Бірлік. Береке.

Жаңа жыл қашанда үлбіреген үмітке толы, жағымды жаңалықтардың бастауы іспетті. Жылқы жылының соңғы күндері Сарыөзек ауылдық округіне жол түсті. Ел ішінде елең еткізер, тақырып таңдаған, талғаған қалам ұстаған адамға талғау болар жай аз емес. Мал бағасының өсуіне орай ауыл тұрғындары қолдарындағы мал басын көбейте бастапты.

І. Есің кетсе, ешкі жи
Жай ғана көбейту емес, асылдандыруға талпынуда. Жылқы мен қара малға, қойға көз үйренген. Ешкіні мал есебіне қоса бермейтін қазекең оның да қадірін ұғып келе жатқан тәрізді. Округ әкімі Асылбек Есмағамбетов өздеріне қарасты елді мекеннің бірі Баратай ауылына бастаған. Мұнда да қайнаған тіршілік бар. Жаңашыл іске бел буып, тәуекелге барып отырған Наурызбай қажы Әлиев жай ғана қатардағы ауыл адамы емес, заманында Мәскеу қаласындағы Темирязов академиясын бітірген, білімді де білікті жігіт. Нағыз ауыл шаруашылығының маманы. Ендігі арада сүтті ешкі тұқымын өсірумен айналыспақ. Әзірге отыз қаралы асыл тұқымды ешкі сатып алынған. Асыл тұқымды екі текесі бар. Шамалы уақыттан кейін үш жүз басқа дейін жеткіземін деп межелеп отыр. Қоражай салу үшін алпыс соттық жер алыпты. Сауын залын, ешкі сүтін өңдейтін цех та салмақшы. Іргесінде жылы, жайлы ешкі фермасы салынбақ. Облыс орталығындағы туберкулезге қарсы күрес диспансерімен алдын ала келісім шарт та жасалған, өнім өндіріле бастағаннан кейін шипалы сүтті осында өткізіп тұрмақ.
Тұқымы бөлек, табиғаты өзгеше ешкінің сүтті тұқымы біз көрген өзге тұқымдастары тәрізді емес екен. Түбіті мүлдем жоқ дерлік, тақыр. Арқаның қарлы, боранды, аязды қысына шыдамсыз болуы әбден ықтимал. Бұл енді біздің ойымыз. Бағып-қағуының қиыншылығына төзсе, қайтарымы да көл-көсір болмақ. Асыл тұқымды ешкілер қою да дәмді, әрі шипалы сүтті көп береді. Майлылығы тоғыз пайыз шамасында. Ешкі бағатын малсақ қауым сауылған сүтті арнайы бөтелкеге құйып, шипалы сусынның қадір-қасиеті, ерекшелігі екшеліп жазылған анықтамасын жапсырып, облыс дүкендерінің сөрелеріне шығармақ. Шипалы сүт табиғи қуатын жоғалтпай, бес күнге дейін шыдайды екен. Литрі – 550 теңге. Бұл қайта арзаны, әйтпесе, дәл осындай асыл тұқымды ешкі сүті қияндағы Ақтауда бір мың теңге, ал, іргедегі Астанада 750-850 теңге шамасында. Ешкілерді өз төлі есебінен көбейту де жоспарланып отыр. Ал, мал азығы әрқилы. Иісі бұрқыраған көкмайса шөппен бірге, теректің жапырағын, қарағайдың қабығын талғамай жей береді. Мәдени жағынан жетілген, барынша сұрыпталып, асылдандырылған тұқым.
Осы шаңырақтың келіні Анар Сәбекенова ешкі сауып жүрсе, Нұржан Сәбекенов ұядай жып-жылы қорадағы асыл тұқымды ешкілердің оттығына шөп салып жатыр екен. Пысық, ширақ ешкілер қутың-қутың етеді. Сол жақ қанаттағы қораның ішіндегі шарбақта сақалдары сапсиып екі асыл тұқымды теке жатыр. Күтімге разы кейіпте.  
Атам қазақта «есің кетсе ешкі жи» деген қанатты сөз бар. Шамасы тігерге тұяқ қалмаса, елдің еңсесін көтеруге ешкінің де қауқары жетеді деген ым, ишара болса керек. Шынында да өзге түлікке қарағанда бабын тауып, бағымын дұрыстасаң, ешкінің тез өсетіні рас. Аналық ешкі бір төлдегенде екі-үш лақ табады. Жылына екі рет лақтайды. Енді саусағыңызды бүгіп есептей беріңіз. Басы құралса отыз ешкінің он жылда нешеу боларын.
Өзгеше кәсіпті өркендетпек болып отырған малсақ қауымға оң тілек айтып, сапарымызды әрі қарай жалғастырдық.

ІІ. Ынтымаққа ырыс келеді
Ауылдық округтің жайлы тіршілігі ұйымшылдықтың бар екендігін айғақтайды. Соның алтын қазығы жарғақ құлағы жастыққа тимей, күні-түні ел ішінде жүрген ауыл әкімі Асекеңнің арқасы деуге болар. Бұрнағы жылмен салыстырғанда мал басы да әжептәуір өсіп қалыпты. Қазір үш елді мекенде 1132 бас қара мал, 630 бас жылқы бар. Ауылдағы 17 шаруа қожалығының басшылары үкімет тарапынан беріліп жатқан әрқилы жеңілдіктерді пайдалана отырып, мал басын көбейтуді көздеуде. Оған қолайлы жағдай да туғызылуда. Ел ішін аралап жүрген сапарымызда ауыл әкіміне жер жайында бірер сұрақ қойылды. Мал басы көбейген соң шабындық, жайылымдық жердің керек екендігі белгілі. Оңаша қалған сәтте әкім осы бір мәселелердің шешімін табуға бар күш-жігерін жұмсайтындығын айтқан. Мен де ағаның ақ көңілін ұқтым. Тым болмаса әкім болып қызмет істеген кезінен ертең ауызға алып жүретін жақсы аты қалады ғой. Бір есептен өз елінің азаматы өз ауылында әкім болып істеген дұрыс та екен. Ертең өзге қызметке ауысса немесе зейнетке кетсе де ел алдында жауапкершілігі болады ғой. 
Көкшетауға қатынау ауыл тұрғындары үшін оншалықты қиын шаруа емес екен. Қазір екі үйдің бірінде жеңіл көлік бар. Оның үстіне округте он екі орындық Газель автомашинасы мен сегіз орындық Бусик автомашинасы жүріп тұрады. Дүйсенбі, сәрсенбі күндері Зерендіге дейін. Ақан ауылында клуб жұмыс істейді. Үш елді мекенде де үш мектеп, үш мектеп жанындағы шағын орталық бар. Шағын орталықтарға Ақан ауылында жиырма бала, Уголкиде он бес бала, Баратайда жиырма бала барып тәлім-тәрбие алып жатыр. Түсіне білген адамға елдің ертеңі солар.
Ел алдындағы жауапкершілік деген оңай-оспақ шаруа емес. Оған кәтепті нардай азамат қана шыдар. Имандылық та ұйып тұр. 2008 жылы Баратай ауылында Алланың жердегі үйі мешіт салынған. Ауылдың аптал азаматтары, шетте жүрген кәсіпкер жігіттер көп көмектесіпті. Олардың қатарынан Шияп, Бурабай, Абай Әлиевтер, Мереке Рүстемов, Дәулет Есмағамбетов, Алтынбек Қаппасовтарды  айта кетуге болады. Оның үстіне «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы қол ұшын созған екен.
Бір сөзбен айтқанда, селолық әкімнің бір күнгі қызметін, ауылдың тыныс-тіршілігін көріп таныстық. Ел ішінде ертеңгі күнге қапысыз дайындық, қарбалас тіршілік бар. Соған қуандық. Кейбір жердегідей әкімнің қарасы көрінісімен дүмеп келіп, дүрлігіп арыз-шағымын айтқан жан жоқ. Өйткені, әкім таңның атысы, күннің батысы өздерімен бірге, қастарында жүр ғой. Ел ішінде жүрген елжанды, ұлтжанды Асылбек ағаның асқаралы тіршілігіне дән разы болдық.
Қыс маусымындағы қиындық шоқ-шоқ ағаштың бауырындағы жолды тазалау. Бөлінген қаржы жетімсіз болғаннан кейін боран-шашыны көп жылдары қар тазалайтын техниканы жалдау қиынға түседі.
Ымырт үйіріле облыс орталығына бет алдық. Сәл ғана сырғыма жүріп тұр. Тас жолдың қары қос қапталға итеріліп, тазаланған екен. Ортадағы ор, яки, жолды сырғыма боран қазір-ақ кептеп тастайды. Әйтсе де, ел жайын ойлаған селолық округ әкімі жарғақ құлағы жастыққа тимей, жүгіруден жалыққан емес.
– Қайтып оралып, тазалау керек. Әйтпесе, ертең ел жүре алмай қалады ғой,–дейді ауыл әкімі Асылбек Есмағамбетов,–жолдың тәуліктің қай мезгілінде болмасын сайрап жатқаны жақсы.
Тәулік емес, жыл бойы, ғұмыр бойы дедік біз іштей. Нұрлы болашаққа бағыт алған тәуелсіз елдің жолы әрдайым ашық болғаны ләзім.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар