Білім беру ісінде кемшіліктер бар

Білім беру саласы «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді Стратегиясының маңызды басым бағыттарының бірі болып табылады. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев Үкімет алдына әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену міндетін қойды.

Бұл мәселені жүзеге асыруда білім беру жүйесін жетілдіру айтарлықтай рөл атқаратыны сөзсіз. Сапалы білім мен тәрбие беруді қамтамасыз ету үшін мемлекет білім саласына қолдан келген жағдайдың барлығын жасап келеді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша білім саласындағы департаменті білім беру жүйесіндегі заңнама талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізеді. Департамент өзінің функционалдық міндеттерін жүзеге асыру барысында білім саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы» Заңы мен Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексі талаптарын басшылыққа алады. Мемлекеттік бақылауды екі нысан бойынша яғни, мемлекеттік аттестаттау, білім саласындағы заңнамалардың және лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарының сақталуына тексерулер арқылы іске асырады. Сондай-ақ, бақылау барысында білім беру ұйымдарының кадрлар әлеуеті, оқу жұмыс жоспарларының мемлекеттік стандартқа сәйкестігі, кітапхана қоры, материалдық базасы, оқу кабинеттерінің жиһаздармен және оқу құрал-жабдықтарымен жабдықталу деңгейі, компьютерлік сыныптардың болуы және интернет желісіне қосылуы, білім сапасы және тәрбие жұмыстары зерделенеді.   
Білім жүйесінің маңыздылығын ескере отырып, облыстық әкімдік білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қолайлы жағдай жасауға елеулі көңіл бөліп келеді. Дегенмен, білім беру мекемелерінің қызметіне жүргізілген мемлекеттік бақылау шараларының нәтижесі әлі де назар аударуды қажет ететін мәселелердің бар екендігін көрсетті.
2013-2014 оқу жылында біздің департамент 197 білім беру ұйымында, яғни, 57 балабақша, 130 мектеп пен 10 колледжде мемлекеттік аттестаттау жүргізді. Олардың 73-і қолданыстағы заңнамалар талаптарына сәйкес болмай шықты. Ал, ағымдағы жылдың екінші жартысында 67 білім беру ұйымдарында мемлекеттік бақылау шаралары жүргізілді. Оның да нәтижесі көңіл көншітпеді. 43 білім беру ұйымы аттестатталмады және оларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық істері қаралып, білім беру қызметін жүргізуге берілген лицензияларының қолданысы тоқтатылды және заңды тұлғаларға 2150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Мемлекеттік аттестаттау кезінде анықталған олқылықтардың жойылуына бақылау шарасы жүргізілгенде 6 білім беру ұйымында жалпыға міндетті білім беру стандарты талаптарын бұзу қайта орын алуына байланысты әкімшілік істер қозғалып, сотқа жөнелтілді. Атап айтқанда, 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшалармен қамту көрсеткішінің әлі де жоғарылатуды қажет ететіндігі, балабақшаларда орын тапшылығы салдарынан бекітілген санитарлық талаптардың сақталмауы, арнайы білімі бар мамандардың тапшылығы салдарынан оқыту және тәрбие үдерісінде педагогикалық білімі жоқ адамдардың жұмыс істейтіндігі анықталды.
Орта білім саласында оқу жоспарларын түзуде мемлекеттік стандарт талаптарынан ауытқу, міндетті оқу компоненттерін сақтамау фактілері орын алған. Облыс аумағында апаттық жағдайда деп танылған білім ошақтары жоқ болғанымен, кейбір мектептер тозған немесе ыңғайластырылған ғимараттарда орналасқан. Бұл жағдай өз кезегінде білім беру үдерісін қазіргі заман талабына сай жүргізуге кері әсерін тигізері сөзсіз. Бұған қоса, облыс көлеміндегі бірнеше мектептерде орынның жетіспеушілігінен оқушы санының шамадан тыс артық болуы да күрделі мәселе күйінде қалып отыр. Сондай-ақ, мектептердің қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілмеуі де білім сапасына оң ықпал ете қоймайды.
Білім алушылардың мемлекеттік стандартта көрсетілген міндетті білім деңгейін меңгеріп шығуы үшін қажетті жағдайлар жасалуы тиіс. Оның ішінде пән кабинеттері, зертханалар арнайы бекітілген тізімге сай жабдықтармен, мүлік-мүкамалдармен жарақтандырылуы қажет. Мемлекеттік бақылау жүргізілген мектептердің көпшілігінде арнаулы пән кабинеттері мен зертханаларда аспаптар, реактивтер, шығыс материалдары жаңартылмағандығы, шеберханалар мен спорт залдарының қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталмағандығы немесе мүлдем ескіргендігі, музыкалық жабдықтардың жеткіліксіздігі анықталды. Мектептердің ақпараттық технологиялармен қамтамасыз етілу деңгейі де назар аударуды қажет етеді.
Оқыту үдерісінде заман талабына сай ақпараттық жүйелердің кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету заңнамамен бекітілген. Білім беру ісінде жаңа технологияларды қолдану, ғаламтор желісі арқылы мұғалімдер мен білім алушылардың озық оқу әдістеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету  –  білім беру ұйымының негізгі жұмыс бағытының бірі. Алайда, кейбір мектептерде ескі компьютерлердің жаңартуды қажет ететіндігі, кең жолақты интернет жүйесіне қосылған компьютерлік сыныптар санының жеткіліксіз болуы, байланыс жылдамдығының баяулығы бұл орайдағы ілгері басушылықты тежеп отыр. Бұған қоса, кейбір мектептердегі осы заманғы жабдықтар арнайы қондырғылар мен құралдардың жоқ болуына байланыс-ты оқу үдерісінде толық пайдаланылмайды.
Оқушыларды медициналық қызметпен және қоғамдық тамақтандырумен қамтамасыз ету ісінде де заң талаптарынан ауытқушылықтар бар. Мемлекеттік стандарт пен білім беру қызметін лицензиялауға қойылатын біліктілік талаптарында білім беру ұйымында міндетті түрде асхана мен медициналық қызмет көрсету орнының болуы қарастырылған.Алайда, кейбір мектептерде медициналық кабинеттер талапқа сай жабдықталмаған, осы қызметті көрсетуге берілген лицензиялары жоқ. Ал, кейбір мектептерде кабинеттің өзі  мүлдем жабдықталмаған. Жекелеген оқу орындарында тамақтандыру орындары туралы да осыны айтуға болады.
Мектептерде кадрлардың жетіспеушілік проблемасы да әлі шешілмей отыр. Әсіресе ағылшын тілі, дене тәрбиесі, технология, сызу, бейнелеу өнері пәндері бо-йынша арнаулы білімі бар мамандарға сұраныс жоғары. Осыған байланысты мұндай оқытушылардың орнына мамандығы сәйкес келмейтін мұғалімдер сабақ беруде. Жоғары және бірінші санатты мұғалімдердің санына қойылатын біліктілік талабы да кейбір білім ордаларында бұзылып отыр. Заң талабы бойынша  оларда бұл көрсеткіш 30 пайыздан кем болмауы тиіс.
Кейбір мектептерде оқушылардың бiлiм деңгейлерінің де төмендігі байқалады. Департамент тарапынан өткен жылдың қыркүйек – қараша айларында жүргізілген мемлекеттік аттестаттау нәтижелері бойынша 30-дан астам мектептің оқушылары шектік деңгейдегі білім сапасының өзін  көрсете алмады. Бұл – аталған білім ошақтарында білім сапасына жете назар аудару қажеттігін көрсетеді.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласында қызмет атқарып келе жатқан колледждердің кейбіреулерінде орындалуы міндетті талаптардың бұзылуы, жалпыға міндетті білім беру стандартымен, типтік оқу жоспарымен бекітілген сағаттар көлемінің сақталмауы, арнаулы пәндер бойынша білікті педагог мамандардың жетіспеушілігі орын алуда. Шеберханалар талапқа сай жабдықталмаған, оқу және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілу жағы  толық емес. Колледждердің материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету  күн тәртібінде   қалып келе жатқан  өзекті мәселе.
Сондай-ақ, колледждер тарапынан талапкерлерді қабылдау кезінде еңбек нарығының нақты сұранысы, кәсіпорындар мен мекемелердің нақты қажеттіліктері жеткілікті ескерілмейтіндігі байқалды. Білім беру ұйымдарында орын алған кемшіліктерді жою барысында мекеме ұжымы мен басшысы тек оқу-тәрбие үдерісіне қатысты мәселелерді ғана шешуге құзыретті. Ал, материалдық-техникалық базаны қалыптастыру, оқу құралдарымен және оқулықтармен қамтамасыз ету, жиһаздармен жабдықтау мәселелері жергілікті атқарушы билік тарапынан қажетті қаржы бөлініп, көмек-қолдау көрсетілген  жағдайда ғана өз шешімін таба түсері анық.  Олай болса, осы аталған кемшіліктерден тиісті қорытынды шығарылып, әр білім ордасында ертеңгі ел келешегі – жас ұрпақтың  заман талабына сай сапалы білім, саналы тәрбие алуына қолдан келген барлық жағдайлардың қарастырылғаны жөн.

Артур ЕДІЛХАНОВ,
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігі
Білім және ғылым саласындағы
бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша  департаментінің басшысы.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар