Экономиканы дамытудың басты міндеттері

Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық экономика министрі  Тимур Сүлейменов онлайн режимінде баспасөз мәслихатын өткізіп, елімізді технологиялық жаңғырту негізіндегі экономикалық өсімнің жаңа моделін құру жолында атқарылатын жұмыстарды баяндады.

Мемлекет басшысы ел халқына арнаған Жолдауында экономиканы дамыту үшін нақты міндеттер жүктеді. Осы орайда, бизнесті реттеудің, мемлекеттік- жекеменшік серіктестігін ұлғайтудың және салық саясатын жетілдірудің жүйелі шаралары жасалуда. Ұлттық экономика министрі өз сөзінде экономикалық өсімнің жаңа моделі экономика өсімінің орташа жылдық қарқынын 5-6 пайызға жеткізуге бағытталатынын, жылына қосымша 2-3 пайыз өсім қажеттігін айтты. Экономикалық өсімнің жаңа моделі жекеменшік инвестиция тартуға бағытталуы тиіс. Өсімнің жаңа моделінің шешуші драйверлері өнімділіктің өсімі мен экспортты қамтамасыз ететін экономика секторы болады.
–Экономикалық өсім үшін үлкен әлеует өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы секторларында бар. Бұл әлеуетті ашу үшін экономикамыздың базалық салаларында экстенсивтік және интенсивтік дамытуды жалғастыру қажет. Экстенсивтік даму үшін ірі кен орындарын игеру жұмысы ұсынылады және Қашаған жобасы жобалық қуатына жеткізіледі. Қарқынды интенсивтік өсім кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту және қайта құруды дамыту есебінен қамтамасыз етіледі.
Өсімнің жаңа моделінің шешуші бағытының бірі–экспорттық әлеует пен импортты ауыстыруды ұлғайту. Ұлттық экспорттық стратегия жасалып, жаңа экспорттық өнімді, экспорт көлемін ұлғайту үшін сыртқы рыноктардағы жаңа орындарды анықтайды. Стратегияда тауарлар экспорты мен тасымалдау  мүмкіндіктерінің біріктірілуін жоспарлаудамыз. Бірінші кезекте ЕуразЭС елдері, ҚХР, Орталық Азия мемлекеттері тәрізді дәстүрлі серіктестіктердің рыногындағы орнымыз нығаюда. Қазақстан тағам өнімдері, жеңіл өнеркәсіп, химиялық өнеркәсіп өнімдері, құрылыс материалдары, резина мен пластмасса өнімдері мен металлургия өндірісінде импорт алмастырудан үлкен әлеуетке ие. Экономика өсімінің үлкен әлеуеті тиімді жұмыспен қамту есебінен қамтамасыз етілуі мүмкін,– деді Тимур Сүлейменов. 2017-2021 жылдары тиімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында тиімді жұмыспен қамту және азаматтарды кәсіпкерлікке тартуға ықпал ету мақсатында елді мекендерде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірқатар шаралар қабылдау қарастырылған. Стратегиялық мақсаттың бірі–2050 жылы еліміздің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайыз қамтамасыз ету.
–Биылғы жылы тиімді жұмыспен қамту және жалпы кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Осының арқасында қала мен ауылда тұратын Қазақстан азаматтары өз бизнесі үшін 16 миллион теңге шағын несие ала алады. 2017 жылы кәсіпкерлік бастамаларды шағын
несиелеу қарастырылған. Қалаларда тұратын 2,5 мың адамға 10 миллиард теңге, ауыл мен шағын қалаларда тұратын 3 мың адамға 27 миллиард теңге несие бөлінеді. Бизнеске 6 пайызға дейін сыйақы үстемақысы бойынша 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін салалық шектеусіз жеңілдетілген шағын несие беріледі. Кепілдік мәселесін шешу мақсатында шағын несиелерді  кепілдендіру енгізіледі.
Бастаушы кәсіпкерлер үшін кепілдік мөлшері шағын несие көлемінің 85 пайызын, жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін 50 пайызын құрайды. Сондай-ақ, 1 шілдеге дейін әр әкім Үкіметпен бірге дүниежүзілік банкі рейтингісі негізінде өңірлерге бизнес енгізу үшін жағдайды жақсарту бойынша детальдық жос-парын бекітеді,– деді министр. Арнайы сыйлық бекітілуімен бизнесті енгізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалаларды рейтингтік бағалау енгізіледі. Үкімет өз кезегінде мемлекеттік қызмет көрсету үдерісін оңтайландырып, оны электрондық форматқа толық көшіруді қамтамасыз етеді. Мерзім мен құжаттар тізімі қысқартылады. Министр өз сөзінде бір-бірін қайталайтын үдерістер тоқтатылатынын, бизнес ауыртпашылығын азайту мақсатында дамыған елдердің стандарттары мен тәжірибесі негізінде кәсіпкерлікті одан әрі реттеу бойынша жүйелі шаралар жасалатынын айтты. Елбасының тапсырмасы бойынша бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтау үшін барлық заңнамаға тексеріс жүргізіледі. Бәсекелестікті дамыту және реттеу мен экономикаға мемлекеттің қатысуын қысқарту арқылы экономикадағы жекеменшік сектордың басымдық рөлін қамтамасыз ету үшін жағдай жасалады. Тимур Сүлейменовтің айтуынша, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін инфляция деңгейін тез арада 3-4 пайызға дейін азайту бойынша шаралар қабылдау қажет. Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында биылғы жылы инфляция деңгейі 6-8 пайыз болатыны анықталды. Инфляцияны азайту Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен күшімен жүргізіледі.
  –Биылғы жылы Үкімет пен облыс, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері басты назарды инфляция деңгейін 6-8 пайызда ұстауға, әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тағамдарының бағасын төмендетуге аударады. Сондай-ақ, 2017 жылдың қыркүйегінде барлық дәрі-дәрмек бағасын реттеу бойынша заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, Заң жобасы дайындалады. Ұлттық Банк банктік жүйені реттеу үшін базалық үстемақыны қояды.
Сондай-ақ, ақша рыногы мен еркіндікке жіберілетін нарықтық үстемақыға ықпал ету инфляция мен айырбастау бағамына қатысты тиімді реттеуге мүмкіндік береді. Қазақстанда жақын арадағы онжылдықта жаңа индустрия мен өсімнің жаңа моделін құру үшін елімізді жаңа технологиялық жүйеге көшіретін бірыңғай стратегия – «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» Қазақстан 2025 стратегиялық жоспары жасалады,– деген Ұлттық экономика министрі журналистер сауалына тұшымды жауап берді.

Рамазан Тілеуов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар