Жылқы жылы мен қой жылының айтысы

Сарыарқаның етек-жеңі кең пішілген, сайын даласы аппақ қарға оранып, құлаққа ұрғандай тыныштыққа бөленіп, үнсіз мүлгіп жатыр. Мөп-мөлдір, тіктеп қараған жанның көз жанарын қарықтыратын бұдырсыз, біркелкі ақ шапанға оранған алқаптың тыныштығын болат тұяқтардың дүбірі ғана бұзғандай. Бір күн еріп, бір күн қатып, желтоқсанның өзінде жылымық болып жатқан қысқы, бетіне пышақ қырындай мұз қатқан қасат қарды кіршілдетіп ойып, жалы құлағынан асатын, сауырына екі кісі еркін сыйғандай, шоқтығы биік, тілерсегі жуан жүйрік жер танабын қуырып келеді.

Асығулы. Енді бірер сәттен соң көкжиектің арғы бетіндегі кілкіген көгілжім бояуға сіңіп кетпек. Біржола емес, бір мүшел жылға дейін. Бір мүшел жыл өткен соң жалы желмен желбіреп, болат тұяқтары жерге тиер-тиместей қалқып, қайта оралмақ. Соңғы сәт, соңғы минуттар. Жаңа жылды, төрт түлік малдың ішіндегі момақаны, қылтамағынан қылпылдаған қанжар ғана қадалғанда тұяғын серпетін қойды қарсы алмақ. Қарсы алып, дөңгелеген дәуірдің тек өздеріне ғана тән тұтқасын ұстатпақ. Қашаннан қалыптасқан дәстүр, ілкіден келе жатқан әдет.
Қорғалжынның моншақтай-моншақтай тізілген, бір-бірімен майда толқындары арқылы ала жаздай тілдесіп, қақаған қыста мұз қатқан жанарларымен аймаласып жатқан көп көлдерінің үстінен өткен тәрізді ме, қалай?! Өткір жанар, қыран қабақтың ұшына көгілжім таулардың көлбеңдеген сұлбасы ілінген тәрізді. Көкшетау ғой, жер жәннаты Көкшетау!
Түнгі аспанға жымыңдаған сансыз жұлдыздар, сұлу жұлдыздар ілініп қалған. Жер бетіндегі ызғар тоңдырмайтын тәрізді. Тым-тым биіктен Жаңа жылды асыға күткен, бір-біріне жақсылық тілеп, денсаулық тілеп, береке-байлық тілеп, ынтымақ пен ырыс тілеп құттықтасқан адамдарға жымың-жымың етіп күле қарайды. Жалы бір құшақ жылқы болат тұяқтарымен мұздақ қарды тарпып жіберді. Қытырлай сынған, сыңғырлай шашылған мұз ұшқындары. Мұзға мұз соғылғанда таза ақ күмістің дыбысындай үн шығады екен. Дала музыкасы. Кәдімгі күпі киген қазақтың қоңыр домбырасының қос шегінен өрілген әдемі әуез тәрізді. Әдемі әуезге шұрқырай кісінеген кісінің жыры қосылып, бір-бірінен ажырағысыз тұтас бітіммен төгіліп түсті.

Жылқы:
Жалғамақ боп дәуірдің дара жырын,
Ұқтырып алты Алаштың даралығын.
Аузынан шөп алмайтын момақан жыл,
Қыбырлап кеп қалдың ба, Жаңа жылым!
Қой:
Жылқы боп желдей есіп өрген жылым,
Жақсылық жалпақ жұрты көрген жылым.
Жығылғанға тұяқ емес, жалын төсер,
Жақсылығың көп шығар өрнек жылым.

Көтересің әзілді, ойынды да,
Осал емес жануар қойың мына.
Қымыз ішіп, қазы жеп жылқы жылы,
Байтақ ел бақуатты тойынды ма?!
Жылқы:
Ізгілікпен алдынан күтіп ал да,
Жылқысыз алты Алаштың құты бар ма?!.
Жылқы үркетін оқиға болған емес,
Ұйыған ынтымақ бар жұртымызда.

Аз емес жақсылығым, жемісім де,
Адамдар келген әбден келісімге.
Ырыздық тұнып тұр-ау, өрісімде,
Ынтымақ бар әйтеуір, ел ішінде.

Жусадық қамқорлықтың қалқасында,
Таңбалы тарих қалды әр тасында.
Өріс аман, жайылым құт, жайым жақсы,
Сындарлы саясаттың арқасында.

Куә боп шаруаға дала жатыр,
Еңселі асқар таулар дара жатыр.
Елбасы елін бастап болашаққа,
Нұрлы жолмен нық басып бара жатыр.

Береке бар байланған есігімде,
Болашақ бар тербелген бесігімде.
Өндіріс өрге басып, ісім дамып,
Көбейді осы жылы несібем де.
Қой:
Ел сенен көп жақсылық күтті ме екен,
Ой алаң, сана сергек, күпті мекен.
Иманның нұрын шашар жамағатқа,
Мешіті Көкшетаудың бітті ме екен?
Жылқы:
Барлық ел бір кісідей сенім артса,
Әрдайым болар еді көңіл патша.
Абыройын өзіңе қалдырдым ғой,
Жылқыдан жүк қала ма шындап тартса.

Бітірсек иман елге тарар еді,
Жиылып келер еді тәмам елі.
Жүнің мол, етің тәтті болғаныңмен,
Сен дағы бітіре алсаң, жарар еді.
Қой:
Молшылыққа шапқылап бара алмапсың,
Мыңғыртып тұқымыңды баға алмапсың.
Арқаның ақық дәнін ысырап қып,
Жинап, теріп, уақытында ала алмапсың.
Жылқы:
Ырыздық өскен еді алабымда,
Мол жауын кесір болды ағайынға.
Жылқыға жеткізбеген жетістік қой,
Қойлардың қалмаса екен табанында.

Жаңа жыл, жаңа ырыс болды ұғымда,
Әңгіме берекенің молдығында.
Еңсесін алты Алаштың көтеретін,
Не жақсылық бар екен қой жылында?
Қой:
Қайта өседі тарихымның қыр гүлі,
Жаңғырады бабалардың нұрлы үні.
Барша халық тойлайтұғын мереке,
Мемлекеттің 550 жылдығы!

Көркем сөзі жатталған әр көңілде,
Көне тарих сыр шертетін сезімде.
Сол тарихты қаузап жазды Ілияс,
Жүз жылдығын елі тойлар тегінде.

Айтқан сөздің болу керек анығы,
Дәл осылай қызмет етсе әр ұлы.
Есті сөзді ғасырлардан толғаған,
Есенберлин алыптардың алыбы.

Шаттанады ақсақал да, өрен де,
Осы жайлы өр жырымды өрем де.
Кім қуанбас қарап тұрсаң шынымен,
Елдігіміз жатқан кезде тереңде.

Сөнбейтұғын жүрегімнің лапылы,
Әр қазақтың жаны сүйген жақыны.
Жүзге толып, ерен тойы тойланбақ,
Бар қазақтың Мәлік сынды батыры.

Өткен жылға айтамыз ба, ал өкпе,
Айтылар сөз ащылау һәм бөлек те.
Алты мың жан тұрады екен сарылып,
Көкшетауда пәтер үшін кезекте.

Әрбір ошақ тірлігінде бақ таба,
Айтар еді жылқы жылын мақтана.
Әр ошақтың түзу ұшсын түтіні,
Салып неге бермедіңіз баспана?
Жылқы:
Мынау қырдың қажымайтын күлігі ем,
Еңбек нұры ойнайтын тек жүзінен.
Қойдан жуас дейді қазақ момынды,
Момынның да бір шаларын біліп ем.

Алты Алаштың бар байлығын, ән-жырын,
Бейбіт нұрға малынған кіл таң нұрын,
Тапсырамын жаңа, жарқын қой жылы,
Арайлы да, талайлы да тағдырын!

Жеті қарақшы шөміштеніп барып шығысқа қарай шөкті. Қара барқыт аспандағы Ақбозат пен Көкбозат шідерленсе де, шиыршық атып жөнеп барады. Жымыңдап күлген, жарқырап жадыраған сансыз жұлдыздардың арасынан ағып Жаңа жыл, момақан да мейірімді, ырысты да ынтымақты Қой жылы Арқа төсіне тарап бара жатты.

Аспандағы айтысты жерде тұрып жазып алған Б.ҚАЙЫРЛЫҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар