«Жақсы» жақсы ойын өрнегін көрсетті

«Триатлон» спорт кешенінде Көкшетау әуесқой футбол лигасының футзалдан бірінші чемпионатының жабылу салтанаты болып, жеңімпаз командалар мен үздік ойыншылар марапатталды.

 

Өткен жылдың қыркүйегінде құрылған Көкшетау әуесқой футбол лигасы «Қазақстан әуесқой футбол лигасы» қоғамдық бірлестігінің филиалы екенін айта кетелік. Өткен жылдың күзінен бастап мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік кәсіпорындарының «Жақсы», «Саумалкөл», «Ақжар», «Халық банкі», «Жедел жәрдем», «Карьер», «Астудио», «Строй Тау» мен «№1 қалалық емхана» командалары арасында футзалдан бірінші чемпионат өткізілді. Маусымның жабылу күні «Саумалкөл» командасын 5:6 есебімен жеңген «Жақсы» командасы Көкшетау әуесқой футбол лигасының кубогына ие болды. Чемпионат маусымының жабылу салтанатында «Ақмола облыстық федерациясы» заңды тұлғалар ұйымының басшысы Қанат Қожақов құттықтау сөз сөйлеп, өңірімізде футзалды дамытуды қолға алған Көкшетау әуесқой футбол лигасының басшысы Айбақыт Мырзатайұлы мен чемпионат демеушілеріне алғысын білдірді. Әуесқой командалардың деңгейін жоғары көтеруді тапсырды. Көкшетау әуесқой футбол лигасының жеңімпаз командасы Қазақстан чемпионатына жолдама алатынын айтты. Биылғы жылдың басында «Жақсы» мен «Строй Тау» командалары футзалдан Қазақстан чемпионатына қатысып, «Жақсы» командасы ширек финалға дейін жеткен екен.
 Көкшетау әуесқой футбол лигасының футзалдан бірінші чемпионатының қорытындысы бойынша бірінші орынды және  Қазақстан чемпионатының жолдамасын «Жақсы» командасы жеңіп алды. Екінші орыннан «Саумалкөл» командасы көрінсе, үшінші орынды «Астудио» командасы қанағат тұтты. Жеңімпаз команданың ойыншылары медальдармен марапатталды. Команда капитандарына грамоталар және кубоктар табыс етілді. Чемпионатқа қатысқан өзге командалар да марапатсыз қалмады. «Жақсы» командасынан Мейірман Үкібаев чемпионаттың үздік ойыншысы және осы командадан Мұхамедия Ахмадеев үздік қақпашы атанса, 48 доп соққан «Карьер» командасынан Жасұлан Ержанов үздік шабуылшы болып танылды. Бұл ойыншылар грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Рамазан Тілеуов.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар