Сынақтан сүрінгендер қызметте төмендетілуі мүмкін

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Берген Беспалинов «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілерді кешенді аттестаттаудың үшінші кезеңінің қорытындылары туралы айтып берді.

 

Ұлт жоспарының 15-ші қадамына сәйкес өткізіліп жатқан «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілерді кешенді аттестаттаудың үшінші кезеңі облысымызда 7 наурызда басталған болатын. Күні бүгінге дейін аттестаттаудың екінші кезеңінен 3314 мемлекеттік қызметші өтіпті.  Нәтижесінде мыңға жуық қызметші өте жақсы, екі мыңнан астамы жақсы және жүзге тарта маман қанағаттанарлық нәтижелер көрсеткен.
– Бұл аттестаттау шарасының басты мақсаты мемлекеттік қызметшілердің заңдар мен заңнамаларды білу-білмеуін тексеру емес, олардың әлеуетін байқау, жеке құзыреттілігін анықтау, – деді департамент басшысы өз сөзінде.
Қазіргі күні облыстағы жергілікті атқарушы органдардың басшылық лауазымдарындағы 22 мемлекеттік қызметші үшінші кезеңнен өтіпті. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы жоғары аттестаттау комиссиясы шығарған қорытындыға сәйкес 4 адам өздерінің қызметтеріне сай екендіктері аталып, оларды қызмет баспалдағында жоғарылату ұсынылса, қалған 18-і өз қызметтеріне сай деп бағаланған.
Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшілерді аттестаттаудың үшінші кезеңі – әңгімелесуден 310 адам өтіп үлгерген. Екінші деңгейдегі бірыңғай облыстық аттестаттау комиссиясынан өткен қызметшілердің 278-і қызметіне сай деп бағаланса, 27-ін жоғарылатуға, 5-еуін қызметінен төмендету ұсынылған.  Облыстың 19 өңірінде құрылған бірыңғай аттестаттау комиссиялары 1538 адамды әңгімелесу кезеңінен өткізбек. Сынақтардың әділ және жұмыстарының ашық болуы үшін комиссия төрағалары ҚР Президенті жанындағы академияда оқудан өтіп келген екен.  
Брифинг барысында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Райхан Біратаева аттестаттаудан қалай өткендігі, қойылған сұрақтардың маңыздылығы мен қызметшілердің әлеуетінің, жеке құзыреттіліктерінің жағдайын анықтауға арналғандығы, өзінің күткеніндегідей нәтижеге қол жеткізгендігі жайында жан-жақты әңгімелеп берді.
Сонымен, аттестаттаудан өте алмаған қызметшілердің комиссия ұсынысы бойынша лауазымы төмендетілмек. Сондай-ақ, бүгінгі күні облыста шамамен 360 мемлекеттік қызметші қажет екен. Іс-шарада  сыбайлас жемқорлыққа жол берген мемлекеттік қызметшілерге қатысты өткен жылы 26 іс қаралғаны айтылды.  Мемлекеттік қызметшілердің арасында аттестаттау тестілерін мемлекеттік тілде тапсыруға құлық білдірушілер саны анау айтқандай көп емес екен. Бұл жай мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендігін көрсетсе керек. Тестілеу сұрақтары адамның әлеуеті мен жеке құзыреттілігін, білімі мен таным-түсінігін, жұмысына деген жауапкершілігін қамтығаны жақсы ғой. Алайда, мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесі де қамтылса, нұр үстіне нұр болар еді.  Бұл орайда, жауапты органдардың басшыларының құлағына алтын сырға, мемлекеттік қызметке орналасу үшін тест тапсыруға келетін үміткерлердің сынақтарындағы мемлекеттік тілді білетіндігін анықтауға арналған тапсырмаларда сөздердің аудармаларын көрсету сияқты жеңіл сұрақтармен шектемей, нақты мемлекеттік тілде ойлантатын тапсырмалармен қамтығаны жөн болар еді. Сонда мемлекеттік қызметшілер арасындағы мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңейе түспейме.  
Ырысалды ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар