақтайды. Оларды мұнда қазақ халқы жатсынбай қабылдап, барын, соңғы нанын бөліп беріп, бауырларына тартады. Меніңше,  мұқтаж адамға осылай өзіңде бармен бөлісу – мейірімділіктің ең басты көрінісі. Осы ауылда барлық халық бір атаның баласындай ұлтқа, дінге, тілге бөлінбей жақын туысқандардай тату-тәтті көрші болып, өмір сүріпті.
Менің ұлы атам Иосиф Стротынский Ұлы Отан соғысы кезінде тылда еңбек еткен. Ал, әжем Александра Ивановна сол кезде үш баламен ауылда қалған. Жұмысқа жарамды ер-жігіттердің барлығы майдан даласына аттанған соң, ұжымшардағы ауыр жұмыстарды қыз-келіншектер мен балалар атқарған. Соғыс аяқталған соң 1956 жылы атам саяси айыптан ақталып шығады.  1959 жылы отбасымен Красная Полянаға көшіп кетеді.  Атам «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 50 жыл» деген мерейтойлық медалімен марапатталыпты.  
Атам мен әжемнің айтуы бойынша Польшадан тыс жерлерде шамамен 49 миллионнан астам поляктар өмір сүреді екен. Ақмола облысында статистикалық мәліметтерге қарағанда 8055 поляк тұрады.  
Менің аталарымның айтуына қарағанда, поляктар да қазақ халқы сияқты қонақжай, үйіне келген меймандарын жайлы дастархан жасап, дәмді тағамдарын алдарына қойып қарсы алады екен. Қоғамдық көліктерге мінгенде жастар әйелдер мен қарт адамдарға құрмет көрсетіп, орын береді. Меніңше, бұл қай халықтың болсын үлгі боларлық дәстүрі, адамгершілік тұрғысынан алғанда өте дұрыс әрекет. Менің туған жерімде әулие Антония Падуанскийдің  приходы бар. Ондағы біздің храм Қазақстан бойынша Қарағанды қаласындағы кафед-
ралды соборынан кейінгі екінші орынды алады және Астана қаласының епархиясына қарайды. Поляк халқы өзінің дінін берік ұстанады. Рож-дество мейрамы олардың ең ұлық мейрамдарының бірі. Мен өзімнің ата-бабамның шыққан тегі туралы, олардың тарихи Отаны, салт-дәстүрі мен мәдениеті жайлы көп білгім келеді. Қазіргі таңда мен Польшаны көзіммен көре алмасам да, Интернет желісінен оның атақты, шартарапқа танылған тарихи орындары мен ғимараттарын оқып біліп, таныса аламын. Болашақта оны өз көзіммен көрсем бе деп ойлаймын.
Менің туған қалам – Көкшетауда осымен алтыншы рет «Поющая Полония» атты поляк халық әндерінің республикалық фестивалі өткізілді. Оны жыл сайын Польша Республикасының Қазақстандағы елшілігі және Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының қолдауымен облыстық поляктар бірлестігінің төрағасы Александр Сухавецкий ұйымдастырады. Аталған іс-шараның Көкшетау қаласында өткізілуінің басты себептерінің бірі – біздің облыста басқа аймақтарға қарағанда поляктар көп тұрақтап қалған. Кезінде менің аталарым Ақмола облысын поляктардың алтын бесігіне айналған қасиетті мекен деп айтатын. Ән айтып, би билеу кез келген халықтың мәдениетінің болғандығының айқын көрінісі. Поляктардың биі халқымыздың рухани танымы мен мәдениетінің бейнесі.  
Қазақтардың менің ата-бабаларымды жандарына жақын тартып, бауырларына басқандары, қиын- қыстау шақта қолдау көрсетіп, пана бола білгендері үшін бүгінгі жас ұрпақ біздер қарыздармыз. Қазақ жері тек қана поляктарға ғана қайырымдылық көрсеткен жоқ, сонымен қатар, басқа да ұлттар мен ұлыстардың балаларын бауырына басты. Осындай бауырмал, мейірімді, жомарт елдің қасиетті топырағында дүниеге келіп, өмір сүріп жатқанымыз үшін қуанамыз. Десек те, тарихи
Отанымызды бір көру бізге арман.

Кристина СТРАТИНСКАЯ,
Көкшетау қалалық
№5 «Таңдау» көпсалалы
гимназияның 10 сынып оқушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар