Тсс!.. жылмен бірге Әзіл келе жатыр!..

Берік САДЫР

Сиырдың сыры

«Сиырдың сыры» дедік пе?.. Ағыл-тегіл айтайын.
О баста, қай заман, қай ғасыр екені белгісіз, бізде жабайы күн кешіп, тағы боп тау-тас-та күн кешіппіз. Тағылық тірлігімізден хабарымыз жоқ, әйтеуір күндердің күнінде қолға үйретіліп, адам ақылының арқасында соның қарамағына өтіп, төрт түлігінің санатына қосылып, «саналы» тірлікке көшіппіз ғой…

Тарихта нем бар, тірлігімді айтайын…
Қазір қожайынымнан «қашып шығып», тау-таста жартылай жабайы күй кешудемін.
Әнебір заманда, кең қолтық кергіген кезеңде – мен ғана емес, ертеңге еренсіз болып бүткіл жұртшылық ашық-шашық шалқыды емес пе?!
Басқада нем бар, өзіміз таң қылаң бере керіліп-созылып түрегеп, бұзауға иіліп, қожайынның сауып сыпыра етіп бұйда жіптен босатқаны сол, уайым-қайғысыз талтаң басып, тау-тас етегіндегі өрісімізге кете баратынбыз. Ойһой, сол кездегі сенікі-менікі делінбеген далиған даланы ойласам, мүйізім сырқырайды, емшегім сыздайды.
Несін айтайын, жекеменшік келіп өріс тарылды, желке жүн жығылды емес пе?!
Қожайын да қауқарсыз, нарық заманына ілесе алмай, ел қатарлы тірлігін түзей алмай, бұрынғы өріс атаулы қолды болып, біз баяғы кешкілік келіп жетіп, күйіс қайырып, түнеп шығатын қорадан күндіз-түні шыға алмайтын халге жеттік. Қолға қараған күнді дұшпаныңа берсін. Жекеменшік жері жоқ қожайыныңның барынан жоғы.
Қожайыныма жаным ашиды! Айтпай келген аласапыран заманда азып-тозды десем болады.
Бәрі сатулы, жем жемегелі қашан, берген шөп-шолаң, кәшек-пәсекті талғажау етеміз. Бәрі құрықталып, ішіп жүрген ағыл-тегіл судың сұрауы болғанда, суалып кете жаздадым.
Қиындықтан ашатұяқ атаулы айырбасталып, бағым – сүтімнің арқасында белі қатаймаған бұзауымның көз жасы болып, дін аман жүріп жатқаныма тәуба деймін.
Өстіп жүргенде, өкіметтен «сауып отырған сиыры бар үй әлеуметтік көмектен қағылсын!» деген «қарақағаз» шығып, шалқамыздан түсірді емес пе?! Сондағы әлеуметтік көмекпен ілдалап отырған қожайынымның күңіренген көзжасын көрсең…
Не істейін, тұлапайы шыққан басқа төрт түліктен әулиемін бе, көресемді көрейін, маңдайыма жазылғаны болар деп, қора маңында апыл-тапыл қам-қарекетсіз ойнақ салып жүрген бұзауыма қарап қабырғам сөгіледі, денем түршігеді.
Құдай оңдап, қожайыным қимылға көшіп, бір түнде мені бұйдалап алып жетектеп, қазіргі күндіз панам болған тау-тастағы үңірден бір-ақ шығарды.
Бір күн күндіз ешқайда аттап шығармай, үңірде қамап отырып, қас қарая қос уыс жемін беріп, жетектеп сыртқа шығарып, айналайын тау-тастың шөп-шүйгініне жайылтып, мөлдір бұлақтан суғарып, таң сыз бере үңгірге қайта кіргізіп, алақан жайып менің амандығымды тілеп, көл-көсір сүтімді сауып алып, жөніне кетті…
Қанша миғұла саналсақ та, жалмауызға да жан керек, қожайынның айтқанымен жүріп-тұруға үйренген басымыз, күндіз аттап шықпай күйіс қайырумен боламын да, түнде жортуылға шығамын…
Қожайыным да қу, таң сыз бере үңгірге оралсам, қос уыс жемін ұсынып, күлімдеп сонда күтіп отырады… Қайтейін, қожайынға үйренген басым, оның үстіне қорада қалған бұзауыма бола иіліп-иіп сүтімді ағыл-тегіл ағытамын.
Қожайын да біледі, тау-тастағы қасқыр бастаған қарақшыларды ескеріп, өткенде мүйізімді қайрап үшкірлеп, келесісінде артқы екі аяғыма тигенін тіліп түсер таға орнатып берді…
Қамқорлығына ризамын. Ол да «Сиыр сипағанды білмейді» дегенді ұмытып, көндіккен, үйреткенін лезде ұғып алған менің үсті-басымды сипалап, біруақ тазалап-тарап та қояды.
Сөйтіп, ағыл-тегіл ішіп-жемнің ортасында жартылай жабайы тірлік кешудемін.
Бұрынғыдай емес, қоңданып семіріп келе жатқанымды сеземін. Оныма қожайын да риза. «Қоңдансаң, күзге аман-есен барсаң. Ол уақытта қорадағы бұзауың да сүттен шығып, санатқа қосылады. Біздің де түп-түгелді сатып, қала маңына көшіп кетер мезгіліміз де болады» деген пиғылын да сеземін.
Менің де: «Аман-есен күзге жетіп, қожайынымнан бұрын бір түнде қорадағы бұзауымды ертіп әкетіп, мұндағы үңгірді талақ етіп, тау-тастың ықпыл-жықпылын артқа тастап, сонау қияндағы арқар мекен еткен маңға барып, толық жабайы күн кешсем» деген пиғылым бар.

Астана.

Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ

Қызық…

Орталықтан үлке-е-е-ен Әкім келді.
Үлке-е-е-ен Әкім болғасын
Ойхо-ой, ақылды енді.
Нөсерлетіп сөйлегенде
Гүлдендіріп жіберер тақыр жерді.
Алыстан ақылын жұмсап жіберуші еді,
Бұл жолы өте жақын келді.
Әкімді жақыннан көреміз деп,
Ойын тастап бала,
Қойын тастап шал,
Ұршығын тастап кемпір,
Қуыршағын тастап қыз,
Азанын тастап молда,
Қазанын тастап қатын келді.
Қазақтан өткен жомарт бар ма,
Әлгі Әкімнің өзі сөйлеп тұрған көшеге
Сол жерде-ақ айқайлатып атын берді.
– Бұл Әкімнің тамыры тереңдеп кетті,
Құлағы керең боп кетті.
Көзі көрмейтін болды,
Өзі өлмейтін болды.
Ішіп жатыр, жеп жатыр,
Әкімнің төсегінде көп жатыр.
Туыстарын жиып алды,
Дүниені үйіп алды.
Жасағаны – ұрлық,
Асағаны – сұмдық,
Бұл осылай жүре берсе,
Біз тындық! –
дейтін жақтырмайтындар
Қол көтеріп сөз алды.
Оны көріп,
Осы ауылдағы кіші әкімдердің
Өңі бозарды,
Ерні сазарды.
Қызық…
Сол жақтырмайтындар
Жақтыратын сөз айтты,
Бөрікті аспанға лақтыратын сөз айтты.
Үлке-е-е-ен Әкім не десе де
Тақ тұратынын айтты.
Келесі сайлауда тағы да
Дауыс беретіндерін айтты.
Соңынан «уралап» еретіндерін айтты,
Оған қарсы оппозиция шықса,
Тура қолдарында «өлетіндерін» айтты.
Үлке-е-е-ен Әкім бұл жиыннан
Бір сәйгүлік мініп қайтты.
Жақтырып сөйлегендер
Иықтарына шапан іліп қайтты.
Былайғы жұрт
Орындарында тұрып,
тұрып қайтты.

Мұхтар Шерім

Шәпкісін ала қашып...

Құдайым-ау, біз кімге еліктемейміз? Кезекті мәжілістен соң, «Қарныңды аштырмаймыз!» министрі өз көлігіне қарай беттегені сол, біреу қымбат шәпкісін ала қашты! Шәпкісімен қоса, басын жұлып әкеткендей әсерде қалған министр жалт бұрылып еді, одыраңдап қашып бара жатқан орынбасары екен. Шопырына қарап еді, ол түсінбей қалған ба, қызарып кетіп, қылғына сөйледі.
– Кешіріңіз, орынбасарыңыз Қиялбек Еліктегішович қой…
– Мұны қалай түсіндік? Қуып жетіңіз де, шәпкімді «тірідей» алып келіңіз! – деген министр портфелін құшақтап тұрып жөткірінді. Түсінің суып кеткені соншалық, бетінде боран ызғып тұрғандай еді. Бірақ сабыр сақтап, галстугін ағытып, аспанға қарады. Бір кезде шопыры ет жейтіндей, ентігіп келді. Қолында шәпкі.
– Кешіріңіз, өзінің шәпкісін лақтырып жіберді де, сіздің шәпкіңізді киіп алды.
– Өзі қайда?
– Анау бұрышта тығылып тұр.
Министр оған қарсы жүрді.
– Қиялбек Еліктегішович, сіз не істеп тұрғаныңызды түсінемісіз?
– Естімедіңіз бе?
– Нені?
– Шешенстан президенті мәжілістен соң министрлерімен бірге далаға шығып, қар атысып ойнаған!
– Мен… Мен президент те, Рамзан Қадыров та емеспін ғой?
– Есесіне кластаспыз! Есіңізде ме, мектепте осылай шәпкімізді ала қашып ойнайтынбыз. Ол кезде сізді «сен» дейтінмін.
Министр жан-жағына қарап қойып, ақырын ғана:
– Ұят болады, шәпкімді қайтарыңыз! – деді.
– Жалған ресмиліктен шаршадым.
– Мен сіздің мәселеңізді қараймын!
– Менің мәселемнен бұрын халықтың қамын қараңыз… Шешенстанда қар атысып ойнайды, біздегілер сөз атысып, көз атысып «ойнайды»…
– Бердім сол шәпкіні! – деген министр көлікке қарай беттеді. Жарылып кетсе бар ғой, ішек-қарны орынбасарының мойнына ілініп қалардай еді… «Шешенстанда не жұмысы бар мұның? Путин губернаторларды жинап алып, ойыншық пистолеттерімен «Шпион мілиса» ойнап жүрсе, Ресейге еліктеуімізге болады! Рамзан Қадыровқа еліктегені несі?» деп ойлады ішінен министр. Сол екен, шопыры мұның қолындағы ұялы телефонын ала қашты. Мыналарды жын ұрған ба? «Қуып жете алмайсыз, қуып жете алмайсыз!» деп шопыры тілін шығарады! Орынбасары жүр ыржалақтап:
– Біз мәңгілік елміз, бірақ сіз мәңгілік министр емессіз ғой? Осылай бір мезгіл бой сергітейік! Кеше Премьер-министр тапсырма берді! – деді де, министрдің басына алақанымен бір ұрып қойып, қаша жөнелді. Министрдің де «ойнағысы», бірдеңе ойлағысы келіп кетті. Шынында, билік дәлізіндегі жағымпаздардан, топтардан, рушылдықтан, әдейі аяқтан шалу сияқты «сценарийлерден», сайқал саясаттан әбден шаршаған еді. Орынбасары мен шопырын әрең көндіріп, Премьер-министрге бармақ болды. Мәселенің мүйізін қағып алуға… Сөйтсе… Үкімет үйінің алдына жетсе… Премьер-министр министрлерімен қар атысып «ойнап» жүр екен… Міне, еліктеудің көкесі… Әкімдер ләңгі теуіп жүрмесе болғаны…

Марат КӨПТІЛЕУОВ

Дұрыс пен бұрыс

Қарап отырсаңыз, қазақтың кейбір мақал-мәтелдері дұрыс айтылмаған. «Мақал – сөздің майонезі» дейміз ғой, айталық «Ер басына күн туса, етігімен су кешер» дейді. Аяғында етігі болса, суды етігімен кешпей, жалаңаяқ кешіп жынды ма?! Негізі, бұл дұрыс емес, дұрысы – «Ер басына күн туса, жалаңаяқ су кешер».
«Қойшы көп болса, қой арам өледі»,        тә-ә-к, бұл да дұрыс емес. Оны соятын кезде «біссімілләсін» айтқасын, ол арам болмайды. Мұның дұрысы – «Қой аз болса, қойшы арам өледі».
«Таспен ұрғанды аспен ұр». Ұрғасын таспен ұрдық не, аспен ұрдық не, әйтеуір ұрдық ғой. Кәртөшкі ас па, ас. Ал, егер асқабақпен ұрсақ ше, сотталып кетесің. Бұның дұрысы – «Таспен ұрғанды баспен ұр», яғни «таспен ұрғанды ұру керек пе, әлде ұрмай-ақ басқа шара көру керек пе?» деп баспен ойлану керек.
«Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді». Ой, екі кемең болса, кәнекей. Екі яхта түгіл, біреуі де болар еді. Бұның дұрысы – «Екі кеменің басын ұстаған байып кетеді».
«Отан үшін отқа түс, күймейсің».  Күймек түгілі, күлің қалар. Теледидардан естіп жатамыз «пәлен жерде түген гектар орман өртеніп кетіпті», «пәлен жерде өртеніп жатыр» деседі. Отқа түсіп, босқа өртенгенше, осыларды сөндір. Яғни, бұның дұрысы – «Отан үшін деп отты сөндір», сонда күймейсің.
«Шақырмаған жерге барма». Бұлай деп жата берсең, жұмыстан шығып қаласың. «Шақырмаған жерге жетіп бар» деу керек. Сонда жылт еткен жылытпадан құр қалмайсың. «Таз ашуын тырнадан алады». Тазға тырнаның ешқандай қатысы жоқ. Тырна аспанда, таз жерде, ол ұстата ма?! Бұның дұрысы – «Таз ашуын тырнап алады».
«Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» дегендей, мұндай мақалдарды тізе беруге болады. Сіздердің алтын уақыттарыңызды алмай, жалғасын кейінге қалдырдық.

Мұхтар ЖАНҰЗАҚОВ

Тілім қышып барады   

 Білмеймін не екенін, ауру дейін десем, ауруға ұқсамайды, соңғы кездері тілім қышитын болып жүр. Қышығанда да беталды қыши бермей, тек қазақтар өзара орысша сөйлескен кезде, тілім аузыма сыймай, жан шыдатпай, дуылдап қышып кетеді. Сосын амалсыздан бір нәрсе айтсам, қоя қояды. Түсінікті болу үшін бәрін басынан баяндап берейін.
Тым жақсы бір мекеменің шашылып қалған көлігін жеті ай (бір баланың шала туылатын уақыты) дегенде жинап алып, жүргізуші болып істеп жүргенмін. Бірде жолда жол сақшысы тоқтатып (жайдан-жай тоқтатпайды ғой, жол ережесін бұзған шығармын):
– Почему нарушаем? – демесі бар ма? Содан тілім аузыма сыймай салақтап, қыши жөнелсін.
– Оу, айналайын інішек, мені орыс деп тұрсың ба, өзің де орысқа ұқсамайсың, неге өз тіліңде сөйлемейсің? Сен сөйлемесең, мен сөйлемесем, кімге керек бұл қазақ тілі? Өстіп-өстіп құртамыз ғой тілімізді, соны неге ойламайсың? – деп едім, тілімнің қышығаны қоя қойды. Ол да қайтпайды екен:
– Саған қазақша керек болса, қазір хаттаманы қазақша толтырып беремін, – деді де хаттаманы қазақ тілінде қатырып тұрып толтырды да, құжаттарымды сотқа жіберді. Соттағы мың болғырлар да әдейі менің тілімді қышытқысы келді ме, кілең қаракөздер өзара орысша сөйлесіп, менің тілімді қышытып қоймаған соң, бірдеңе айтуға мәжбүр болдым. Менің айтқаныма олар қарап отырсын ба, алды да мені көлік жүргізу құқығымнан екі жылға айырды да жіберді. Сөйтіп, басым салбырап, үйге келе жатсам, көп қабатты үйдің ауласында бір қазақтың кемпірі немересінің ойнағанын сәкіде тамашалап отыр екен:
– Амансыз ба, апа? Немереңіздің қызығына тоймай, жүз жасаңыз, Алла шөбере бағуға жазсын, – деп қасына жайғастым. Апамның менімен шаруасы жоқ, немересіне:
– Дулатик, все хватит, пошли домой, ужинать пора, – деді. Тілім тағы да қыши жөнелгесін:
– Апажан-ау, немереңіздің тілі енді шығып келе жатқанға ұқсайды, неге өз тілінде шығармайсыз тілін. Баланың тілі өз ана тілінде шыққаны жақсы емес пе, – дедім тілімнің қышығаны қойсын деп.
– Не твое собачье дело. Я хочу, что мой внук знал все, – деді.
– Қазақша сөйлесе, барлық нәрседен мақұрым қала ма екен?
– Әй жүгермек, сен емес маған үйрететін. Өз жөніңе жүр, қазір мілиса шақыртып айдатып жіберемін, – деді.
– Тілімнің қышығаны қойғасын не істеймін салғыласып, жөніме кеттім. Аялдамаға барып, қажетті автобусымды күтіп тұрсам, еңгезердей қазақтың жігіті қуыршақтай қазақтың қаракөз қызын тізесіне отырғызып алып, дүниедегі барлық нәрсені ұмытып, өліп-өшіп сүйісіп отыр екен. Неге екенін білмеймін, бұрын ондайы жоқ еді тілім шыдатпай дуылдап кетті. Амал жоқ:
– Өй, қарақтарым-ау, бұларың не, ұят емес пе тал түсте бұзауша жаласқандарың? Өліп бара жатсаңдар қазір автобустарың келгесін үйлеріңе барып-ақ жаласасыңдар ғой, – дедім.
Аузымды жиып үлгергенше болған жоқ әлгі жігіт:
– Шал, что тебе надо? Мы любим друг-друга. Мы тебе не мешаем, и ты нам не мешай, – деді де жұдырығымен екі көздің арасын дәлдеп тұрып, қойып қалды. Бірінші тілім қышыды ма, әлде көзімнің оты жарқ ете қалды ма білмеймін, есімді жисам, шалқамнан жатыр екенмін. «Қой құрысын орысша сөйлемек түгіл, ит болып үріп, шошқа болып қорсылдап кетсін, енді жоламаспын», – дедім де үйге қарай бездім.
Үйге келсем, әйелім тұр, екі бүйірін таянып. Мені көре сала:
– Где ты ходишь с утра?! Я обзвонивала всех знакомых, не могу найти тебя, – дейді. Неге екенін білмеймін, осы әйелім орысша сөйлесе, тілім қышымайды. Ол байғұс та (тілімді айтам) өлетін жерін біледі.
Содан күндегі әдетімше әлемде, елде не жаңалық болып жатыр екен деп теледидарды қоссам, Үкімет отырысы туралы хабар жүріп жатыр екен. Ондағылар да орысша сөйлеп жатыр. Ауруым тағы қозып, тілім аузыма сыймай бара жатыр. Не істесем екен а, өзім де орысша сөйлесем бе екен?

Астана.

Алпысбай Боранбаев

Мен, мен едім…
(Махамбетше)

Мен, мен едім, мен едім…
Мен студент кезімде,
Еңіреп жүрген ер едім.
Арғымақ мініп таксиден
Сайранды салған сері едім.
Ресторан, кафе қуалап,
«Тентек су» болды ермегім,
Құрғырыңсыз ас батпай,
Тамағым құрғап шөлдедім.
Парк болып кезгенім,
«Твист», «Шейк»,
«Чарльстон» «Шала-шала»
билерін
Ойқаң да қойқаң биледім.
Қыз соңынан қиқу сап,
ЖенПИ-дің алдын бермедім.
Апталап қалып сабақтан,
Институт бетін көрмедім.
«Балам оқып жатыр» деп,
Әкемнің салған ақшасын
Аш бөрідей емгенім.
Телеграммен бомбалап
Нағашымның ауылын,
«Ақша жібер» дер едім.
Рахатқа батып белшемнен
Өрлеген сайын өрледім.
Күндердің күні болғанда
Сессия таяу қалғанда,
Сынақ деген бір тажал
Алқымнан келіп алғанда,
Қолымды кеш сермедім.
Өзім де қалдым байқамай,
Аяқтың көктен келгенін.
Ауылға қалай қайтамын?!
Не бетімді айтамын,
Артық-ау мұнан өлгенім!

Саудаңыз қалай?

– Ия, саудаңыз қалай?
– Е, саудамыз – сауда,
Бүгінде айналып тұр
«жауға».
Бұ «жауды» алу үшін,
Терлеп-тепшіп күнде,
Шығып келгендей
боламыз тауға.
Жолға береміз,
Оңға береміз,
Солға береміз,
Орынпұл және
Салыққа береміз.
Анда-санда жағасы
Қып-қызыл «халыққа»
береміз.
Қайтеміз енді,
Өлеміз бе, көнеміз.
Беріп-беріп,
Жанды әбден қинаймыз,
Содан шашқанымызды
Қайтадан тірнектеп
жинаймыз.
Саудамыз, міне, сауда!
Сауда деген
Балығы жоқ өзен боп тұр,
Телміреміз «ауға»
Қазақстанымыз аяғына
 тұрғанша
Бұған да, тәуба…

Той қылдық

Қарындасымыз он бір бітірді –
Той қылдық!
Білімі толы болды ма,
Әлде жолы болды ма,
Колледжге түсті –
Той қылдық!
Алғашқы семестрде
 қалпақтай ұшты! –
Той қылдық!
Кешірерсіздер,
той қылғамыз жоқ,
Мұғалімдерін жабыла
қуып жүріп,
«Үш» деген бағаны
әрең қойдырдық.
Сосын… той қылдық.
Бір күні туған күн болды,
Он сегізге жасы жетті –
Той қылдық!
Ертеңіне күйеуге
қашып кетті –
Той қылдық!
Кешірерсіздер,
той қылғамыз жоқ,
Артынан жабыла қуып барып,
Шетінен сабап, ой, қырдық!
Үш-төрт құданың
басын жарып,
Әй, болдырдық.
Қысқасы, қарындасымыз
Үмітімізді ақтамады.
Оның есесіне
Той деген тоқтамады.
Қарындас – «вечерныйға»
ауысты –
Той!..
«Заочныйға» ауысты –
Той!
«Роддомға» ауысты –
Той!
Үйтіп-бүйтіп төрт-бес жылда
Колледждің бір курсын
әрең тауысты.
Той!
Бір күні
Қанымыз ойнап басқа шықты,
Қу қарындасымыз колледжді
Біржолата тастап шықты –
Той!..
Қой,
Енді әңгімені созбайық,
Одан да жаңалық қозғайық.
Жуырда екінші қарындасымыз
 он бір бітіреді.
Әрине, мұның да тойы бар,
Өйткені оқуға түспек ойы бар.
Біз мұнысын, әрине құп аламыз,
Тіпті, қол шапалақтап
тұрып қуанамыз.
Тек, айту керек шығар турасын,
Әйтеуір,
Әпкесінің жолын қумасын.

Пойыздың
жолсерігіне тілек
(бірінші түрі)

Самауырыныңа бақ қонып,
Сақыр да сұқыр қайнасын.
Жолаушы шайға қанғанша,
Басынан «бағы» таймасын.
Жолаушылар вагонда
Ығы-жығы көп болсын.
Билет деген, е, құдай
Біреуінде де жоқ болсын…
Билеті жоққа орын бер,
Кірпіктері бір айқассын.
Билеті барлар, обал жоқ,
Үшінші полкаға жайғассын…
«Мінем» деген адамды,
Мінгізе бер, қарама!
Комиссия, ревизор
Сыймай қап кетсін, далада…
Аумин!

Пойыздың
жолсерігіне тілек
(екінші түрі)

БХСС, ревизор
Маңайыңнан жүрмесін!
Комиссия е, құдай,
Вагоныңа кірмесін!
«Дойка-мойка» дегенді
Және ешкім білмесін!
«Туалет ашық қапты» деп,
Бақылаушылар күлмесін!
Қалжыңдап өзің тиіс,
Санврачтармен сүйіс,
Компьютер, кассир шатасып,
Вагоныңа билет сатпасын.
«Қоян» деген топырлап,
Сенен өзгені таппасын,
«Алмаймын, – деп,
– постельді»
Саудаласып жатпасын,
«Жолпұлды аз алды», – деп
Ырза боп бәрі мақтасын,
Бүкіл состав бос тұрса да
Сенің вагоныңа
ғана қаптасын.
Аумин!

Бизнесмендерге
тілек
Бар затыңыз бір-ақ күнде
Өтіп кетсін патырлап.
Теңге деген қалтаға
Жауып берсін сатырлап.
Ылдым-жылдым сатқаныңыз
Тұрсын сізге жарасып.
Алдыңыздан өшірет кетпей,
Қырылып қалсын, таласып.
Кітап алмағандардың тауары
Демейміз ғой өтпей қалсын!
Алғандардікі «оптом» кетіп,
Жүз адамға жетпей қалсын!..
Кешкісін, үй кілттеп ап,
Жұбайыңыз, балаңыз
Тау боп үйілген ақшаны
Азанға дейін санаңыз!..
Аумин!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар