Бұл қуаныш!

Владимир Муханов премьер-лигаға өткен ақмола-лық «Оқжетпес» футбол клубы-ның бас жаттықтырушысы болып тағайындалды.

Өткен жылғы футбол маусымының қорытындысы көкшелік жанкүйерлерді үлкен қуанышқа бөледі. Бұған дейін үш мәрте премьер-лигада ойнаған сүйікті командамыз мықтылар тобына қайтып оралды. Соңғы кездесуде Ақтаудың «Каспий» клубымен болған матчта жерлестеріміз 4:1 есебімен басым түсті. Сол жолы аяқдоп шеберлеріне чемпионаттың алтын медалі табыс етілді. Бұл салтанатта облыс әкімі Сергей Кулагин тебірене құттықтау сөз сөйлеп, өзінің футбол жанкүйері ретінде «Оқжетпестің» осынау табысына ризашылығын білдіріп, премьер-лига сапына мықтап орнығу жөнінде үлкен міндет қойды.
Жаңа жыл қарсаңында тағы да үлкен қуанышқа бөлендік. Команда тізгінін білікті футбол маманы Владимир Муханов ұстады. Оның есімі футбол жанкүйерлеріне жақсы таныс. Өйткені, Ресей маманы 2003 жылдан бері Қазақстанда жұмыс істеп келеді. Ол футбол ойнауды Мәскеудің ЦСКА командасының сапында бастаған көрінеді. Дондағы Ростовтың СКА, Мәскеудің «Локомотив», Воронеждің «Факел» клубтарының намысын абыроймен қорғап, мергендігімен көзге түсті.
1992 жылы жаттықтырушылық қызметке ауысып, «Нефтехимик» футбол клубына басшылық жасады. Одан кейінгі жылдары Ресейдің «Сатурн», «Лада-Симбирск», «Фабус» және Латвияның «Металлург» командаларын жаттықтырды.
Білікті бапкер Владимир Мухановтың біздің елге ат басын тіреген 2003 жылы таңдауы Қостанайдың «Тобылы» болды. Сол тұста ол облыс әкімі Сергей Кулагинмен жақсы қарым қатынаста болған көрінеді. «Жеңіс» командасында да жұмыс істеді. Ол 2006-2012 жылдар аралығында «Ақтөбе» футбол клубының бас жаттықтырушысы болып, өзін қабілетті жаттықтырушы ретінде таныта алды. Осы командамен үш мәрте Қазақстан чемпионы атанды, екі мәрте күміс және қола медальға қол жеткізді. «Жеңіс» және «Ақтөбе» футбол клубтары екі рет Қазақстан кубогын олжалады.
2014 жылдың маусым айына дейін Владимир Муханов Ресейдің екінші лигасында сынға түсіп жүрген «Химик» командасына тәлімгерлік етті. Оның басшылығымен 10 кездесу өткізілді. Команда соның алтауында жеңіске жетіп, бір матчта тең түсті. Сөйтіп, маусымды қола медальмен қорытындылады.
Облыс әкімі Сергей Кулагинмен бұрыннан таныстығына сенген білікті бапкер қаржыландыру мәселесі оң шешілетін болса, «Оқжетпесті» жеңіске бастайтындығына сендіріп отыр. Ол қызметке кіріскен алғашқы күннен бастап, команданың ойын өргеніне талдау жасап, футболшылардың жеке мүмкіндіктерін саралады. Көкшетау футбол мектебінің түлегі, бір кездері «Ақтөбе» клубының сапында бірге жаттықтырушылық еткен Виктор Семеновті өзіне көмекші етіп алды.
«Оқжетпес» командасының премьер-лигаға қайтып оралуына өткен жылдың мамыр айының ортасында бас жаттықтырушы болып тағайындалған Андрей Ферапонтовқа рахмет айтуға тиіспіз. Сол кезде үш кездесуде ұтылып, бір ойында тең түскен оқжетпестіктер турнир кестесінің ең соңғы орнында болатын. Ол оқу-жаттығу жиыны мен ойын тактикасына елеулі өзгерістер енгізіп, футболшыларды жеңіске бастай білді. Ортақ жеңіске қарсыластар қақпасына 22 доп енгізген шабуылшы Әлібек Бөлешев ерен үлес қосты. Ол «Жетісу-Сұңқар» командасының футболшысы Задорожныйды (23 доп) ғана алға жіберіп алды. Хасан Абукаримов пен Никита Хохловтың еншісінде 6 доптан бар. Сондай-ақ, қақпашылар Ярослав Багинский мен Руслан Абжанов, қорғаушы Максим Чудинов, жартылай қорғаушылар Александр Ульшин, Антон Куксин, Ильнур Мангуткин, шабуылшы Дәурен Құсайынов және басқалары маусым бойы тәуір ойын-өрнегін көрсете алды.
«Оқжетпес» командасы 16-27 желтоқсан аралығында білікті бапкердің жетекшілігімен Түркияның Анталья қаласында бірінші оқу-жаттығу жиынын өткізді. Жаттықтырушылар штабына Владимир Васильевич Мухановтың өзі басшылық жасайды. Бас жаттықтырушының көмекшілері – Андрей Ферапонтов пен Виктор Семенов. Футболшылардың физикалық даярлығымен Сергей Попков айналысады. Ресейдің «Крылья советов» командасының қақпасын қорғаған Алексей Прудников ендігі жерде қақпашылармен жұмыс істеп, шеберлік ұштауға септігін тигізетін болады.
Бас жаттықтырушы Владимир Муханов Түркиядағы жиынға бұрынғы қақпашылармен бірге «Каспий» клубынан Нұрлыбек Аязбаевты шақырды. Қорғаушылар сапында Бухарестің «Динамосында» ойнаған француз Стивен Тхикот, «Қыран», «Тобыл», «Каспий» клубтарында сынға түскен Ильяс Әмірсейітов, Александр Шкот, Александр Марочкин, Евгений Климов жасыл алаңға шықты. Сондай-ақ, Антальяда «Гефест», «Тобыл», «Астана-1964» командаларының сапында өткен маусымда өнер көрсеткен Данияр Нүкебай, Виталий Волков және Роман Кисметов бапкерлер сынағынан өтті.
20-шы желтоқсанда «Оқжетпес» клубы Түркияның «Этибанк Ферокром» командасымен алғашқы ойын өткізді. Бұл жекпе-жекте оқжетпестіктер 7:1 есебімен басым түсті. Голдың авторлары – Ульшин, Нұржанов, Бөлешев (2 доп), Кисметов, Нүкебай (2 доп).
Одан соң біздің жерлестеріміз Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубымен жолдастық кездесу өткізді. Бұл матчта 32 минутта шымкенттік Артем Касьянов есеп ашты. Арада 10 минут өткенде Хохловтың берген добын Бөлешев қақпадан саңылау тауып, есепті теңестіре алды. Кездесудің екінші бөлігінде «Оқжетпестің» сапынан бірнеше ойыншы алаңға шыққанымен, тартысты өткен жекпе-жек 1:1 есебімен тең аяқталды. Ал, 26 желтоқсанда Көкшетаудың «Оқжетпес» клубы Түркия чемпионатындағы екінші лига сапында сынға түсіп жүрген «Гюмюшхан» командасымен үшінші кездесу өткізді. Бұл ойында түрік аяқдоп шеберлері 1:0 есебімен басым түсті.
Енді «Оқжетпес» футбол клубы 8-22 қаңтар аралығында Түркияның Анталия қаласында екінші оқу-жаттығу жиынын өткізеді.

Дәуренбек АҚБЕКҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар