Жұмыстарын ширатып, істеріне серпін беруде

Облыстық мәслихаттың депутаты Максим Божко басқаратын бұл кәсіпорын облыс аумағындағы сапалы құс еті мен жұмыртқа шығаратын құс фабрикаларының ішінде көш бастап тұр деуге болады.
Тоқыраудың қиындығын көрмесе де, 2013 жылы  «Ақмола-Феникс» акционерлік қоғамының бұрынғы нысандары негізінде Целиноград ауданының Ақмол ауылында ашылған кәсіпорын бос қалған цехтарды жөндеуден өткізіп, заманауи қондырғылар орнатқан соң жұмыс жандана бастаған.
– Кәсіпорынға аз ғана уақыттың ішінде сапалы өнім шығаруды жолға қою оңай болған жоқ. Қаңырап бос қалған цехтарды рет-ретімен жөндеп, құс фермасын, инкубаторларды, құрама жем цехын қажетті қондырғылармен жабдықтаумен қатар, инкубациялық жұмыртқалар, асыл тұқымды құстар әкелу сынды қажетті шаралар жылына 20 мың тонна құс етін шығаратын жаңа өндірісті іске қосуға мүмкіндік берді. Осылайша 2014 жылдың шілде айында инкубаторларға алғашқы жұмыртқалар орналастырылып, қыркүйек айында бройлерлер саудаға шығарыла бастады. Бір сөзбен айтқанда, фабриканы іске қосу үшін қыруар жұмыстар атқаруға тура келді, – дейді Максим Божко.
Бүгінгі таңда  кәсіпорын «Ақмола-Феникс» акционерлік қоғамы «Шаңырақ» басқарушы компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі агроөнеркәсіптік холдингіне қарайды. Онымен қоса, холдинг құрамында «CapitalProjectLTD», «Алель-агро» серіктестіктері тәрізді бірнеше құс фабрикасы кіреді.  
– Бұл бізге үлкен басымдық беріп отыр. Әсіресе, «Ақмола-Феникс» акционерлік қоғамы өндірген тауық жұмыртқасын Астана мен Ақмола облысы аумағынан бөлек еліміздің әр өңірінде сата аламыз. Халықтың біздің өнімге деген сұранысы жоғары. Кәсіпорын жылына 65 миллион дана тауық жұмыртқасын өндіреді. Өйткені, біз сапа жағынан ғана емес, баға жағынан да бәсекелестікке толық дайынбыз. Біз өнімді бастан аяқ бақылап, тұтынушылардың сұранысына сай жұмыс істейміз, – дейді компания басшысы.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты десек қателеспейміз. Өйткені, осы кісінің тапсырмасымен елімізде Индустрияландыру картасы қолға алынып, бүгіндері жүзеге асырылуда. «Ақмола-Феникс» акционерлік қоғамын соның жемісі деуге әбден болады. Бұл тұрғыда компания жұмыртқамен қатар, бройлер тауықтарының етін өндіруді де дұрыс жолға қойған. 2014 жылдың соңында индустрияландырудың өңірлік картасына енген «CapitalProjectLTD» серіктестігі іске қосылған болатын. Аталған кәсіпорын жоба бойынша жылына 20 мың тонна салқындатылған және мұздатылған тауық еті мен шұжығын шығара алады. Кәсіпорынды толық қуатына 2017 жылы шығару жоспарланып отыр. Жұмыс процесіне келетін болсақ, бәрі автоматтандырылған, қол күшін онша қажет етпейді. Өткен жылы «Қазақстанның үздік тауары» байқауының өңірлік кезеңінде жүлделі орыннан көрінуі бұл ұжымның дұрыс бағытта келе жатқанын білдірсе керек. Оған қоса, «Эко Пак Астана» кәсіпорнында сағатына тауық жұмыртқасын салуға арналған 4000 ыдыс шығарылатын болады.  Жалпы алғанда Қазақстан тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде тұтынушыдан өңдеуші мемлекетке айналды. Қазір «Қазақстанда жасалынған» өнімдері өзімізді айтпағанда, өзгелердің нарығына етене болмаса да, ептеп еніп жатыр.

 

Аслан Оспанов.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар