Өз киноларымызға неге басымдық бермейміз?!.

Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақфильм» киностудиясына түріктердің «Сүлеймен сұлтан» кинотуындысы сияқты қазақ халқының тарихын тереңінен баян ететін киноэпопея түсіруді тапсырды.

Өкініштісі сол, біздің елде сүйсініп тамашалайтын телехикаялар саны саусақпен санарлық қана. «Көшпенділерден» аса мән шықпады. Оның үстіне басты рөлдерді шетелдің актерлері сомдап, намысымызды келтіргені-ай. Ал, енді «Жаужүрек мың бала» фильмі туралы сөз басқа. Ол сөз жоқ, көңілден шыққан  туындылар санатына жатады.
Қазақстанның кино өндірісіне назар аударатын болсақ, ең алғаш «Тоғысқан тағдырлар» («Перекресток») телехикаясы түсірілген еді. Қазір оның жалғасы «Астанадағы жол қиылысы» болып өзгертіліп, көрерменге жол тартты. Кейін «Шегіртке» («Саранча»), «Ағайындылар», «Әке серті», «Парыз», «Елім-ай», «Көк тарландары», «Ғашық жүрек», «Тағдыр» туындыларымен қауыша алдық.
Қазіргі кезде де телеарналарды кәріс, үнді, орыс кинолары жаулап алуда. Түріктің ең ұзақ туындысы «Денизді», кәрістің  «Ыстық ұясын» қазақтан көп тамашалаған ел жоқ шығар. Осындайда «елімізде сапалы телехикаялар неге түсірілмейді?», «қашанға дейін шетел сериалдарына табына  бермекпіз?» деген сауалдардың көкейге оралатыны сөзсіз.
Бұрынғы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бір сөзінде еліміздің телеарналары шетелдің өнімдерін сатып алуды тоқтатып, қаражатты өз туындыларымызды түсіруге жұмсауы қажеттігін айтқан еді. Мысалы, «Сүлеймен сұлтан» телехикаясының бір сериясының өзі 5000 еуроға түседі екен. Бұл біздіңше үлкен қаражат. Ара-тұра «Бауыржан Момышұлы», «Күләш», «Қасым» телехикаялары түсіріліп, экранға  шығып жатыр. Тіпті, «Қасым» телехикаясын Франция, Швейцария, Люксембург, Бельгия сияқты мемлекеттер де өздеріне көрсетуге қалап алыпты. Демек, жақсы фильм болғаны ғой.
«Қазақфильм» киностудия-сының басшысы Ермек Аманшаев әрқайсысы 20 бөлімнен тұратын үш маусымдық телехикаяны түсіруді жоспарлап отырғандарын айтады. Телехикая сақ заманынан осы кезге дейінгі уақыт аралығын қамтымақ. Тек осы істің сәтін салсын деп тілейік!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар