Құрдымға кеткен шикізат

 Малмен тіршілігіміздің біте қайнағанын қазекемнің «Мал-жаның аман ба?» деген сауалынан аңғарар едік. Тәуелсіздік  тұғыры бекемденіп, егемен еліміз еңсесін көтерген бүгінгі күні ата-бабамыздың мыңғырған малы жайылған кең далада сол малдың аз бөлігі ғана жүргені, оның жүні желге ұшып, терісі иттің аузында жұлмаланып жатқаны  кімді алаңдатар екен…

Мал шаруашылығымен айналысатын ауылда өскендіктен, кішкентайымнан қойлы ауылдың  тіршілігімен жақсы таныспын. Мектеп қабырғасында жүргенімізде төл алу науқаны кезінде бізді фермадағы отарларға көмекке жіберетін.   Малшылардың үйіндегі көп көмекшіге нан, тамақ пісіруге, кір-қоңын жууға қыздар жағы белсене атсалысатын. Әсіресе, ауылдағы  қой қырқу, одан қалды, отар-отар қойды «купкаға» тоғыту науқандары ойымнан кетпейді.
Жазғытұрым ауылда қырқылған жүннен  киіз басу басталады. Киіз үйдің жабуына арналған немесе текеметке бастырылған киіздер көздің жауын алып, жайылып жатады. Әжелеріміз даладағы ошаққа от жағып, түрлі бояумен жүнді бояп, кепкен соң оны түтіп,  иіріп, алаша тоқиды. Осындай таусылмайтын қызықты қазақы тіршіліктен бертін бірте-бірте айырыла бастадық. Көрші қызбен жарыса тоқыған түкті ба-уым сол келмес күндерімнің соңғы естелігіндей. Бүгінгі жаңа технология заманында осының бәрі ескіліктің жұрнағы болып қалды. Сөйтіп, төрдегі тұс киіз, алаша, сырмақты жасанды кілем, палас ығыстырып шығарды.
Зеренді ауданының Көктерек ауылындағы танысым Ғалия апай бір кездескенде:  «Ауыл тұрғындары малдарының жүнін желге ұшырып, далаға тастағанын көргенде жүрегім ауырады. Мұндағы қолы бос қыз-келіншектерге үлгі көрсетіп, бір жұмыс бастайтын адам жоқ. Ал, ата-жұртқа шеттен келген қандастарымыз ерінбегенінің арқасында сол жүндерді теріп алып, жуып-тазалап, киіз үйге жабатын қажетті бұйымдарды, киіздің өзін  қолдан жасап, тұрғындардың өздеріне сатып отыр», – дегені бар.     
Жасыратыны жоқ,  шеттен келген ағайындар ғана киіз, жүннен жасалатын заттарды дайындауды меңгерген, ал, жергілікті халық оны қажет етпейді.  Жүн демекші, қойдың жүнін қабылдайтын өңірімізде бір ғана орын бар екен. Ол Көкшетау қаласындағы  Отто  Ландыс басқарып отырған киізден пима басатын фабрика. Оның өзі тұтынушылардың сұранысына қарай жүнді шамалап қана алатын көрінеді.
Қазір облыста біздің қолымызға тиген мәлімет бо-йынша 461 мың бастан астам қой бар. Әрбір қойдан орташа есеппен шамамен үш килограмнан жүн қырқылса, 1 миллион 384 мың килограмм жүн далаға кетіп жатыр деген сөз. Бүгінгі күнгі осы қой шаруашылығының  жағдайы қалай, қойдың қырқылған жүні қайда жіберіледі? Осыны ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Серік Шәйгөзовтен сұрағанымызда:
– Өңіріміздегі қой шаруашылығында өсірілетін қойдың жүні негізінен,  қылшықты жүн болып келеді, биязы жүн сирек. Ал, қолданысқа қажетті бұйымдар көбіне биязы жүннен жасалынады, сондықтан, біздің қой шаруашылығындағы қылшықты жүнге сұраныс аз. Малсақ жандар биязы немесе қылшық жүнді қой бағатынын өздері біліп, шешеді. Егер өзімізде биязы жүнді қойлармен айналысамын деушілер болса, біз оларды қолдар едік, – деп жауап берді. 
– Бүгінгі таңда қойдың жүні неліктен сұраныстан қалды, неге ол керексіз болып  жатыр, кәсіпорныңызға жылына неше килограмм жүн қабылдайсыз? – деп Отто Ландыстан да   сұрастырған едік.
Оның   әңгімесіне қарағанда, шикізатты алыстағы   Жезқазған, Балқаш өңірлерінен алдырады екен. Мұның да өз себептері бар, жеріне қарай мал жүнінің шайырлылығы аз болып келетін  көрінеді. Тазаланған, сұрыпталған дайын жүндерді арнайы қондырғыларда  қайта өңдеу жеңілге соғады екен. Сондықтан, қабылдайтын шикізаттың көп мөлшерін сол жақтан килограмын 78 теңгеге алатын көрінеді.
Көктем, жаз айларында қой қырқу науқаны  басталады. Сол кезде тазаланған, жуылған жүнді кәсіпорын ауылдың ветеринарлық дәрігерінің  анықтамасымен әр килограмын 50-60 теңгеден қабылдайды. Қабылданатын шикізаттың көлемі сұранысқа байланысты. Дайын өнімдерді көбінесе тендер арқылы ірі тұтынушылар сатып алатын көрінеді. Бір айта кетерлік жай, күзде  қырқылған жүннің бірігуі мен иленуі сапалы болады екен.
Соңғы технологиямен жабдықталған кәсіпорын өздерінде өндірілген өнімдерін жанындағы дүкенге шығарып қойған. Бағалары қымбат болса  да, сапасы  жақсы дейді  басшы. Ешқандай химиялық заттар қолданылмайды, экологиялық таза өнім. Алланың берген ырыздығын ысырап қылып, далаға тастау, өртеу обал екенін айтқан кәсіпкер мұның сұрауы барына сенімді.
Бұдан кейін біз малдың терісіне деген сұраныс қалай екенін білу үшін облыс орталығындағы «Әз» мал базарына да бардық. Онда жылқы мен сиыр жиі сойылады. Бірақ, терісі арзан. Сойылған қой терісінің де бүгінгі бағасы бар болғаны 60-ақ теңге. Содан-ақ бұл шикізатқа сұраныс  жоқ екенін байқауға болады.  Сонда еліміз, өңіріміз бойынша бұл жағдай қашанға дейін жалғаса бермекші?!
Ежелден мыңғыртып мал өсірген ата-бабамыздың  кең байтақ жерінде ұқсата білсе, адамның көзі қызығар неше түрлі сапалы өнімдер шығаруға болатын мал терісі мен қой жүнінің осылай ысырап болып жатқаны тиісті орындар мен іскер қауымды алаңдатар ма екен деген ой мазалайды біздерді…

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар